Саясат • 14 Маусым, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен кездесті

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы президент болып сайлануымен және Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтағаны үшін Қытай Халық Республикасының Төрағасына ризашылық білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинмен кездесті

– Менің атыма жолдаған жүрекжарды құттықтау хатыңызды алдым. Сайлау қорытындысын Қазақстан халқының маған артқан зор сенімі және Тұңғыш Президентіміз, Сіздің досыңыз Нұрсұлтан Әбішұлының бағдарын қолдауы ретінде қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастардың сыртқы саясатымыздағы басты басымдықтардың бірі екенін айтты.

– Бұл ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты бар. Кең ауқымды Еуразия құрлығындағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оның маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді «Бір белдеу – бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының табысты өтуімен және ҚХР-дің алдағы 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

ҚХР Төрағасы Мемлекет басшысын президент сайлауындағы жеңісімен тағы да құттықтап, биыл Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.

– Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрландыру, ІТ-индустрия және «жасыл» технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеміз. Сондай-ақ, «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын ұштастыру арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңірек пайдалануға мүдделіміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы, соның ішінде жастардың тағылымдама алмасуларын кеңейту және бірлескен іс-шаралар өткізу жөніндегі екі елдің ықпалдастығын талқылады.