Шарайна
Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:47
Өзін өзі президент деп жариялады
Орталық Африка Республикасында мемлекеттік төңкеріс болып, нәтижесінде «Селека» көтерілісшілер тобының жетекшісі Мишель Джотодия өзін елдің жаңа президенті деп жариялады. Сондай-ақ ол өз өкімімен ел конституциясының қызметін тоқтатты және парламент пен үкіметті таратты.
Сәрсенбі, 27 наурыз 2013 1:47
Өзін өзі президент деп жариялады
Орталық Африка Республикасында мемлекеттік төңкеріс болып, нәтижесінде «Селека» көтерілісшілер тобының жетекшісі Мишель Джотодия өзін елдің жаңа президенті деп жариялады. Сондай-ақ ол өз өкімімен ел конституциясының қызметін тоқтатты және парламент пен үкіметті таратты.
«Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, М.Джотодия Орталық Африка Республикасы жақын уақытта өтпелі кезең күтіп тұрғанын мәлімдеген. Өзін өзі президент деп жариялаған ол осы өтпелі кезеңде елге өзінің жарлықтары арқылы жетекшілік етпек. Жаңа президент қызметін тоқтатқан ел конституциясы 2004 жылдың қарашасында қабылданған екен. Ал бұрынғы президент Франсуа Бозизе Конго Демократиялық Республикасына қашып кетіпті. Бұл елде билікті күшпен басып алу және азаматтық соғыс жиі болып тұрады.
Солтүстік Корея АҚШ-қа «соққы» бермек
Солтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары Кореяның АҚШ-қа «соққы» беру мүмкіндігіне дайындалып жатқандығы туралы хабарлаған.
«Франс-пресс» агенттігінің мемлекеттік басылымдарға сүйене отырып таратқан ақпараттары бойынша, «соққы» Құрама Штаттардың құрлықтық аумақтарына, сондай-ақ Гавайя және Гуам аралдарына жасалатын көрінеді. Осыған байланысты кеше КХДР билігі елдің қарулы күштерін толық әскери дайындыққа келтіруге қатысты жинаған. Оның ішінде артиллериялық әскери бөлімдер, стратегиялық мақсаттағы әскери құрамалардың дайындығы бар. Бұдан біраз уақыт бұрын Солтүстік Корея билігі интернетке Оңтүстік Кореямен соғыс туралы насихаттық роликті жариялаған болатын.
Каддафидің отбасы енді Оманда тұрады
Оман үкіметі Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің отбасына саяси баспана берді. Жергілікті басшылардың жазуынша, олар – Каддафидің жесірі Сафии, қызы Айше, екі ұлы Ганнибал мен Мұхаммад.
Бұлар дипломатиялық паспорттар алған, сондай-ақ олардың барлық қажеттіліктері мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Каддафидің отбасы 2012 жылдың қазанында Алжирден Оманға келген екен. Билік мұны құпия жағдайда ұстап, жария етпепті. Енді олар саясатпен айналыспайды, журналистермен кездеспейді. Баспана беруде осы жағы басшылыққа алынған.
Қауіпті вирусы бар ампула жоғалды
Техас штатының Галвестон қаласындағы ғылыми-зерттеу зертханасының басшылары аса қауіпті Гуанарито вирусының ампуласы жоғалғандығын
хабарлады.
CBC NEWS-тің таратқан ақпараттарына қарағанда, қолды болған ампула құлыпталған тоңазыту камерасында сақтаулы тұрған. Оның ұрланғаны туралы жоспарлы түгендеу барысында белгілі болған көрінеді. Жоғалғаны жөнінде бірден тиісті мекемелерге хабарланған. Бөлмедегі қауіпсіздік жүйелері қандай да бір бұзушылықты тіркемеген, бөлмеге бөтен адамдар да кірмепті. Зертхана басшылығы ампула бөлмені тазалау кезінде кездейсоқ жағдайда сынып, ол қоқыстармен бірге тасталынуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Мамандар ампуладағы вирус биологиялық қару ретінде пайдаланылуы мүмкін дегенді айтады.
Сириядан алып кетуге мәжбүр болды
БҰҰ өз қызметкерлерінің бір бөлігін Сириядан әкету жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Ұйым өкілі Мартин Несирки хабарлады.
Оның айтуынша, азаматтық соғыс жүріп жатқан бұл елден БҰҰ қызметкерлерінің жартысы, яғни жүз шетелдік қызметкердің елуі шығарылады. Ұйым мұндай шешімге 24-25 наурызда Дамаскіде Ұйым қызметкерлері орналасқан қонақ үйге жақын маңда бірнеше мина жарылғаннан кейін келіп отыр. Соның салдарынан БҰҰ-ға қарасты ғимарат пен автомашиналар зақымданған. Оның үстіне Дамаскіні атқылау үдеп барады.
Михалков төрағалыққа қайта сайланды
Ресей кинематографистер одағының ІХ съезінде басым дауыспен басқарма төрағалығына Никита Михалков қайта сайланды. Ресей кинематографистер одағының ІХ съезі 21 наурыз күні өткен болатын. Оған 499 делегат қатысты.
Съезд шеңберінде Ресей кинематографистер одағы басқарма төрағасын қайта сайлау туралы мәселе де қаралған еді. Ал төрағалыққа кинематография саласының белгілі өкілдері үміткерлік танытты. Олардың арасында кинорежиссер, РФ халық әртісі Вадим Абдрашитов, театр және кино актері, режиссер және кинодраматург Владимир Грамматиков болды. Бірақ, жоғарыда айтылғанындай, басым дауыспен 4 жылға Никита Михалков қайта сайланды.
Қысқа қайырып айтқанда:
Египеттің бас прокуратурасы бес саяси оппозиция белсенділерін тұтқындауға ордер берді. Оларды әлеуметтік жүйелер арқылы алауыздық тудырды деп айыптайды.
Нью-Джерси штатының 44 жастағы тұрғыны Педро Кедаса лотереядан 338 миллион доллар ұтып алды.
FITCH агенттігі Кипрдің екі ірі банкінің рейтингін дефолттық деңгейге дейін төмендетті.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.