28 Наурыз, 2013

Еуропа тағы да елеңдеп тұр

254 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еуропа тағы да елеңдеп тұр

Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:35

Еуро аймағында жаңа бүліктің бұрқ ете қалатын қалпы бар. Қанша қарманғанымен, кәрі құрлық қарыздың қамытынан жуыр маңда сытылып шыға алатын емес. Былай қарағанда, тап осылай үрейге бой алдыратындай ештеңе жоқ сияқты: Грекияның жаңа үкіметі қарыз берушілермен барынша тиімді жұмыс жасасуға кірісті, одақтың ұзақ мерзімді бюджеті тұтастай алғанда барлық жақтармен жан-жақты келісілді. Әйткенмен, еуроаймақ қалың ұйыққа батып барады: ол дамудың локомотивінен Еуроодақтың ең проблемалы бөлігіне айнала бастады.

 

Бейсенбі, 28 наурыз 2013 1:35

Еуро аймағында жаңа бүліктің бұрқ ете қалатын қалпы бар. Қанша қарманғанымен, кәрі құрлық қарыздың қамытынан жуыр маңда сытылып шыға алатын емес. Былай қарағанда, тап осылай үрейге бой алдыратындай ештеңе жоқ сияқты: Грекияның жаңа үкіметі қарыз берушілермен барынша тиімді жұмыс жасасуға кірісті, одақтың ұзақ мерзімді бюджеті тұтастай алғанда барлық жақтармен жан-жақты келісілді. Әйткенмен, еуроаймақ қалың ұйыққа батып барады: ол дамудың локомотивінен Еуроодақтың ең проблемалы бөлігіне айнала бастады.

Мұның бәрін таяуда Еуропа статистикасы айғақтап берді. Еуропа валютасы одағы елде­рін­де өткен жылдың төртінші тоқсанында рецессия жалғаса тү­сіпті. Бұл кезеңдегі ішкі жалпы өнім жылдық есептеудің 0,6 пайызына дейін кеміп кеткен. Осы жағдай қатарынан үш тоқсан бойы қайталанып отыр. Ал жұмыссыздықтың мөлшері рекордтық деңгейге жетті. Ол тұрғындардың белсенді бөлігінің 11 пайызын құрайды.

Сарапшылар бұл жылдың көкжиегін де оншалықты көркем түрде көре алмай тұр. Осы тұста Еурокомиссияның болжамы ішкі жалпы өнімнің тағы 0,3 пайызға құлап, жұмыссыздықтың өсу деңгейі 12 пайызға көтерілетінін көрсетіп отыр. Ішкі сұранымның қазіргідей самарқау кезінде эконо­микалық серпілістің барлық үмі­ті экспортқа артылатыны да заңды. Алайда, мұндағы ахуал да оншалықты жарқырап тұрған жоқ. Бұған негізгі себеп – еуроның курсы әлі жоғары қалпында. Осы ретте бірқатар экономистер еуроаймақта қазіргідей біртұтас валюта билік құрып тұрмаған болса, Еуроодаққа кіретін көптеген елдердің тап осы кезеңде тұйықтан шығатын жолды таба алатындарын алға тартады. Айталық, олардағы ұлттық валютаның девальвациясы экспортты ынталандыруға жол ашады да, сонымен бір мезгілде қарыздармен есептесудің де мүмкіндігін жасап берер еді.

Қазіргі таңда еуроаймақтың, яғни еуро валютасын айналымда ұстап отырған елдердің арасындағы ең бір осал өңір Италия болып келеді. Валюта одағы елдері ішіндегі экономикасының әлеуеті жағынан үшінші болып табылатын Пиреней түбегіндегі елдің табысы өткен жылы 2,2 пайызға түсіп кетті. Ал мемлекеттің қарызы ішкі жалпы өнімнің 127 пайыздық эквиваленті деңгейіне дейін шарықтап шықты. Рас, бұл жағынан қарастырғанда, Грекияның ахуалы бұдан да төмен. Ежелгі Эллада жеріндегі экономиканың құлдырауы 6,4 пайызға тең болса, сыртқы қарыз ішкі жалпы өнімнің 160 пайызынан да асып түсті. Алайда, ауқымының аздығы салдарынан ол Еуропа экономикасында соншалықты жоғары рөл атқара алмайды. Италияның сипаты болса, мүлде бөлек. Ол құлаған жағдайда шыңырауға өзімен бірге бүкіл еуроаймақты тартып алып кетеді. Әзірге бұл маңайда үміттің шоғын үрлей алатын ештеңе табылмай тұр. Бұдан бірер күн бұрын Fitch агенттігі елдің ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін А бөлігінен ВВВ+ бөлігіне дейін түсіріп, болжамды «келеңсіз» деген бағамда көрсетіп берді. Рейтингілік өлшемді бұлайша қайта қарап шығуға Италияда ақпан айының соңында өткен парламент сайлауынан кейін іске қабілетті үкіметті құру мүмкіндігіне сенбестік әсер етті.

Тегінде күллі Еуропа валютасы аймағында дүниені құрсаулаған дағдарыс дүрбелеңінен зардап шеге қоймаған, керісінше, одан ұтысқа шығып отырған жалғыз ғана ел бар. Ол – қаржылық тұрақ­ты­лығын сол күйінде сақтап қа­на қоймай, сонымен бірге, тіпті экономикалық өсімге де қол жеткізе білген Германия. Неміс экономикасы 2012 жылы 0,7 пайызға өсіп, жұмыссыздықтың деңгейі 5 пайыз белдеуінде тұрып қалды. Елдің бюджеті іс жүзінде толық баланс сақтады. Ал мемлекеттік қарыз ішкі жалпы өнімнің 80 пайызын ғана құрады. Демек, кредитті төлеуге кететін ақшадан артық 20 пайыздық табыс елдің өзінде қалады. Мұның өзі Еуропа Одағы елдерінің орта көрсеткішінен де төмен. Ежелгі бавар-саксон жерінде экспорт бұрынғысынша табыстың өсуінің басты қозғаушы күші болып қалып отыр. Германия Федералды статистикалық бюросының соң­ғы мәліметтеріне қарағанда, ел­дің сыртқы сауда балансының про­фициті биылғы қаңтар айында 13,7 млрд. еуроны құраған. Ал осының алдындағы айда бұл көрсеткіш 12 млрд. еуро болған еді. Сол сияқ­ты есепті жылда ол 15,7 млрд. болмақшы. Бұл көрсеткіш өткен жылғы қаңтардағы деңгейден 0,5 млрд. еуроға артық. Айта кету керек, мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу немістер үшін өте қымбатқа түсті. Германның тіпті дағдарысқа дейінгі кезеңде тоқтығы шайқалмаған компанияларының өзі еуроаймақтың шалғайдағы елдерінде жылдық жалақы қоры 3 пайызға өсіп жатқанда, еңбекақы төлеудің өсімін тісін тістеп отырып тоқтатуға мәжбүр болды. Нәти­жесінде Германияның өнімдері Еуропа Одағы аймағындағы мей­лін­ше бәсекеге қабілеттісі болып шықты.

Елдің қазіргідей жақсы жағ­дайда тұрып жатуына Германия үкіметінің де қосқан үлесі аз емес. Ол да сол кезеңдерде тап осылайша қатаң үнемдеу саясатын жүргізді. Бүгінде еуроаймақ елдерінің басым көпшілігі өз қарыздарын қайтаруда айтарлықтай қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Олардың Грекия мен Италия сияқты мүшелеріне жылға тартылған кредиттің 70 пайыздық мөлшеріне дейін қайтаруға тура келуде. Ал бұл тұста ГФР-дің кредиттері іс жүзін­де тегін есепті болып тұр. Рас, дағдарыс басталғалы бергі мерзімде оның пайызы үш есеге дейін артып кетті, алайда, көршілерінің бәрінің дерлік банкротқа ұшырауы әсерінен мұны инвесторлар тұ­рақ­тылықты қалпына келтірудің құралы ретінде қабылдап отыр. Осылайша, Германия бюджеті дағдарыстың өзінен біраз қаржыны үнемдеп қалуға қол жеткізді. Ал алдағы уақыттарда қарыз елдер Еуропаның EFSF және ESM деп аталатын тұрақтылық механизмдері желісі бойынша алған кредиттерін пайыздық үлестерімен жаппай қайтара бастаған кезде ненің болатынын білсеңіздер ғой! Сол кезде жоғарыда аталған қорлардың ірі төлемшісі ретінде Германияның алатын дивидендтері де бірден күрт өсіп шыға келеді.

Бір сөзбен айтқанда, қарыздар дағдарысы Германияның Еуро­одақтағы ахуалын айтарлықтай дәре­жеде көтере түсуге ықпал жасады. Енді қаржы-экономика теңізіндегі кәрі құрлық кемесінің бағытын Берлиннен шыққан лоцмандар айқындап бергелі тұр.

Сонымен бір мезгілде, еуроай­мақта тап осы тұрмысы дұрыс, беделі құрыш Германияға қарсы бүлік бұрқ ете түскелі тұрған секіл­ді. Мұның ілкі басы ретінде жақын­да ғана еуроға қарсы топтардың «Германия үшін альтернатива» деген партиясы құрылды. Ал бұл қозғалысты қайдағы бір бүлікшіл анархистер емес, континенттің танымал экономистері ұйым­дастырды. Олар бүгінгі таңдағы неміс экономикасының толағай табыстарына қарамастан, валюта одағының, түптеп келгенде, оған да, күллі Еуропаға да қатты зиян келтіретінін өте сенімді түрде дәлелдеп шықты. Атап айтқанда, жаңа партия құрылтайшыларының бірі, Гамбург университетінің экономика жөніндегі профессоры Бернд Люке Deutsche Welle газетіне берген сұхбатында «бір­тұтас валюта Еуропаның дағ­дарыстан шығуына кедергі келтіріп қана қоймайды, сонымен бірге, ол құрлықтың экономикасын бір­тіндеп құртады» дегенді ашып та, ашынып та айтты. Мұндағы мәселе мынада, еуроаймақ елдері өздерінің даму ерекшеліктері мен қаржылық жүйесі жағдайлары бойынша бір-бірлеріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан оларды біртұтас монетарлы жүйе бойынша реттеп отыруға әрекет етудің өзі құр әурешілік болып табылады. Су жаңа партияны құрушылардың бұл жүйе жөніндегі ойлары осы төңіректен арна тартады. Осыған байланысты олар не бұрынғы неміс маркасына қайта оралуды, не Австрия, Голландия және Финляндия арасында валюта одағын құруды ұсынады. Сонымен бірге, «альтернатившілер» соң­ғылардың сапына тіпті Францияны да енгізбеуді қатаң талап етті. Енді байырғы маркаға қайтып ора­лу идеясына келсек, оны ГФР азаматтарының кем дегенде төрттен бір бөлігі, яғни ширек ша­масы қолдайды. Міне, осы бас­таманы көтеріп отырған жаңа партияның алдағы күзде өтетін парламент сайлауындағы перспективасы да жаман көрінбейді.

Бүгінде Германия халқының наразылығын туғызып отырған бас­ты нәрсе – бұл елдің еуроаймақтағы әріптестерінің ысырапшылдығы үшін өз қазынасынан ақша төлеуі. Мұнда неміс жұрты шыдамының шегін Кипрге көр­сетілгелі жатқан көмек бір сәтте бұзып кетуі әбден мүмкін. Егер Еуропа Одағы ақыры осы қадамға барар болса, тек қауымдастық қана емес, сонымен бірге, Германия билігі де еуроаймақты өзгертіп, қайта құру жөнінде шындап ойланып қалатын түрі бар.

Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.