Қазақстан • 14 Маусым, 2019

Ұлықтаудағы ұлық істер жоспары

596 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның жаңадан сайланған Президентінің ант қабылдау рәсімі жоғары деңгейде өтті. Бұл жолғы сайлау елімізде, халықаралық-демократиялық талаптарға сәйкес әрі барлық кандидаттарға тең мүмкіндік жасалғанымен ерекше болды. Сайлау нәтижесі бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Nur Otan партиясының таңдауы бекер болмағанына көз жеткізіп отырмыз.

Ұлықтаудағы ұлық істер жоспары

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің сұң­ғыла саясаткерлері Генри Киис­синджер, Пан Ги Мун сияқты алып­тардың өзі сыйластықпен қарайтын, білімі мен білігін баға­лайтын қайраткерлігін де білеміз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақ­станның Президенті ретін­дегі ант беру рәсімінде елімізге инвестиция тарту мәселесін алға шығарды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына шетелдік инвестицияның ықпалы зор еке­ні сөзсіз. Айталық, қосымша қа­ра­жат өндіріс орындарының өркендеуіне, жаңадан жұмыс орындарының ашылуына, жұ­мыс­шылардың жалақысын кө­теруге, оның ішінде әлеуметтік мәселелердің түйінін тарқатуға оң әсерін тигізеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесін министрлер мен әкімдердің алдына жауапты міндет ретінде белгілеп берді.

Өткенге сәл көз жүгірте қара­сақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Үкіметін басқарып тұрған уа­қытта, яғни 1999-2002 жылдар аралығында елімізде ішкі жал­пы өнімнің ең жоғары өсуі тіркелген еді. Бұл – экономист рет­індегі менің талдауым. Оның ешқандай құпиясы жоқ – шет­елдік инвес­торлар білікті дипломат, сұңғыла саясаткердің Қазақ­стан экономикасына салатын қаржылары және оның қауіпсіздігіне кепіл болатынына қа­пысыз сенді.

Мәселен, осының арқасында, сол уақыттары Ақтөбе облы­сының өзінде даңғарадай зауыттар, екпінді өндіріс орындары ашылды. Оның ішінде, Хромтау ауданында тақыр жерде мыс ком­бинаты іске қосылып, екі мың­дай жұмыс орны ашылды. Төл теңгемізді қолына ұстап көр­меген адамдардың зауытқа жай жұмысқа орналасып, жалақы алғандағы қуанған сәттері әлі есімде.

Мемлекет басшысы ант бе­ру рәсімінде сөйлеген сөзінде қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын, инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын кең көлемді орта қалыптастыруға уәде етті. Расында, инвестиция, іскерлік белсенділік дегеніміз хал­қымыздың әл-ауқатын кө­теру­дің басты кілті.

Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сенат қабырғасында тығыз қа­рым-қатынаста болдым. Ойы терең, білім көкжиегі кең, білікті ұйымдастырушы тұлға ретінде Парламент Сенатының жұмысын жоғары деңгейге шығарды. Оған қоса, депутаттардың ұсы­ныстарын тыңдай білетін, пікір алуандығын сыйлай білетін дип­ломат ретінде заң шығарушы органның жұмысын жүйелей білді. Сол уақытта Төрағамыз Пар­ламентте қабылданған заң­дардың сапасына мән беріп, халықтың әл-ауқатын көтеруге, ел экономикасына оң ықпал етуіне әрдайым маңыз беріп отыратын.

Міне, осы бастамаларды Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан Президенті ретіндегі ант беру рәсімінде жария еткен платформаларында тереңірек көрініс тапқандығы қуантты.

Айталық, жемқорлықпен күрес мәселесі қоғамды жегідей жеп қана қоймай, мемлекеттің да­муына тұсау болатынын Пре­зидентіміз ұзақ ғылыми-зерттеу, тал­дауларға сүйене отырып жет­кізді.

Әрине, бұл кешенді жұмыс болғанымен Мемлекет басшысы жемқорлық деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған рефор­малар топтамасының 1 қыр­күйек­ке дейін дайын болатынын айтты. Қазір маусым айының ортасы, қыркүйек те қолсозым жерде тұр. Демек, қысқа мер­зімді ауқымды істі қолға алу жемқорлық атты кеселге қарсы күресті терең түсінгендік және кезек күттірмейтін қатер екенін нақ­ты бағалаудың көрінісі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қар­сы жүйелі жұмыстың қарқын ала­тынының белгісі.

Оған қоса, Мемлекет басшысы бюджет қаржысының тиімді әрі нағыз жанды жерлерге жұмсалуына да көңіл ауда­­­­­рып отыр. Мысалы, елор­даның айналасындағы жаяу жүр­гіншілер бара бермейтін жерлерге салынған тротуарларды көріп жүрсіз. Елсізде жаяу жүр­гіншілер жолын салып, қаржы жұм­сау қандай қажеттіліктен туындады? Егер ол қаржы әлеу­меттік салаға жұмсалар болса, бірқатар кезек күттірмес мәсе­лелер шешімін тапқан болар еді. Енді Президентіміз осындай олқылықтарға жол бермеу жөнінде нұсқау беріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұсын­ған бағыттардың қай-қай­сысы да елдің көкейінде жүрген, «әт­тең, осы мәселе шешілсе» де­ген сұраныстарына сай келуі Президенттің халықтың мұң-мұқтажын терең білетіндігін айқындап берді. Ең бастысы, мәселелерді шешу жолдарын білетінін өз аузынан айтты.

Мәселен, азаматтардың бар­лық жерде әділдік орнатуға байланысты талабы. Әрине, әділдік – мемлекеттік құрылымға, билікке сенімнің бастауы. Мем­лекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетуде бұра тартпай, ешкімді алаламай, заңның әріп­теріне сүйенген әрекеттері ұлттық қауіпсіздігімізге де әсер ететінін жақсы түсінген жөн.

Президент халықтың табыс көлемінің аз екенін, қар­жы на­рықтарының тұрақсыз­дануын, миллиондаған азамат­тарымыздың несие қамытын кигендігін жақсы біледі. Та­бысы жоғары және тө­мен азаматтардың арасындағы алшақтықтың ел ішінде белгілі бір деңгейде қобалжу тудырып отырғанын да сезеді. Сонымен қатар қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – экологиялық қауіп-қатер, жолдардың сапасы да аза­­маттарымызды алаңдатып отыр­­ғанын жақсы білетініне көз жеткіздік.

Міне, Елбасының әлеуметтік-экономикалық бастамаларына сүйене отырып, тың бағыттарды ұсыну, олардың нақты шешілу жолдарын көрсету – көреген сая­саткерге тән қасиет. Бұл пікірім Қазақстанның жаңадан сайланған Президентінің ант беру рәсіміне қатысқан, ұлықтауды теледидардан көрген отандастарымыздың ойына сәйкес келеріне сенімдімін.

Президент Жарлығымен ке­лесі жылы 175 жылдығы тойланатын Абай атамыздың мына сөзімен пікірімді түйіндегім ке­леді. Абайдың 37-қара сөзінде: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қа­лайша бітіргендігінен емес», депті. Олай болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз міндетін ұлық жобалардан бастады, ал оның оң нәтижесі де көп күттірмес.

 

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері