Президент • 13 Маусым, 2019

Уақыт талабындағы тағдыршешті сәт

421 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәрсенбінің сәті. Екі-үш күн қатарынан тұнжырап тұрған елорда көгі шайдай ашылып, шуақты күн жарқырап кетті. Тәуелсіздік сарайын лық толтырған жандар мен теледидар алдында отырған тікелей эфирді тосқан отандастарымыз ел тарихындағы ерекше саяси оқиғаны асыға күтті. Олар – еліміздің тарихындағы екінші Президенттің ант беру рәсімінің куәгерлері еді.

Уақыт талабындағы тағдыршешті сәт

Биылғы наурыз айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, еліміздің егемендігін қолымызға ұстатқан, әлемнің саяси картасында пайда болған жас мемлекетті жер-жаһанға танытқан, ішкі-сыртқы саясатта асқан көрегендікпен жол таба білген, тек Отанымызда ғана емес, аймақтық, халықаралық деңгей­де тату­лық пен бейбітшіліктің, тұрақты­лық­тың жаршысына айналған, әлемнің ядролық қарусыздануына сүбелі үлес қосқан, аз­ған­тай уақыттың ішінде Қазақстанды да­мы­­ған 50 мемлекеттің қатарына қос­қан Нұр­сұл­тан Назарбаев өз еркімен пре­зи­дент­тік өкілеттілігін тоқтатып, ел тари­хы­ның жаңа кезеңін бастап берген болатын.

Елбасы өзінің отыз жылға жуық уақыт­тағы сарабдал саясатын жал­ғас­тырушы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа таңдау жасап, халықаралық деңгейдегі дип­ломат, әлем көшбасшыларының арасында зор беделге ие, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқар­ған, сыни сәттерде ел Үкіметін бас­қарып, халқымыздың сенімінен шық­қан тұлғаға мемлекеттің билігін тап­сырды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл таң­дауын қазақстандықтар толық қол­дады. Бұл сенім 9 маусым күні өткен сай­лауда нақты цифрлармен, халықтың ықы­ласымен, дауыс берушілердің бел­сен­­ді­лігімен нақты дәлелденді. Nur Otan пар­­тия­сының атынан додаға түскен Қ.Тоқаев 9 маусым күні Қазақстан Прези­денті­нің кезектен тыс сайлауында сайлау­шы­­лардың 70,96 пайызының немесе 6539715 адамның дауысын алып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Әрине, отандастарымыз Президент сай­лауына алғаш рет Елбасының қатыс­пауына тосырқай қарап, дүдәмал ой кеш­кені де рас. Алайда Нұрсұлтан Назар­баев­тың сенімі мен қолдауына ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қазақстан­дық­тар жатсынған жоқ және Тұңғыш Президенттің таңдауына шүбәсіз сенді. Ал кешелі-берлі Қазақстанның сайлан­ған Пре­зидентіне өзге мемлекеттердің, ха­лық­­аралық ұйымдардың басшылары атынан толассыз келіп жатқан құттық­тау­ларды әлемдік қоғамдастықтың да елі­міз­­дегі саяси, тарихи өзгерістерге қолдау көр­сетуінің белгісі ретінде қарауға болады.

Сонымен, кеше Нұр-Сұлтан уақыты­мен сағат 10.30-да Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына алдымен Қазақстан­ның Мемлекеттік Туы, Қазақстан Прези­денті­­нің Штандарты мен Ата Заңымыз – Конс­титуция әкелінді.

Мұнан соң салтанатты шараға жинал­ған 3 мыңға жуық адам Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты асқан қошеметпен қарсы алды. Әрине, толассыз қошемет осы жылдар ішінде Елбасының сенімін ақтап, елдегі реформаларды, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға үлес қосқан серіктестерінің риясыз ықыласы еді.

Елбасы төрдегі орынға жайғасқан соң Қазақстанның жаңадан сайлан­ған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді. Бұл тарихи сәт Елбасы сөзін жазған «Елім менің» әнімен өрнектелді.

Мұнан соң мінберге Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми көтерілді.

– Құрметті ұлықтау рәсіміне қатысу­шылар. Бүгін еліміздің тарихында тағы да бір ерекше күн. Бүкілхалықтық сай­лау­дың нәтижесінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Респуб­ликасының Президенті болып сай­ланды. Мен Конституциялық Кеңес­тің Төр­ағасы ретінде Қазақстан Республи­касы Конс­титуциясының 42-бабына сәйкес жаңа сайланған Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап кірі­сетінін хабарлаймын, – деді Қ.Мәми.

Бұл хабарлаудан соң Қасым-Жомарт Тоқаев оң қолын Конституцияға қойып: «Қазақ­стан халқына адал қызмет ету­ге, Қазақстан Республикасының Кон­с­ти­туциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарына кепілдік беруге, Қазақ­стан Республикасы Президентінің өзіме жүкт­елген мәртебелі міндетін адал ат­қару­ға салтанатты түрде ант етемін» деп, мемлекеттік тілде ант қабылдады.

Содан кейін Қазақстан Президенті лауазымына ресми кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Мемлекеттік Туын сүйді. Сол сәтте жаңа сайланған Қазақ­стан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік Әнұран ойна­лып, залға жиналған отандастарымыз оң қолдарын жүрек тұсына қойып, гимн­ді қосыла шырқап тұрған уақытта елор­да көгін зеңбіректерден 21 рет атыл­ған оқ жаңғыртып тұрды. Ақорда резиден­ция­сының үстінде Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік Туы көтерілді. 

Ортаға шыққан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев өзіне жүктелген тағы бір салтанатты рәсімді орындау үшін сөз алды.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 2019 жылғы 9 маусымда өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша мемлекетіміздің тиісті заңдарына сәйкес Сізге Президент куәлігін тапсыруға рұқсат етіңіз, – деген Б.Имашев мемлекеттік миссиясын орындады.

Ресми рәсімдерден соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қы­на жүрекжарды сөзін арнады.

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұлықтау рәсіміндегі сөйлеген сөзі газетімізде жеке жарияланып отыр).

Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бөлек, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңес­тің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, Nur Otan партиясының басшылығы, Рес­публикалық және аймақтық қоғам­дық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйым­дардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйым­дарының көшбасшылары қатысты.

Соңында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуел­сіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермек­баевтан рапорт қабыл­дады. Мемлекет басшысының алдынан Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері салтанатты сап түзеп өтті.

Сонымен, еліміз жаңа тарихи сәтке қадам басты. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, сот-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау бағыттарын орындауға бел шеше кіріседі.


Серік ӘБДІБЕК,

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»