29 Наурыз, 2013

Дүбірге толы дүние

428 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 29 наурыз 2013 0:43

Одақтасудан ешкім де ұтылмайды

Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында BRICS елдері басшыларының екі күнге созылған кезекті бесінші басқосуы өтті. Құрылғанына әлі төрт жыл да толмаған бұл халықаралық экономикалық ұйымның саммиті әлем жұртшылығының назарын аударды.

 

Жұма, 29 наурыз 2013 0:43

Одақтасудан ешкім де ұтылмайды

Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында BRICS елдері басшыларының екі күнге созылған кезекті бесінші басқосуы өтті. Құрылғанына әлі төрт жыл да толмаған бұл халықаралық экономикалық ұйымның саммиті әлем жұртшылығының назарын аударды.

Бұл ұйымға әлемнің бес алпауыт елі кіреді: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Рес­­публикасы. Бұрын, алғаш құрылған кезде орысша БРИК деп те аталатын. Онда олардың қатарында Оңтүстік Африка Республикасы жоқ еді. Енді атауы латынша: BRICS (Brazil, Russia, India, China, South Africa). Осы­лай атау қалыптасқан. 2009 жы­лы құрылғанда, оның негізгі бас­­тамашысы Ресей болып, бұл ұйымның мақсаты АҚШ пен Еуро­­­одаққа баламалықты көздеді де­ген­нің де жаны бар сөздей еді. Бі­реу оны құп көрді, біреу саяси ой­ындай көрді. Уақыт бұл ұйым­­­­­­ның экономикалық та, саяси да ай­тар­лықтай салмағы барлығын дәлелдеді.

Сырттай қарағанда, әлемнің төрт құрлығында орналасқан бұл елдердің өзара байланысы қиын, оның тиімділігі шектеулі болар деп болжам айтқандар көп еді. Уақыт оны жаңсаққа шығарды. Бұл ұйым аса ауқымды кеңістікте де өзара ықпалдастықтың тиімділігін көрсетті. Бұған дейін де бұл елдер соңғы ширек ғасырға жуық уақытта экономикалық өсудің жетекшілері болса, ұйымға біріккелі бері сол өсім жүйелі сипат алды. Тіпті эко­номикалық дағдарыстың қиын­дықтарын олар басқаларға қарағанда әлдеқайда жеңіл өтіп келеді. Бұл әлемдік экономикаға оң етіп отыр.

Мына көрсеткіштерге назар аударайықшы. BRICS елдері бүкіл Жер шарының 30 пайызын, құрғақ жердің ширек бөлігін алып жатыр. Бұл елдерде әлем халқының 40 пайызы тұрады. Экономикалық өсім басқалардан көш жоғары. Айталық, ішкі жалпы өнім өсімі былтыр бұл елдерде 4 пайыз болыпты. Бұл көп жайды аңғартады.

Бұл елдердің беделі күрт артып отыр. Әдетте жұрт өз инвестициясын сенімді елдерге салады. Осыдан жиырма жыл бұрын BRICS елдеріне шетел инвестицияларының келуі әлемдік көрсеткіштің 6-ақ пайызы екен, былтыр 20 пайызға өсіп, 263 миллиард долларға жетіпті. Ал бұл елдердің басқа елдерге инвестиция салуы 2000 жылы 7 миллиард доллардан 2012 жылы 126 миллиардқа өскен. Бұл дегенің әлемдік шетелдік инвестиция ағымының 9 пайызын құрайды.

Мұндай экономикалық құры­­лыммен ешкім санаспай тұра алмайды. Қазір бұл елдердің дамыған 20 ел тобындағы сөзі де өтімді. Әдетте олар өз пікірлерін алдын ала ойластырып барып білдіреді. Басқалар оған құлақ асуға мәжбүр.

Кезекті басқосуында олар біраз мәселе шешті. Ең алдымен, BRICS бейресми ұйымнан ресми ұйым мәртебесіне көшті, ресми халықаралық экономикалық құры­лымға айналды. Енді оның беделі де артады, сөзі де өтімді болады.

Бұл елдердің экономикалық байланысын бұрынғыдан да терең­дете түсуге осы жолғы басқосуда құрылған Іскерлік кеңес жаңа арна ашады. Осы жолы-ақ басшылармен ере келген іскерлік қауымның 900-дей өкілі қарым-қатынастық біраз мәселені талқылап та тастады. Ал BRICS елдерінің Даму банкін құру жөніндегі шешімі халықаралық қаржы құрылымындағы үлкен жаңалық және аса маңызды қадам ретінде қабылданды. Өңкей алып­тардың қаржысына негізделген ме­кеменің зор болатынына күмән жоқ.

Одақтасу, тіл табысу қашанда игілікке жол ашады. Әсіресе, алып елдер күш біріктіріп жатса, оның жемісі де үлкен.

 

Мемлекеттік төңкеріске үйреніп алған ел

Орталық Африка Республикасында жексенбі күні мемлекеттік төңкеріс болып, көтерілісшілер билікке жеткені туралы хабар газетімізде жарияланған.

Енді осы оқиғаның саяси сипатына назар аударғымыз келіп отыр.

Сірә, мұны бұл елдегі билік үшін күрестің бір көрінісі ретінде қабылдаған жөн шығар. Бұл ел жөніндегі сарапшылардың топшылауынша, көтерілісшілердің әзірге қолы жеткен билікті ұстап тұруға шамасы жете қоймайтындай. Ең алдымен олардың ішінде бірлік жоқ. Арада бір күн өткенде, сол көтерілісшілердің «Селека» тобы­ның басшылары бір-бірін айыптаған мәлімдемелер де жасап үлгерді.

Көтерілісшілердің әскери тобын басқаратын Мишель Джотодия, басқалармен толық келіспей, өзін елдің президенті деп жариялап, конституциясының күшін жойып, парламент пен үкіметті тарату жөнінде жарлық шығарды. Ал сол «Селека» тобының тағы бір жетекшісі Нельсон Н’Джаддер оның шешімімен келіспейтінін мәлім­­деу­мен қатар, «жаңа президент» сол­дат­тарының тонау­шы­­лықпен айналысып жатқанын айыптады.

Сарапшылардың пайымдауынша, көтерілісшілердің бұл жеңісі әсте де олардың күштілігін аңғартпайды, керісінше, төңкеріс биліктің әлсіздігі салдарынан жүзеге асқан. Президент Франсуа Бозизе, өз елінде Оңтүстік Африка Республикасы, Габон, Камерун, Конго Республикасы және Чад елдерінің әскери контингентінің болғанына қарамай, билігін ұстап тұра алмаған. Бұл оның халық ішінде беделі жоқтығы өз алдына, қайраткерлік қабілетінің шектеулілігін де аңғартады.

Осы жерде аз-кем ОАР-дың өзіне тоқтала кеткен де жөн. Аты айтып тұрғандай, Африканың орталығында орналасқан ел құрлықтағы ең кедей елдердің бірі саналғанымен, оның жері байлыққа кенде емес: алмас, алтын, уран бар, күн ыстық болғанмен, жеткілікті суы болған соң, егіншілікке де, мал өсіруге де қолайлы. Қалың орман да, көгорай шалғын да осында. Аң дегеніңіз жыртылып-айрылады. Халқы ша­ғын, бар-жоғы төрт миллион төңірегінде. Осы халыққа жоғарыда аталған байлық жетіп-артылар еді, бірақ ол игілікке жаратылмай, рәсуа болып жатады. Ел халқы бір-бірімен соғысып, күштісі әлсізіне әлімжеттік жасап, қырқысады. Көзі ашық дегендері партияларға бірігіп, билік үшін күреседі. Төңкеріс жасап, бірінен-бірі билікті тартып алады.

Бұл ел тәуелсіздікке 1960 жылы жетті. Франциядан босады. 1966 жылы әскери төңкеріс жасап, айтулы генерал Бокасса билікке келді. Кейін елін империя, өзін император деп жариялап, ойына келгенді істеді. Тіпті оны адам жеді деп, ісі халықаралық сотта қаралғаны да белгілі. 1979 жылы жаңа төңкерістен кейін ел қайтадан республикаға айналды. Екі жыл өткен соң кезекті төңкерістен кейін саяси және қоғамдық ұйымдарға тыйым салынды. 1986 жылы жеке партиялық жүйе орнады, 1991 жылы көп партиялы ел болды. Билікке төңкеріс жасап келген соңғы президент Бозизе кезінде де талай қақтығыс орын алып, ол қарсыластарын уәдемен тойдырды. Енді сол уәдені орындамадың деп алқымнан алғанда, ол көрші Камерунға, енді біреулердің айтуы бойынша, Конгоға бас сауғалап қашты.

Көтерілісшілер билікті ұстап тұра алмас дегенде, олардың өзара ауызбірлігі жоқтығы өз алдына, ОАР-ға көрші елдер президент Бозизені қолдап, оған қарулы көмек көрсетіп, «Селека» тобын айыптаған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де оларды айыптап отыр. Бүгінгідей қанқұйлы оқиға кезінде Франция да мұнда 160 адамдық әскерін түсіріп, елдің әуежайын бақылауға алды. Олардың көтерілісшілерді қолдау үшін келмегені анық.

Бұл елдегі жағдай күрделі. Көтерілісшілер озбырлығынан халық көрші елдерге қашып жатқан көрінеді. Жағдай әп-сәтте өзгеруі мүмкін.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».