Шарайна
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:29
Француздар екі үндіні атып өлтірді
Француздық әскери қызметшілер жақында билікке көтерілісшілер тобы келген Орталық Африка Республикасында Үндістанның екі азаматын атып өлтірді. Бұлардан басқа алты адам жараланған. Олардың арасында Чад республикасының, Камерунның азаматтары да бар делініп отыр.
Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:29
Француздар екі үндіні атып өлтірді
Француздық әскери қызметшілер жақында билікке көтерілісшілер тобы келген Орталық Африка Республикасында Үндістанның екі азаматын атып өлтірді. Бұлардан басқа алты адам жараланған. Олардың арасында Чад республикасының, Камерунның азаматтары да бар делініп отыр.
Француз жағы қару кездейсоқ қолданылған дегенді көлденең тартады. Франция президенті Франсуа Олланд Үндістан премьер-министрі Манмохан Сингхке орын алған өкінішті оқиғаға орай кешірім сұраған хат жолдады. Хатта оқиғаның жай-жапсары егжей-тегжейлі тексерілетіні де атап көрсетіледі. Ал оқиға француздардың бақылау-күзетіндегі Банги әуежайында болған.
Құпия қызмет басшысын таңдады
АҚШ президенті Барак Обама мемлекет басшысының күзетімен айналысатын құпия қызметтің басшысы лауазымына агент Джулия Пирсонды таңдады. Ол бұған дейін құпия қызметте штаб бастығы болып жұмыс істепті. Енді Пирсон осы лауазымға тағайындалған алғашқы әйел болып отыр.
Атап көрсететін жәйт – Пирсонды бекіту үшін Конгрестің мақұлдауы қажет етілмейді. Құпия қызметтің бұрынғы басшысы Марк Салливан ақпан айының басында отставкаға кеткен болатын. Оның әртүрлі себептері бар екені туралы да болжамдар көп. Жалпы, АҚШ-тың құпия қызметі президентті және оның отбасын, сондай-ақ елдің бұрынғы басшыларын күзетеді. АҚШ валютасы мен мемлекеттік облигацияларды қолдан жасау үдерістерімен күресу де осы қызметтің міндетіне жатады.
Теңіз байлығына көз тігушілер көп
Вьетнам Қытай тарапын балық аулайтын қайығын атқылады деп айыптады. Оқиға Оңтүстік-Қытай теңізіндегі екі елдің де талабы бар Парасель аралдарына жақын жерде тіркелген. Кикілжің 20 наурызда орын алғанымен, Вьетнам басшылығы бұл туралы тек енді ғана мәлімдеп отыр.
Оқ атудан зардап шеккендер бар ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Вьетнам жағы оқиға туралы нақты ақпар таратудан бас тартуда. Бірақ ресми Ханой оқиғаға үлкен мән бергендіктен, Қытай елшісіне шағым түсірген. Қытай тарапының да жауабы дайын: вьетнамдықтар Қытайдың аумақтық суларында заңсыз балық аулаған, дейді. Ал Оңтүстік-Қытай теңізінде табиғи газдың мол қоры бар. Одан Қытай мен Вьетнам ғана емес, сондай-ақ Филиппин, Малайзия, Тайвань және Бруней үмітті.
Италиялық министр отставкаға кетті
Италия Сыртқы істер министрі Джулио Терци кеше өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол өз ұстанымын үндістандық балықшыларды өлтірді деп айыпталып отырған екі италиялық теңізшіні Үндістан билігіне беру туралы шешіммен келіспейтіндігімен түсіндірді.
Мен әрі қарай бұл үкіметтің бір бөлшегі бола алмаймын. Менің әскери теңізшілерді беру мүлдем қисынсыз деген уәжімді ешкімнің тыңдағысы да келмеді, дейді Терци. Министр Марио Монти үкіметінің шешіміне наразылығын осылайша білдірді. Ал оқиға былтыр Үнді мұхитында орын алған еді. Италияның танкерін күзеткен теңізшілер өздеріне жақындаған шхунаны пираттардыкі деп қалып оқ атса керек.
АҚШ-тың ең қымбат экс-президенті
Америкалық қазына былтыр кіші Джордж Буш үшін 1,3 миллион доллар шығындапты. Сөйтіп, ол қазіргі көзі тірі ең қымбат бұрынғы президент атанып отыр. Бұл сома оның жыл сайынғы 200 мың долларлық зейнетақысынан, оның аппаратын ұстау үшін бөлінетін 100 мың доллардан, сондай-ақ оның жүріп-тұруы (ұшулары да бар), офис, пошта және басқа да қызметтеріне жұмсалатын қаржыдан жинақталады.
Тізімде екінші орында Билл Клинтон тұр. Америкалықтар оған былтыр шамамен 1 миллион доллар шығындапты. Бұл бұрынғы президенттің негізгі қаржысының жартысына жуығын Нью-Йорктегі офисін жалға алғаны үшін төлеген 442 мың доллары жалмаған. Ал үлкен Буш салық төлеушілердің қалтасына 850 мың доллар көлемінде қол салса, Джимми Картердікі 500 мың доллар екен.
Ұрлықшылығы үшін – 6 жыл түрме
Қытай азаматы Сисин Лю отандастарына америкалық әскери технологияларды заңсыз бергені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Пентагонда жұмыс істейтін 49 жастағы қытайлық ұшқышсыз ұшатын ұшақтарға нысаналарды спутниктермен байланыссыз жоюға мүмкіндік беретін құрылғы туралы мәліметтерді берсе керек.
Осылайша Лю отанына оралған соң жақсы жұмысқа орналасудан дәмеленіпті. Ал технологияларды ұрлаудан келген шығын АҚШ-тың қорғаныс ведомствосы үшін жүздеген миллион долларды құрауы мүмкін делініп отыр. Жалпы, соңғы 4 жылда АҚШ-та Қытайдың пайдасына шпиондықпен айналысқан 100 шақты адам тұтқындалыпты. Көптеген ұрлық, технологиялар аса құпия болғандықтан, айтылмайды да екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
Нигер дельтасын азат ету үшін қозғалысының серкесі Генри Ока 24 жылға сотталды. Мұндай шешімді Оңтүстік Африка Республикасының соты қабылдады. Окаға лаңкестікпен айналысты деген айып тағылған болатын. Бұл оның алғашқы сотталуы емес.
Австрияда қалың қар жауды. Осының салдарынан ел астанасы Венаның батысындағы күре жолда 100 мәшине соқтығысқан жол-көлік оқиғасы тіркелді. Кем дегенде бір адам көз жұмған. Қар сондай-ақ Сербия, Венгрия, Хорватия және Румыния аумақтарына да қалың түскен. Кей өңірлерде автомобиль байланысы тоқтаған.
Тайваньда магнитудасы 6,3 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Негізгі дүмпу ел астанасынан 250 шақырым жердегі Наньтоу уезінде болған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Жалпы, Тайвань – тектоникалық қауіпті аймақта орналасқан ел.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.