16 Наурыз, 2013

Әлем экономикасы әлі тығырықта

884 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әлем экономикасы әлі тығырықта

Сенбі, 16 наурыз 2013 1:41

Бес жыл бойы төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған әлемдік экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Дүние жүзінің білгір де білікті экономистері онымен күрестің тиімді жолын таба алмай титықтап бітті. Сарапшылардың пікірінше, нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық дағдарыс биыл да ушыға түсетін сыңайлы.

 

Сенбі, 16 наурыз 2013 1:41

Бес жыл бойы төрткүл дүниені қаржы-экономикалық тығырық құрсауына алған әлемдік экономикалық дағдарыстың беті қайтар емес. Дүние жүзінің білгір де білікті экономистері онымен күрестің тиімді жолын таба алмай титықтап бітті. Сарапшылардың пікірінше, нақты дауасы табылмай тұрған жаһандық дағдарыс биыл да ушыға түсетін сыңайлы.

Жылдар бойы сарапшылардың жа­лықпас жарапазанына айналған дағдарыс жұртты да жалықтырып бітті. Жыл басында әлем жұртшылығы президент Барак Обаманың АҚШ мемлекеттік қарыздарын қысқарту жөнінде Конгреске бағыттаған бастамаларынан біршама үміт күткен еді. Алайда үміт ақталмады. Президент ұсыныстарын Конгресс қабылдамады. АҚШ-тың 16,5 трлн. доллардың үстіне шыққан қарызын қысқарту үшін «ши басын сындыратын» шара қабылданбады.

Ғалымдардың айтуынша, қазіргі дағдарыс салдарынан жаһандық эконо­миканың қозғаушы күші болып табылатын АҚШ пен Еуропалық одақ мемле­кеттерінің мүмкіндіктері сарқылып, зіл батпан жүк артылған үлкен құрамды орнына қозғалта алмайтын қауқарсыз локомотивке ұқсап қалған. Салыстырмалы түрде соңғы жылдары экономикалық дамудың алдыңғы қатарына шыққан Қытай, Үндістан, Бразилия және Ресейдің әлемдік экономиканың дамуына жаңа қарқын беруге шамалары жетпейді. Сөй­тіп, дәл қазір жаһандық экономика тарта жөнелетін күш көлігі жоқ ырдуан арбадай изеңдеп, бір орында сықырлап тұр. Сарапшылардың бір сарасы мұхиттың арғы жағынан бастау алған бұл дағдарысты өткен ғасырдың сонау 30-шы жылдарындағы «ұлы күйзеліспен» салыстырса, енді бір тобы қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыстың сипаты жағынан да, созылмалы тереңдігі жағынан да тарихта бұрын-соңды болып көрмегенін алға тартады. «Ұлы күйзеліс» белгілі бір аймақта басталып, сол аймақтың ғана экономикасын қатты күйзеліске ұшыратты. Мәселен, экономикалық құлдырау АҚШ-та бірнеше жылға созылып, елді туралау шегіне дейін жеткізді. Елдегі өмір сүру көрсеткіштері 30 пайызға дейін төмендеді. АҚШ экономикасының қазіргі жағдайы да оңып тұрған жоқ. Roubini Global Economics-тің жетекшісі Нуриэль Рубинидің айтуынша, АҚШ-тың келісілмеген фискальдық саясаты елдегі ІЖӨ-нің өсімін 1,5 пайызға дейін тежейтін көрінеді. Мұндай жағдайда бөлшек сауда мәселесі апатқа ұшырап, инвесторлар 2013 жылдың аяғындағы есеңгіреу ахуалына дайын болу керек. Нуриэль Рубини мемлекеттік шығындарды қысқарту шараларынан шыға алмай қалған Еуропада жағдай мүлде қиын болатындығын алға тартады. Ол кәрі құрлықты шайқалтатын келесі «цунами» Италиядан бастау алатындығын айтады.

Barclays Capital банкінің бас экономисі Дин Маки биыл бірінші жартыжылдықта АҚШ ІЖӨ-сінің өсімі 1,5 пайыз болатын­дығын болжайды. Оның пікірінше, экономикада біршама даму байқалады, соның нәтижесінде жыл аяғында ІЖӨ-нің өсімі 2 пайызды құрайды. Осыған байланысты Маки ІҮ тоқсанның қорытындысында АҚШ-тағы жұмыссыздық бұрын болжа­лынған 7,3 пайыздан 7,1 пайызға дейін азаяды дейді. Осының қарсаңында елдегі жұмыссыздық деңгейінің 7,9 пайыздан 7,7 пайызға дейін төмендегені белгілі болды. Қаңтар айындағы бұл көрсеткіш 2008 жылғы желтоқсан айынан бергі ең төменгі көрсеткіш болып саналады.

Испандықтар қатал үнем шараларына қарсы

Испанияның алпыс қаласында қатаң үнемдеу шараларына қарсылық ереуілдері белең алған. Ондаған мың испандықтар көшеге шығып, үкіметтің экономикалық саясатына қарсы ашық наразылықтарын білдіруде. Олар үкіметтің тиімсіз іс-қимылдары мен билік органдарында белең алған жемқорлықтың салдарынан елде жұмыссыздық деңгейінің шарықтап өсіп отырғандығын ашық мәлімдеуде.

Қарапайым халық елдің премьер-министрі Мариано Рахой мен король Хуан Карлостың күйеу баласы Инаки Урдангариннің жемқорлығына ызалы. Бүгінде бұл екеуі миллиондаған доллар қаржы қымқырды деген күдікпен жа­уапқа тартылған. Жемқорларға қарсы ұйымдастырылған ереуіл акцияларына өнеркәсіп кәсіподақтары және полиция кәсіподақтарын қосқанда – барлығы 150 ұйым қатысуда.

Қарсылық акцияларында саяси талаптармен бірге бірінші кезекте экономикалық талаптар қойылуда. Оған Италияда болған соңғы жаңалық ерекше қозғау салды. Кәсіподақ жетекшісі Игнасио Фернандес Торо митингіге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Еуроодақ билігі талап етіп отырған қатаң үнемдеу шаралары Испания үшін «өзін-өзі тұншықтыру» әрекетімен бірдей деп атап көрсетті.

Испаниядағы саяси ахуалдың күрт ушы­ғуы биылғы жылдың ақпан айында басталды. Оған жергілікті БАҚ өкілдерінің Мариано Рахой жемқорлығын сынауы себеп болды. EL PAIS газетінің ақпараты бойынша Испанияның Халық партиясы ұзақ жылдар бойы жекеменшік, негізінен девелоперлық компаниялардан пара алып келген. Бұл дерек көзі бойынша, 1997 жылдан бастап Рахойға жыл сайын 25 мың еуро пара төленіп келген. Осыдан кейін испандықтардың үкіметке деген сенімі күрт төмендеді. Рахой болса, барлық кінәні жоққа шығаруда. Бірақ ол партияның бұрынғы казначейі жарыққа шығарған бұл құжаттарды теріс дей алмайды.

Италия рейтингі құлдырауда

Халықаралық Fitch рейтингтік агенттігі Италияның рейтингін «ВВВ+»-ға дейін төмендетті. Бұл ретте рейтингті төмендету шетел және ұлттық валютада бірдей орын алды. Fitch-тің мәлімдеуінше, Италия 2013 жылдың екінші жартыжылдығында ғана рецессиядан шыға бастайды. Бұдан бұрын Италияның рейтингі «А-» деңгейінде болған. Рейтингтің мұншалықты төмендеуі елдегі сайлау қорытындыларының салдарынан болып отыр. Қазір Fitch агенттігі Италияға беріп отырған рейтинг дәрежесі ең төменгі құлдырау нүктесінен үш баспалдақ, ал Испания рейтингінен бір баспалдақ қана жоғары болып отыр.

Рейтинг агенттігінің сарапшыларының пікірінше, Италия экономикасы үстіміздегі жылы 1,8 пайызға дейін құлдырайды. Мемлекеттік қарыз деңгейі ІЖӨ-нің 130 пайызына дейін жетеді. Өткен жылы Италия ІЖӨ-сі 2,4 пайыз азайған болатын. Елдің қаржы министрі Витторио Грилидің айтуынша, рейтингтің мұншалықты төмендеуі елдегі экономикалық және саяси тұрақсыздыққа негізделген.

2012 жылдың ІV тоқсанында италиялық экономика алдыңғы үш айдың көрсеткішімен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеген. Оның алдындағы тоқсанда бұл елдің ІЖӨ-сі 0,2 пайыз азайған болатын. Сарапшылар экономиканың жылдық төмендеуі 2,7 пайызды құрайды деп болжаған. 2012 жылдың қорытындысындағы ахуал бұл болжамды растады. Италияның ІV тоқсандағы ІЖӨ көлемі 344,151 млрд. еуроны құрады. Fitch агенттігінің болжамы бойынша Италия бұл терең дағдарыстан 2013 жылдың екінші жартыжылдығында ғана есін жинай бас­тайды.

Португалия қиындық құрсауында

Өткен жылдың соңғы тоқсанында Португалия экономикасы тағы да кері кетті. Басқаша айтқанда, елдің ІЖӨ-сі соңғы тоғыз тоқсан бойы құлдырап келеді. Бұл құлдыраудың себебі тұтыну сұранымының төмендеуі мен экспорт жағдайының әлсіреуіне байланысты болып отыр. ІЖӨ-нің жылдық және тоқсандық төмендеуі 2009 жылдың І тоқсанындағы ең төменгі құлдырау шегіне тең болып отыр. Ұлттық статистика институтының дерегі бойынша, ІЖӨ-нің тоқсандық төмендеу деңгейі 1,8 пайызды құраған көрінеді.

Жылдық есеп бойынша ІV тоқсанда ел экономикасының деңгейі 3,8 пайыз төмендеген. Премьер-министр Педро Пассос Коэльо елдегі жұмыссыздықтың өсуімен барынша күресіп келеді. Сонымен бірге, ол еуропалық сауда серіктестері тарапынан елге деген сенімді қалпына келтіруге де күш салуда. Еуроодақ пен ХВҚ тарапынан 78 млрд. еуро көлеміндегі көмекті алуға қол жеткізу үшін олардың талаптарын орындауға да барын салуда. Солай бола тұрса да, ел экономикасының жағдайы түзелер емес. Статистика деректері бойынша, өткен жылдың ІІІ тоқсанында экспорт көлемі ІІ тоқсан көрсеткішімен салыстырғанда 2,1 пайызға құлдырап кеткен. Импорт көлемі осы мерзімде 1,4 пайызға азайса, үй шаруашылығының шығындары 2,3 пайызға төмендеген.

Грекия экономикасы 5,7 пайызға құлдырады

Грекияның ІЖӨ-сі жылдық есеп бойынша 2012 жылдың ІV тоқсанында 5,7 пайызға төмендеген. Бұл туралы жақында Elstat статистикалық қызметі мәлім етті. Ал өткен жылдың ІІІ тоқсанында бұл елдің экономикасы 6,7 пайызға құлаған болатын. Жалпы алғанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша Грекияның экономикасы 6,4 пайызға қысқарған. 2011 жылы бұл көрсеткіш 7,1 пайызға тең болатын.

Бұдан бұрын Грекия банкі 2012 жылдың маусым айында өткен парламенттік қайта сайлаудан кейін экономика ахуалы жақсарады деген болжам жасаған болатын. Олардың мәлімдеуінше, 2013 жылы Грекия ІЖӨ-сі тағы да 4,5 пайызға төмендейді, жұмыссыздық ұлғаяды. Алайда, келесі жылдан бастап экономиканың қалпына келу үрдісі басталады. Еурокомиссия болжамы бойынша, Грекияның ІЖӨ-сі 2013 жылы 4,4 пайызға төмендемек. Сондай-ақ, Еурокомиссия Грекиядағы жұмыссыздық деңгейі қазіргі 24,7 пайыздан Еуроодақтағы ең рекордтық көрсеткіш – 27 пайызға дейін өседі. Қарыз деңгейінің өсуі өткен жылы ІЖӨ-нің 161,6 пайызына тең болса, биылғы жылдың қорытындысында ІЖӨ-нің 170,6 пайызын құрамақ. Екінші жағынан алғанда, еурокомиссияның пікірі бойынша, Грекия бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 2012 жылы  6,6 пайызынан 2013 жылы 4,6 пайызына дейін, 2014 жылы 3,5 пайызына дейін қысқартуы мүмкін.

Қытай экономикасының қазіргі тынысы

Әлемдегі сланц газының ең мол қоры бола тұра, Қытай сланц газын кең көлемде игеру жұмысына дайын болмай шықты. Оған негізінен сланц газын игерудің геологиялық күрделі жағдайы, бұрғылау бағасының қымбаттығы және көптеген компаниялардың бұл салада тәжірибесінің жоқтығы себеп болып отыр. Осыған байланысты Пекин күннен-күнге өсіп отырған газға деген сұранысты әзірге сырттан келетін газ көлемімен қанағаттандыруға мәжбүр.

Bloomberg сарапшыларының пікірінше, Қытай белгіленген 80 млрд. текше метр газдың орнына 2020 жылы тек 18 млрд. текше метр газ өндіруге қол жеткізеді. Breitling OilandGas компаниясының басшысы Крис Фолкнер «Үкімет белгілеген мақсатты жос­парларды орындау мүмкін емес, тек мемлекет тарапынан бұл салаға үлкен көлемдегі инвестиция салып, энергия көздері бағасына деген мемлекеттік бақылауды жойған кезде ғана бұл жоспарды орындау мүмкін», деп атап көрсетеді.

Қазір ҚХР сланц газының қоры бойынша әлемде алдыңғы орынды иеленеді. АҚШ-тың энергетикалық ақпарат қызметінің деректері бойынша Қытайда 36,1 трлн. текше метр газ қоры болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 24,2 трлн. текше метрге тең. Мамандардың айтуынша, ҚХР-ға бұл саланы барынша дамытуға бұрғылау жұмыстарын жүргізудің күрделі геологиялық қиындықтары кедергі болып отыр. Қытайдағы кен орындарын­да газ қоры АҚШ-тағы жағдаймен са­лыстырғанда өте тереңде орналасқан. Sinopec директорлар кеңесінің төрағасы Фу Ченюяның айтуынша, қытайлық компаниялар газға жету үшін 4-6 шақырым тереңдікке дейін бұрғылау жүргізетін болса, америкалықтар 3 шақырым тереңдіктегі нәтижеге қол жеткізеді. Кен орындарының осындай геологиялық ерекшеліктері қытайлықтарды бұрғылау жұмыстары кезінде жер қабаттарына АҚШ-пен салыстырғанда 30 пайыз көп су құюға мәжбүр етеді. ҚХР-дың көптеген аймақтарында су қоры тапшы екені белгілі. Сондықтан су тасымалдау қосымша шығын әкеледі. Сөйтіп, ҚХР-да сланц газын игеру үшін бір бұрғылау ұңғымасын орнату 5-12 млн. доллар тұратын болса, АҚШ-та ол 2,7-3,7 млн. доллар мөлшерінде болып отыр.

Қытайда болат қорыту саласы жоғары деңгейде дамып отыр. Алайда, соңғы жылдары Қытай рыногында бұл саланың өнімдері шектен тыс артып кеткен. Қазір елдегі рынокта сұраныстың азаюына байланысты көптеген болат қорыту зауыттарының жабылу қаупі туындап тұр. «Қытай рыногы өнімдерге толып тұр, оны үкімет те, біз де білеміз. Бұл проблеманы шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – ең мықтыларға ғана жол ашылады», дейді болат қорыту компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Уцзун. Ресми деректер бойынша, Қытайдың болат қорыту саласының әлеуеті жылына 900 млн. тоннаны құрайды. 2012 жылы елде 716 млн. тонна болат өндірілген. ҚХР-дағы болат қорыту компанияларының жалпы табысы өткен жылы 98 пайызға төмендеген. Соның салдарынан бірқатар өндіріс орындары шығынға батқан. Осыған байланысты Қытай үкіметі 2015 жылға таман елдегі ең ірі он өндіріс орнында болат өндіру қуатының 60 пайыз деңгейін ғана пайдаланбақ.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».