Шарайна
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 0:42
Ел конституциясының өзгертілуіне қарсы
Өткен жексенбі күні Будапеште мыңдаған адам Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбанға қарсылық білдірген шеру өтті. Ел астанасының орталығында өткен шеру қалың қар түсуіне байланысты кейінге шегерілген болатын.
Сейсенбі, 19 наурыз 2013 0:42
Ел конституциясының өзгертілуіне қарсы
Өткен жексенбі күні Будапеште мыңдаған адам Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбанға қарсылық білдірген шеру өтті. Ел астанасының орталығында өткен шеру қалың қар түсуіне байланысты кейінге шегерілген болатын.
«Рейтер» агенттігінің жазуына қарағанда, 2010 жылы премьер-министр қызметіне екінші мәрте отырған Виктор Орбан елдің негізгі заңы – конституцияны өзгертуге бастамашы болған. Соңғы жылдары парламент конституцияға төртінші рет өзгерістер енгізіп отыр. Бұл венгерлік оппозиция тарапынан сынға ұшырап келеді. Сондай-ақ, бұған Еуропалық одақ пен АҚШ-та қарсылық білдіруде. Олар демократияны тұншықтырады деген пікір айтады.
Қосымша салық қауіпті деп мәлімдеді
Ресей президенті Владимир Путин Кипр банктеріндегі салымдарға қосымша салық енгізу дұрыс емес және ол қауіпті деп мәлімдеді. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президент мұны кәсібилікпен шығарылған емес деп айтқан.
Осының алдында Ресейдің қаржы вице-министрі Сергей Шаталов салымшылардың банктердегі ақшаларына қосымша салық енгізу қажеттілік деп мәлімдеген болатын. Өткен жексенбіде Кипр үкіметі Еуропалық одақтың талап етуімен елдің банктеріндегі барлық депозиттерге салық енгізген еді. Соған байланысты банктерде 100 мың еуроға дейінгі салымы бар салымшылар оның 6,75 пайызын, ал одан көп қаржысы барлар 9,9 пайыз салық төлеуге тиіс.
40 миллиард доллар талап етуде
Майкл Джексонның отбасы және мұрагерлері әншінің қайтыс болуына байланысты өтпей қалған концерті үшін промоутерлерден 40 миллиард доллар талап етуде. Агенттіктердің ақпараттары бойынша, концерттің өтпей қалуына әншінің жеке дәрігері Конрад Мюррей кінәлі көрінеді.
Бұрынырақта сот әншінің өліміне К.Мюррейдің салғырттығы себеп болған деген айып тағып, мұрагерлері концертті ұйымдастырушылардан 10 миллиард доллар талап еткен еді. Енді олар, егер концерт уақытында өткенде, одан әнші 30 миллиард доллар табыс табар еді деп отыр. Сот 2013 жылдың 2 сәуіріне белгіленген. Ал Майкл Джексон 2009 жылдың маусымында қайтыс болған.
Үш полицей қаза тапты
Өзбекстандық шекарашылар Ауғанстанның солтүстігіндегі Балах провинциясында ауғандық үш полицейді атып тастады. Ауғанстан генералы Мохаммад Мамозаяның хабарлауынша, оқиға 17 наурызда түнде болған.
Ауғандық жеті полицей Ауғанстанға қарайтын Әмудария өзенінің орманды алқабын аралап кетіп бара жатқанда, оларға белгісіз себептерден Өзбекстан шекарашылары оқ атқан көрінеді. Соның салдарынан үш шекарашы қаза тапқан. Осы өзен бойымен өтетін Ауғанстан – Өзбекстан шекарасы 137 шақырымды құрайды. Жыл басынан бері ауғандықтар 22 рет шекараны бұзған екен, 106 адам ұсталған.
Украиналық журналист еліне оралды
Сирия көтерілісшілерінің тұтқынынан қашып шыққан журналист Анхар Кочнева отанына аман-есен жетті. Бұл жөнінде Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оның денсаулығы қанағаттанарлық, қазіргі кезде ол Киев қаласында орналасты. Кочневаны 2012 жылдың қазанында ұрлап кеткен еді. Оның айтуынша, көтерілісшілер оған жөнді қарамаған. Өздері де нашар тұрады. Тұтқында ол 153 күн болған. Алғашында көтерілісшілер оны босатуға 50 миллион доллар ақша сұрапты. Амалын тауып қашып шыққан Кочнева 15 шақырымға жуық жол жүрген.
Үш футболшыдан хабар жоқ
Қырымда Кот-д Ивуар елінің үш футболшысы жоғалды. «Журналистік зерттеу орталығы» сайтының хабарына қарағанда, олар 14 наурызда Евпаториядағы қонақ үйден шығып кеткен. Күні бүгінге дейін ешқандай дерек жоқ.
Евпатория қалалық милиция бөлімінің қызметкері Юрий Раслиннің айтуынша, олардың бірге келген командаластары қаладағы оқу-жаттығу орнында жаттығу үстінде. Үш футболшының жоғалғандығы жөнінде команда жетекшісіне хабарланды. Жаттықтырушының айтуынша, олардың үшеуінде де ақша болған, ұялы телефондары бар. Француз тілдерін біледі.
Қысқа қайырып айтқанда:
Канаданың Сен-Жеро түрмесінен тікұшақпен қашып кеткен екі тұтқын да ұсталды.
Кеше Пәкстанның солтүстігіндегі Пешавр қаласының соты ғимаратына содырлар шабуыл жасады. Шабуыл кезінде 3 адам қаза тауып, 27 адам жараланды.
АҚШ-тың Индиана штатындағы тұрғын үйге шағын ұшақ құлап, екі адам опат болды.
Грекияның орталығындағы Маландарино қаласындағы түрмеде кепілге алынған бес қызметкер де босатылды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.