Шарайна
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:05
Қару-жарақ саудасы реттеле ме?
БҰҰ конференциясына қатысушылар қару-жарақтың әлемдік рыногын реттейтін келісім-шарт қабылдау мәселесі бойынша өзара бәтуаға келе алмады. Қару-жарақтың терроршылар қолына түсу ықтималдығын төмендетуді көздейтін құжаттың мәтінін Иран, КХДР және Сирия мақұлдаған жоқ.
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:05
Қару-жарақ саудасы реттеле ме?
БҰҰ конференциясына қатысушылар қару-жарақтың әлемдік рыногын реттейтін келісім-шарт қабылдау мәселесі бойынша өзара бәтуаға келе алмады. Қару-жарақтың терроршылар қолына түсу ықтималдығын төмендетуді көздейтін құжаттың мәтінін Иран, КХДР және Сирия мақұлдаған жоқ.
Қару-жарақ экспортына бақылау жасауға бірегей ережелер мен нормалар белгілеуді көздейтін тұңғыш халықаралық құжаттың мәтіні БҰҰ-ға мүше елдердің Нью-Йорктегі конференциясында он күн бойы талқыланды. Қорытындысында 193 елдің үшеуі оны қабылдауға қарсы шықты. Олар бұл келісім-шарт негізгі қару-жарақ экспорттаушыларға өзге елдерге өз шарттарын қоюға құқық береді деп есептейді. Енді келісім-шарт жобасының БҰҰ Бас Ассамблеясының дауыс беруіне қойылуы мүмкін. Бұл ретте құжатты қабылдауға ұйымға мүше мемлекеттердің үштен екісінің дауысы жететін болады.
Соққы жасау жоспарына қол қойды
Ким Чен Ын әскери басшылықпен өткізілген шұғыл кеңестен кейін КХДР-дің стратегиялық зымыранды әскерлерінің АҚШ-тың құрылықтық бөлігіндегі, сондай-ақ, Гаваи, Гуам және Оңтүстік Кореядағы әскери базаларына соққы жасау жоспарына қол қойды.
Сол сияқты, осы хабарды таратқан агенттік егер АҚШ өзінің стратегиялық күштерінің үлкен контингентін жұмылдырып, ессіз әскери арандатуға баратын болса өздерінің осындай қадам жасайтындығын айтқан Ким Чен Ынның сөзін де қоса келтірген. Сонымен бірге, КХДР-да АҚШ-тың бүкіл аумағына ракеталық соққы жасайтындай қажетті ресурстардың жоқ екенін де айта кету керек.
НАТО басшылығындағы өзгеріс
Солтүстікатлантикалық кеңес америкалық генерал Филип Бридлавтың НАТО-ның Еуропадағы бірлескен күштерінің бас командашысы лауазымына тағайындалуын бекітті.
Бұл туралы бейсенбі күні кешкілік альянстың баспасөз қызметі хабарлаған. Енді Бридлавтың кандидатурасын АҚШ сенаты бекітуі тиіс. Ол бұл қызметте адмирал Джеймс Ставридисті алмастыратын болады. Қазіргі уақытта 54 жастағы төрт жұлдызды генерал Бридлав АҚШ-тың Еуропадағы әуе күштері қолбасшысы міндетін атқарады. НАТО-ның Еуропадағы бірлескен күштерінің бас қолбасшысы лауазымы дәстүрлі түрде АҚШ өкіліне бекітілген.
Сирияда соғысқан АҚШ азаматы ұсталды
Вашингтон әуежайында ереуілшілер жағында болып Сириядағы қақтығыстарға қатысқан АҚШ азаматы тұтқындалды. Бұл туралы «Associated Press» агенттігі хабарлаған.
Федералдық тергеу бюросының мәліметтері бойынша, 2012 жылдың қарашасында бұған дейін АҚШ армиясында үш жыл қызмет еткен 30 жасар Эрик Харрун «Ерікті Сирия армиясы» ереуілшілерінің қатарына қосылмақ ниетпен Түркия арқылы Сирияға келген. Ақырында ол АҚШ-та террорлық ұйым ретінде танылған «Әл-Нусра майданы» тобына барып қосылған. Оған жаппай қырып-жоятын қару қолданды деген айып тағылып отыр. Егер кінәлі деп танылса ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалған адвокат 14 жылға сотталды
Лондон соты көптеген белгілі адамдарды қорғаған алаяқ адвокатты 14 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлады «Новости» ақпарат агенттігі.
«Ібілістің адвокаты» атағына ие италиялық Джованни ди Стефано заңгерлік білімінің және адвокаттық тәжірибені жүзеге асыруға лицензиясының болмағанына қарамастан өзін табысты адвокат ретінде көрсете білген. Кезінде ди Стефано көптеген қылмыскерлерді, сондай-ақ, Ирактың бұрынғы вице-премьері Тарик Азизді және осы елдің тағынан құлатылған көсемі Саддам Хусейнді сот процесі барысында қорғаған болатын. Жалған адвокат өз клиенттерінен өте үлкен қаламақылар алып тұрған.
Словенияға кипрлік сценарий қатері төнуде
Словенияның Еуропадағы банк дағдарысының жаңа толқынының Кипрден соңғы құрбаны болуы мүмкін, деп жазады «РБК daily» газеті.
Басылым осы елдің банк секторындағы «қайтарымсыз кредиттер» үлесінің қауырт ұлғайып кеткенін атап көрсеткен «Capital Economics» сарапшыларына сілтеме жасаған. Орташа есеппен Словения банктеріндегі жаман борыштар көлемі қазірдің өзінде 15 пайызға жеткен. Словенияның ең ірі кредиторы болып табылатын Nova Ljubijanska Banka мемлекеттік қаржы ұйымы 2012 жылды 275 млн. еуро шығынмен аяқтап отыр. Moody’s агенттігі аптаның басында банктің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингін «теріс» болжам бойынша төмендетті.
Конгоға бітімгершіл күштер енгізілмек
БҰҰ-ның бітімгершілік күштері шабуылдаушы операцияларға мандат алды. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі ереуілшіл топтарды бейтараптандыру мен қарусыздандыруда шексіз құқық бере отырып, әскери контингенттің Конго Демократиялық Республикасына кіру жоспарын бекітті.
Қарарда іс-шараның айырықша сипатқа ие екені және БҰҰ-ның бітімгершілік қағидаттарын өзгертуге жол берілмейтіні нақтыланған. Құжаттың күшінде болатын мерзімі – бір жыл. Конгоға жіберілетін әскери қызметшілер саны 2,5 мың адамды құрамақ. Бұл іс-шараның дұрыстығына күмәнмен қараушылар да жоқ емес. Ондайлар өзге елдің аумағына басып кіру дағдылы сипат алып кетпей ме деп қауіптенеді.
Содырлар университетті атқылады
Сириялық содырлар минометтен Дамаск университетін атқылап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан. Негізгі құрбандар студенттер болып отыр.
Снарядтар астаналық жоғары оқу орнының архитектура факультеті орналасқан ғимаратқа барып тиген. Соның салдарынан он екі адам қаза тауып, жиырма адам дене жарақаттарын алған көрінеді. Бұл содырлардың Дамаскіні соңғы уақыттардағы бірінші атқылауы емес. Бұған дейін «Дамаск шабуылы» шеңберінде Башар Асадқа қарсылар президент сарайын, Умайяд алаңын және басқа да маңызды ғимараттарды атқылаған болатын. Әзірге содырларға қаланы басып алудың сәті түскен жоқ. Үкімет әскерлері Сирия төңірегіндегі позицияларды берік ұстанып, қарсыластарына елеулі соққылар жасауда.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.