Аймақтар • 13 Маусым, 2019

Көшпенділер әлемінің көріністері

622 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғаты ғажап Алатаудың етегіндегі «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде жыл сайынғы «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтуде. Оған әлемнің 18 елінен 140-тан астам өкіл қатысты.

Көшпенділер әлемінің көріністері
Екі күн ішінде Алма­ты тұр­ғындары мен қонақта­ры бүр­кіт­шілердің, шабандоз­дардың, көкпаршылардың, садақ атушы­лардың шеберліктеріне тәнті болып, батырлардың жекпе-жегін, желдей ескен ат үстінен теңге ілгендердің ептілігін, ұлт­тық ойын­дарды тамашалады, ұлттық ас мәзірінен дәм тат­ты. «Ұлы дала – көшпенділер әле­мі» қазақтар мен түркі халық­та­ры­ның бай мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік берді.

«Фестивальда ірі этномузы­канттар мен спортшылар, бүр­кітшілер, қолданбалы өнер ше­берлері өздерінің таланттарын көрсетті. Этномәдениет фес­тивалінің басты мақсаты – көш­пелі халықтың ерте тарихын жаң­ғырту, өскелең ұрпаққа әр ұлттың өзара ұқсастығын түсіндіру», деді қалалық мәде­ниет басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Шара барысында Қазақстан­ның жеті дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Гинесстің рекорд­тар кітабына екі рет енген Сергей Цырульниковтың басқаруымен алыптар шоуы болды. Олар күресті, шегені қолдарымен қақты, темірді ма­йыс­тырды, гір көтерді. Бұ­дан өзге, Андрош Бироның бас­­қаруымен Мажарстаннан келген қонақтар әскери ат ойын­да­рына қатысып, буряттық ша­ман Вэлигто Бадмаев ыстық тас­тар арқылы көз тиюден қорғады. Башқұртстаннан келген садақшылар жаяу және ат үстінде тұрып «Мэргэн уксы» мергендік өнерлерін көрсетті. Қырғыздың «Салбуурун» командасы бүркітпен және тазы итпен аң аулау шеберлігін ұсынды.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Боралдай қорғандары аумағында Сақ мәдениеті орталығы құрылы­сының жобасымен таныс­ты. Оның жобалық-сметалық құжат­тары жасалып, мемлекеттік сарап­тамаға жіберілген. Қала басшысы өзінің сөзінде мұн­дай орталықтың пайда болуы Алматының туристік әлеуетін, ел тарихына деген қызы­ғушы­лықты арттыратынын, құнды археологиялық паркті қорғауға, болашақ өскелең ұрпақ үшін тарихи-мәдени мұра жауһарын көздің қарашығындай сақтауға мүмкіндік беретінін айтты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық ма­­қаласы аясында Алматыда Райым­бек батырдың мавзолейі ре­кон­струкцияланбақ. Осынау кие­лі орында мемориалдық музей кешені ашылады. Бұлардан өзге, «Этноленд» этномәдени ке­­­ше­нін салу жоспарланып отыр.

Фестиваль аясында бірқа­тар заманауи ұлттық өнер көр­­­мелері ұйымдастырылды, «Тұ­ран», «ХасСак» этно-фоль­клор­лық ансамбльдері, Түр­кия­дан, Моңғолиядан, Алтай мен Тывадан, Чувашия мен Қыр­ғыз­станнан және басқа елдерден келген танымал әртістер өз өнер­лерін көрсетті.


Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»