Әлем-жәлем әлем
Сенбі, 30 наурыз 2013 1:53
Көктем шуағы тонсыз да тоңдырмайды
Ресейдің Кемерово қаласындағы Рудничный ауданында тұратын біреу әйелінің тонын ұрлап бір жайғап қалды. Тонның жоқ екені белгілі болғанда, ол бұл іске еш қатысы жоқтай кейіп танытқан. Мәселенің ақ-қарасы анықталған кезде әлгі сабаз тонды ломбардқа өткізіп жібергенін мойындауға мәжбүр болыпты.
Сенбі, 30 наурыз 2013 1:53
Көктем шуағы тонсыз да тоңдырмайды
Ресейдің Кемерово қаласындағы Рудничный ауданында тұратын біреу әйелінің тонын ұрлап бір жайғап қалды. Тонның жоқ екені белгілі болғанда, ол бұл іске еш қатысы жоқтай кейіп танытқан. Мәселенің ақ-қарасы анықталған кезде әлгі сабаз тонды ломбардқа өткізіп жібергенін мойындауға мәжбүр болыпты.
Құқық қорғау органдары қызметкерімен әңгіме барысында ұрлықшы еркек ақшаны жолдастарымен ішімдікке салғанын жасырмай айтқан. Басқаша сөйлеуге лажы да қалмаса керек. Ал неге тонды ұрладың деген сауалға ол көктем шығып, күн жылынған кезде әйеліне бәрібір тонның еш қажеті жоқ екенін көлденең тартып, ақталмақ болыпты. Енді полиция қылмыстық іс қозғау керек пе, әлде жоқ па деп бас қатырып жатқанға ұқсайды.
Көргеннен көзақы алатын дүкен
Австралиялық Джорджина есімді ханым иелігіндегі дүкенге келіп, ештеңе сатып алмай, тек ассортиментті қарап кететіндерден ақы алу туралы шешім қабылдады. Оның айтуынша, келушілердің көпшілігі тауарлар туралы кеңеседі, сөйтіп, көп нәрседен хабардар болады да ештеңе сатып алмай басқа дүкендерге тайып тұрады немесе интернет арқылы тапсырыс береді.
Брисбен қаласындағы дүкен иесі әрі ойлап, бері ойлап, осындай шешім қабылдағанына дән риза. «Біз келгендерден 5 доллар көлемінде ақы талап етеміз. Келіспесе, бірден кете береді. Егер тауар сатып алса, ақы төлемейді», дейді Джорджина. Оның пікірінше, бұл әрекетінің еш сөкеттігі жоқ. Бүгінде дүкенде босқа сандалып жүретіндер азайған, адамдар «көрушілерден» нақты клиенттерге айналған.
Қонақ үйге ұйқышы қызметші керек
Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласының орталығында орналасқан қонақ үй ұйқы бойынша маманға вакансия жариялады. Ұнаған кандидатпен 35 күнге келісім-шарт жасалмақ. Жалақысы да жаман болмайтын секілді. Үміткерлерді іздеу сәуір айының ортасына дейін жалғасады. Таңдау түскен адам 1 мамырдан бастап міндетін атқаруға кіріседі.
Маман жас әрі шығармашылық адамы болуы тиіс және фин, ағылшын, сондай-ақ мүмкіндігінше орыс тілін білуі шарт. Оның міндетіне тек ұйықтап қана қоймай, блог жүргізу жатады. Қызметшінің қонақ үй нөмірінде ұйықтайтыны және белгілі болып отыр. Өйткені, жұмыс беруші қабылданған адамнан бұл қонақ үйде ұйықтап, демалған тым рахат екенін блогқа майын тамызып жазуды талап ететін болады. Әзірше 500 үміткерден өтініш түсіпті.
Қорылдағаны үшін қор болған студент
Қытайдың Цзиньлин провинциясындағы ауыл шаруашылығы университетінде оқитын студент сотта жатақхана бөлмесінде бірге жатқан көршісін қорылдап ұйқы бермей, мазасын қашырғаны үшін пышақтап өлтіргенін мойындаған.
23 жасар Го Ливейдің сөзіне қарағанда, бөлмелесі Чжао Яньға түнде сен қатты қорылдайсың деп бірнеше мәрте ескертіпті. Бірақ ол «тыңдамаған». Содан кейін қорылын бейнетаспаға жазып алып, университеттің сайтына салған. Чжао Янь бейнеролик туралы білген кезде, студенттер арасында жанжал туындапты. «Ол мені бірнеше мәрте балағаттады, шыдамағандықтан кеудесіне пышақ ұрдым», дейді Го Ливей. Жарақаттан Чжао Янь көз жұмған. Сот қандай шешім шығаратыны белгісіз.
Қулығына құрық бойламайтын қылмыскер
АҚШ-тың Мэриленд штатында түрмеде отырған 26 жасар Рэймонд Тейлор камераласы болып қуланып, оның орнына бостандыққа шығып кеткен. Ол адам өміріне қастандық жасамақшы болғаны үшін 3 мәрте өмір-бақи түрмеде отыру жазасына кесілген екен. Қашқынды ұстау әзірше мүмкін болмай тұрғанға ұқсайды.
Оқиға Балтимордағы түрмелердің бірінде орын алған. Онда сотқа баратын немесе бостандыққа шығарылатын адамдар ұсталады екен. Ал Тейлор сол түрмеге өзінің қылмысына байланысты айғақ беру үшін апарылса керек. Күзетшілер аты-жөнін атап бостандыққа шығуы тиіс сотталғанды шақырғанда, орнына Тейлор үн қатады. Және камераласының жеке нөмірін қатесіз айтып береді. Оның қашып кеткені бостандыққа шығуы тиіс адам есікті тепкілеп, шу көтергенде ғана белгілі болады…
Қараторғайдың ең үлкен үйшігі қайда?
Ресейдің Белгород қаласындағы орталық демалыс саябағында көлемі бес метрлік қараторғайдың үйшігі пайда болды. Оның идеясының авторы саябақтың директоры көрінеді. Мұндай алып үйшікті салуға құрылысшылар 5 күнін жұмсапты.
Бір қызығы – Гиннестің рекордтар кітабына енуден үміткер ең үлкен қараторғай үйшігі құстарға арналмапты. Онда құстарға үйшік, жем салатын ыдыс және басқа да «жиһаздар» жасайтын шеберхана орналасқан. Үйшікте Белгородтың жас тұрғындары үшін құстарға арналған кәдімгі үйшік жасауды үйрететін шебер жұмыс істейді. Күні бүгінге дейін 20 шақты қараторғай үйшігі жасалса, олар саябақтағы ағаштарға орналастырылыпты.
Жақсы мен жаманды қайдан ұқсын!
АҚШ-тың Род-Айленд соты бейауыз тотықұстың ісімен айналысудан бас тартқан. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәлімдегеніндей, мұндай шешім бюджет ақшасын сақтап, оны жеңіл-желпі іс үшін босқа шашпау мақсатында қабылданыпты.
Жалпы, сот Линн Тейлор берген апелляциялық шағымды қарауы тиіс болатын. Оның үстінен арыз қарауындағы тотықұс «аузына» келген жаман сөздерді оңды-солды бұрқыратып, жұрттың тыныштығын кетіргені үшін түскен еді. Тейлорға 15 доллар айыппұл төлеу туралы шешім шығарылса, ол оны төлеуден бас тартып, қарсы шағым түсірген-тін. Әдетте, иелері тотықұстарына әдепсіз сөздерді қызық үшін үйрететіні белгілі. Байғұс құс оны қайдан ұқсын!
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде әзірленді.