Қазақстан • 13 Маусым, 2019

2019 жылғы шілдеде дәрі-дәрмектердің шекті бағалары белгіленеді

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова дәрі-дәрмектерді сату саласындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылғы шілдеде дәрі-дәрмектердің шекті бағалары белгіленеді

Л. Бюрабекова атап өткендей, қазіргі кезде Министрлік Қазақстанда айналымға түскен дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осыған байланысты, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу, дәрілерді рецепті арқылы босату және жалған дәрілер жасаумен күрес бойынша шараларды күшейтуге қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді.

Денсаулық сақтау министрлігіне барлық дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу құзыретін беретін Заң нормасы күшіне енді.

«Дәрілердің бағасын реттеу ережесі әзірленді, шекті көтерме және бөлшек сауда бағасы көрсетілген бұйрық жасалды, ол заңнамада белгіленген тәртіп бойынша рәсімдерден өткізілуде және шілде айында бөлшек сауда желісінде сату үшін дәрілердің бағасы бектілетін болады», — деді Л. Бюрабекова.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қабылданған шаралар дәрі-дәрмектер бағасын реттеуге мүмкіндік береді.

«Бағалар белгіленген шекті бағалардан төмен бола алады, бірақ жоғары болмауы тиіс. Әрбір дәрі-дәрмектің саудалық атауына шекті бағалар қойылады және олардың құны еліміздің қандай өңірі екеніне қарамастан, бірдей болады. Бірдей атауы бар дәрі-дәрмек еліміздің барлық өңірінде бірдей бағада болады», — деді Л. Бюрабекова.

Сонымен қатар, бағаларды реттеу ережелерін бұзғаны үшін субъект санатына қарай, 70 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін (2019 жылы 176 750 теңгеден 2 525 000 теңгеге дейін) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке лицензияның әрекетін жою қарастырылған.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Л. Бюрабекованың айтуынша, аталған өзгерістер сапалы дәрі-дәрмектердің азаматтарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді, ал бағаларды реттеуді енгізу республиканың барлық өңірінде бірыңғай баға саясатына әкеледі.