Қоғам • 14 Маусым, 2019

Парасат парадигмасы

731 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Рухани жаңғыру бағдар­ла­масының мазмұны халқы­мыздың өткенімен, тарихымен тамырласып жатқаны айқын. Болашағымыздың баянды болуы өткенімізді жан-жақты бағамдап, содан сабақ алуымызға байла­ныс­ты екендігі сөзсіз. Тарих сахна­сына шыққалы бергі қазақ ұлтының қатпарлы тарихы ертеңімізді пайым-парасат төңірегінде түген­деу­ге үндейді.

Парасат парадигмасы

Айтатыны жоқ, кеңес билігі тұсында қоғамдық сананың ой-өрісі, даму диалектикасы мүлде басқаша бола­тын-ды. Көкейді сансыз сұрақ маза­лағанымен, «теңдік әперген» ком­пар­тияның жақсылықтары бәрінен басым болып көрінетін де тұратын. Тіпті бабаларымыздың өткенінен бас тартқызғандықтан тарихымызды, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» Қазан төңкерісінен бастап оқыдық та. Халық ішіндегі сауаттымыздың өзі 4 пайыздың айналасында деп тұжырымдадық. «Оқу өтіп кеткен» ғалымдарымызға дейін осы төңіректі шиырлай берді, әйтеуір білім алған қазақтардың қарасын осы шамадан асырмай-ақ қойды.

Сонда ғой дарабоз Бауыржан Момыш­ұлы­ның қаһарына мініп 1944 жылы Алматыда, Ғылым академия­сын­да өткен алқалы жиында қазақ оқы­ған­дарына шүйлігетіні. «Мен: «Біз мал едік, қараңғы едік» – деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді... Сол кезде, яғни өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ал бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады – сөз жоқ, ешкім айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдары болған, сірә мұны теріске шығаруға болмас және де оларды мақтаныш етуіміз керек – олар халықтың абыройы ғой».

Жетпіс бес жыл бұрын осыны айту­дың өзі батырлық екенін, пара­сат­ты­лық өлшемі екенін ұғасың бүгінде. Момышұлы айтқанымен, қоғам­дық сана түбегейлі коммунистік идеологиядан арылып, біржола ат құйрығын үзісе қойған жоқ. Бірақ ұлт зиялыларының осындай батыл әрекеті арқасында әрбір ойлы азаматтың ми қатпарында «Біз кімбіз?» деген «бүлікшіл сұрақтың» бой көтергені белгілі.

Сөйтсе, санаға сілкініс әкелетін сәл ғана дүмпу болса, саңылауы бар жандар халқының өткенін ойша сарапқа салып, таразылай алады екен-ау. Социализм орнамаса да, компартия қамқорлық жасамаса да, соншалықты көштен қалып, аштан өлетіндей халық емес екенбіз ғой. Жан-жақтап жырымдап, бір-бір пұшпағы көршілес елдердің еншісіне кеткен күннің өзінде бабаларымыздан мұраға қалған аумақ бүгінде төрткүл дүние бойынша таразылағанда тоғызыншы аумақ болып саналады емес пе. Ал осы аумақты аман сақтап, ұрпаққа аманаттау үшін бабаларымыз ғасырлар бойы күресіп келді. Күрестен көз ашпаған десе де болады-ау. 300 жылға жуық Жоңғармен, Ресей патшалығымен арадағы соғыс бір бөлек те, Кеңес өкіметі тұсындағы жетпіс жылдың зардабы алдыңғылардан әлдеқайда ауыр-сынды.

Кеңес өкіметін орнықтыру кезінде қазақтың 50 пайызына жуығы қырыл­ғанын архив құжаттары бүгінде тайға таңба басқандай әйгілеп отыр. Кеңес өкіметін, кедейлер өкіметін қазақ даласында қуана қарсы алғандар қарасы аз болыпты. Зорлық-зомбылыққа, күштеп ұжымдастыруға сүйенген би­лікті кім жақсы көрсін?

«Түрік халықтарының ұзақ тарихында олардың ойлау жүйесіне, психикалық жан дүниесіне еркіндік сезімі айрықша берік ұялаған деуге болады... Номад­тар­дың ішкі қоғамдық құрылымы да әрбір жеке жанды өте қатаң нормалар­мен күрмеп ұстауға негізделмеген. Оты­рықшы елдердегі автократиялармен салыстырғанда ол жүйе жеке адам үшін біршама босаң. Олардың негізгі байлығы – малға жекеменшік институты орнығып, ал жайылым, т.б. жерлер тайпа-рулардың ортақ пайдалануында сақталған замандардың жекеменшігі оны басқалардан да, бай-феодалдардан да тәуелсіз етті. Хандардың билігі, яғни орталық билік өктем бола алған жоқ. Номадтарда құлшылықтың классикалық формасының болмау себебі де сондықтан» дейді философия ғылымдарының докторы Қ.Әбішев. Ен даланы еркін жайлаған көшпенділер еркіндігінің өзі басыбайлықтан ада болумен астасып жатыр емес пе?

Ақиқатында да орыс патшасы бодан­дық бұғауындағы халықтардың еңсе тіктеуіне ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Әрине ең алдымен бай­лы­­ғын, шұрайлы жерлерін иемденуден туындаған әрекет еді бұл. Жер­гілікті халықтың орыс ішіне сіңісуіне, басқа діндегілердің, оның ішінде мұсылмандардың православие дінін қабылдап, шоқынуына алғышарттар жасап бақты. Онысы билік деңгейінде ашық айтылды да. Патша манифестерінің бірінде: «Мемлекетті нығайту үшін құрылған Мемлекеттік Дума рухы жағынан орыстық қалыпта болуы тиіс. Біздің державаның құрамына кіретін басқа халықтардың Мемлекеттік Думада өзінің өкілдері болуы қажет, бірақ оларға таза орыстардың мәселелерін шешуге араласатындай мүмкіндік берілмеуі керек» (1907, маусым) дегенді оқуға болады. Ендеше, Ресей Мемлекеттік Думасына қазақ даласынан сайланған депутаттардың күн тәртібіне қойған мәселесі әу бастан-ақ сәтсіздікке ұшырайтыны алдына ала кесіп-пішіп қойылғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Басқалай айтқанда, державалық қитұрқы саясат ұлы орыс мүддесі үшін қалған халықтарды құрбандыққа шалуды ұстанғандығы тағы мәлім.

Мемлекеттік Дума демекші, оған депутат болып сайланған Мұхамет­жан Тынышпаев: «Үкіметтің (Патша үкіметі – автор.) неге ұмтылып отыр­ға­ны түсінікті: біріншіден, ұзаққа созыл­ған және жабайы қуғын-сүргіннің арқа­сында тілін, дәстүрін, діні мен таби­ғи болмысын қудалау арқылы қырғыздарды жалпы жеке ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, әртүрлі әкімшілік шаралар, өкімдер мен ережелер арқылы қырғыздарды (қазақтарды – автор.) құқықсыз, заңсыз бұқараға айналдыру; үшіншіден, олардың қаны сіңген, сүйегі жатқан өз жерінен айырып, мидай далаға және құнарсыз жерлерге, ажал құшағына қуып тығу. Мінекей, қырғыздар бұрынғы тәуелсіздігі мен бостандығының орнына, бейбіт тұрғыда және қантөгіссіз орыс бодандығын қабылдағаны үшін қайтарымға осыған ие болды» деп айтқан-ды.

Ресей патшасының осындай озбыр­лығынан әбден зәрезап болған халық қызылдардың билікке келуінен жағдай­дың жақсарып, бейбіт өмір сүретін ке­зең­нен үміттенгені тағы белгілі. Алайда, большевиктердің мақсат-мұ­ра­ты патшалық Ресейдің шовинистік әрекетінен алыстай қойған жоқ-ты. Оны тарих сахнасында үстемдік құрған әуелі большевиктер, сосын коммунис­тер партиясының үстемдік саясатынан айқын аңғаруға болады. КСРО-ның мұрағаттарда қатталған мұрасы, құжат атаулы осыны айғақтайды.

Адам баласы әйтеуір жақсылықтан үмітті. Отарлық езгіден әбден озбыр­лық көрген қазақ ауылдары боль­шевиктердің жұмақ орнатпаса да халықты жарылқаймын деген уәде­сі­не кәдімгідей алданып та арбалып та қалған еді. Алайда, күштеудің көкесін, зорлықтың зардабын больше­вик­тер көрсетті емес пе?! Қалпына келіп, билігін орнықтырып алған Кеңес өкіметі басқаша ойлайтынның барлығын, ұлты үшін жанын бәске тігетіннің бәрін саясат сахнасынан біржола ығыстырды, итжеккенге айдатты, лагерьлерге қаматты, үштіктің үкімімен құрбандыққа да шалды. Алаштың ақтаңгер жазушысы Мұхтар Мағауиннің тұжырымы ақиқаттың алдаспаны сияқты көрінетіні де сондықтан: «1917 жылғы Февраль революциясынан соң, тату-тәтті қалыпта, бейбіт жағдайда, әрбір ұлыс өз туын көтеруге тиіс еді. Бірақ ақтар да, қызылдар да бұған жол бермеді. Өзара қырқыса отырып бір мәселеде ынтымақ танытты – ұлт аймақтарындағы қозғалыс атаулыны тұншықтырды. Ақыры, әлемдік қасапта ешкімді аямаған большевиктер өкімет билігін жеңіп алды. Бостандық, теңдік, бұ дүниедегі жұмақ деген жалған ұрандарды жамылып, жер бетіндегі бір-ақ халықтың – орыс халқының билігін орнату жолындағы қанды жорығын бастады».

«Зауыт-фабрика – жұмысшыларға, жер – шаруаларға!» деген бұқараны арбаған ұран әу баста «үстем таптан зорлық көрген сорлыларға» Жаратқан көктен жіберген жарылқаушының миссиялық қызметі іспетті көрінгені рас. Оның үстіне жұмақ өмір идеологиясына арбалғандар қатарында ел ішіндегі беделді тұлғалар да аз емес-ті. Кедей ортасынан шыққандығын мақтаныш етіп, өздерін революцияның сарбаздарына балаған жандар большевиктердің жолы қазақ халқын жарылқайтын бірден-бір жол деп қабылдағаны тағы бар. Қазақ оқығандарының жолы осылайша екіге жарылды: бірі – ұлт азаттығын мұрат тұтқан алашшылдар болса, екіншісі – коммунизмге барар жолды таңдағандар. Қазақ қайраткерлері таңдаған жолдың қайсысының дұрыс- бұрыс екендігінен бүгінде сауаты бар кез кезген пенде хабардар. Өкініштісі сол, қазақ халқы бұрын-соңды Кеңес өкіметі тұсындағыдай зұлматты бас­тан кешпегендігінде. Шерағаңның шындықты айтып шырылдайтыны да сол: «Империяның (Кеңестік коммунистік империяны айтып отыр – автор.) өзі қандай алып болса, араны да сонша көп ашылмақ. Ол үшін жер бетінде, айталық, қазақ деген халықтың болу-болмауының құны көк тиын. Ол үшін қазақтың халқы емес, бай жері керек. Жерді босатып, иемдену керек. Қазақ та тірі жан, оңайлықпен жойыла қоймайды. Сондықтан да империя оны дүркін-дүркін қырғынға ұшыратты. Зеңбіректің күшімен. Қолдан жасалған ашаршылықтың күшімен» дейді халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Осындайдан кейін өздерінің билігін орнықтыру үшін озбырлық саясатты жүзеге асырған большевиктерді қалайша ақтауға болады?

Өткен ғасырдағы ақтаңдақтар ақиқатынан толыққанды хабардар бол­ма­ғандықтан Кеңес Одағы құрамында бол­ған кезімізді әлі күнге дейін аңсай­тын­дар бар. Большевиктерді қазақ халқының көзін ашқан, мәдениетке жет­кізген ұйым ретінде бағалайды. Құдай-ау, халқыңды қынадай құрған билікке соншалықты табынуға бола ма? Біздің тарихтан бейхабар болғандықтан осындай көзқарас қалыптасып отыр дейтініміз де сол. Әйтпесе, тарихи құжат­тармен таныса отырсаңыз, Кеңес өкіметінің қабылдаған құжаттарының барлығы қазақ халқын тоз-тоз етуге, бас көтерерлерін құрбандыққа шалу­ға арналған тәрізді көрінеді. 1928 жылдың 27 тамызындағы байларды кәм­пескелеу және оларды жер аудару туралы декретті оқығаннан кейін осындай тұжырымға біржола тоқтайсың. Іргелі ұлттың жартысына жуығын қырғынға ұшыратуға, құрбан етуге бас­тамашы болған да осы декрет.

Жалпы, басқаның ықпалындағы елдің қашанда маңдайының соры бес елі екендігі белгілі. Ендеше, отар­шыл­дық­тың тар жол, тайғақ кешуінен өткен, «социалистік реализмнің» қыспағынан аман қалған, «мың өліп, мың тірілген» қазақ үшін өткеннің ащы сабағы «мың бірінші рет өлуден» сақтандыруы тиіс.

Қазақ елі тарих сахнасына шыққалы бері жеке хандық құрып, саясатын дербес жүргізген кезеңдер де болған. Сосын тізгінінен айырылып қалып, бодан болуына да тура келген. Ендігі жерде алпауыттардың қақпақылына қайта ұшырап, дербес билігінен ажырап қалмас үшін кемел саясат жүргізу керек. Бағзы бабалардың аруағы разы болсын десек. Тоғызыншы территорияның тоқымдай пұшпағы жатқа кетпес үшін. Дарқан даланың байлығын қазақ халқы көруі үшін.

Қазіргі басты мәселе – қазақ қоға­мы­ның өркениетті жолмен дамуында. Дамығанда да әлеуметтік сілкіністердің алдын алатын әлеуметтік әділетті қоғам орнықтыруда болып отыр. Өйткені, әлеуметтік әділетсіздік белең алған кез келген қоғамда сілкіністердің бой көрсететіні белгілі. Оған тарих сабақ­та­ры куә. Сол себепті тәуелсіз елдің тұғырының биіктігі, мызғымастығы қо­ғамдағы әділеттілік деген барометр­мен өлшенеді. Ұлы ақынның сөзімен қайырар болсақ, «Енді адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қал­май­ды». Абайдан асырып айта алмас­пыз сірә. Парасат парадигмасының темірқазығы да осы болмақ.

Жаһанданудың ызғары жанымызды қариды. Көпвекторлы саясат көкейдегі көздеген мақсатымызға жеткізе ме? Тағы да алпауыттың бірінің ыңғайында кетіп, қанжығасына бөктеріліп жүрмейміз бе? Әлемге тәуелсіз мемлекетпіз деп жар салғанымызбен, дербес мемлекет ретінде пәленбай ғасырдан бері қалыптасқан кейбір елдердің тағдыр-талайын көргенде бойды күмән-күдік билейтіні тағы бар. Не істемек керек? Азаттықтың асулы белдерінің қандай мехнатқа толы екендігін түпсіз терең білімдарлығымен пайымдайтын Әбіш Кекілбайұлының дегеніне осындайда құлақ қоямыз тағы: «Жас нәрестеге қауіп қандай көп болса, жас мемлекетке де қауіп сондай көп. Тату-тәтті ата-ана жас сәбиінің асты-үстіне қандай түссе, жас тәуелсіздіктің жолында да жанды да, малды да қия алатын ауызбірлік керек. Сондықтан басқа қауіптерден гөрі алауыздықтан көбірек қауіптенемін. Ал алауыздыққа қарсы қоя алатын ең мықты қорғанымыз – өз болашағымызға деген нық сеніміміз» – дейді абыз аға.

Ауызбірлік керек екендігін әркім-ақ біледі, ел арасындағы ауызбірлік әділеттілік болған жерде ғана болады. Билігінің әділеттілігіне ұйыған жұрт «тәуелсіздіктің жолында да жанды да, малды да қия алады». Біздің «Тәуелсіздіктің мызғымас темірқазығы – әділеттілік!» дегенді ұстанатынымыз да сондықтан. Яғни, әділеттілік арнасынан ауытқыған сәтте тәуелсіздікке де қатер төнеді, мемлекеттілікке деген сенімге селкеу түседі, билікке қатысты наразылық күшейеді. Олай болатын болса, әділетсіздік атаулының қай-қайсының да бас көтеруіне жол бермей, елдіктің еңсесін көтеріп, мемле­кет­шілдіктің мәртебесін асқақтату азат елдің айбарын төрткүл дүниеге жая­тыны анық. Задында, осы жолда барлығын тереңнен ойластырып, өткен мен келешекті өзара сабақтастырып, іргелі елдік мүддені көздейтін, тәуел­сіз­дікті тұғырлы ететін парасат пара­диг­масының жөні бөлек.


Ғабит МҮСІРЕП,
«Egemen Qazaqstan»