Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ауаны ластаушылар азаймай тұр

702 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жаз айларында ақтөбеліктер таза, жұпар ауаға өткен жылғыдай тағы да зар болып қалатын түрі бар. Өйткені маусымның басында пайда бола бастаған иіс тағы да тұрғындардың қолқасын қаба бастады.

Ауаны ластаушылар азаймай тұр

Оның басты себебі қаладағы кәріз желілеріне сарқынды судың тазартылмай құйылатыны болып отыр. Сондай-ақ «Қазгидромет» АҚ-ның автоматтандырылған бекеттері ауадағы күкіртті сутегінің көбейіп кету дерегін бірнеше рет тіркегені де облыс орталығындағы экологиялық ахуалды күрделендіре түсуде. Айталық, белгіленген шек бойынша оның қалыпты деңгейі 0,8 миллиграмм болса, бұл көрсеткіш рұқсат етілген нормадан 10 есе асып кеткен.

Тағы бір мәселе, «Ақбұлақ» АҚ мамандары жыл басынан бері қалдық судағы зиянды заттар құрамы мен мөлшерін анықтау үшін 203 рет сынама алу жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижесі көңіл жабырқатады. Яғни, тексерістер кезінде Ақтөбе қаласындағы 100 кәсіпорыннан шығарылған лас суда зиянды заттар көп мөлшерде табылған.

«Ақбұлақ» АҚ вице-президенті Тимур Бабанаевтан осы мәселенің себебін сұраған едік.

«Кәсіпорын иелері биопрепараттар немесе май тұтқыш қондырғылар мен катализаторларды орнату арқылы зиянды заттар көлемін әжептәуір азайта алады. Біз өз тарапымыздан оларға осындай талап-тілектер қойып келеміз», деді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті ағынды суларды жиі ағызатын кәсіпорындарды анықтау мақсатында жоспарлы тексерістер жасауда. Ақтөбе қаласындағы кәріз жүйесіне 3800-ден астам абонент су ағызады. Оның 469-ы өндірістік сипаттағы кәсіпорындар мен нысандар болса, 156-ы қоғамдық тамақтандыру орындары екен.

Бұған дейінгі зерттеулер спиртті ішімдіктер мен газдалған сусындар шығаратын орындар лас суды ең көп ағызатын нысандардың қатарында екенін айғақтайды. 2018 жылы «Ақтөбе» АҚ екі арада жасалған келісімге сәйкес ағынды судағы ластаушы заттардың концентраттарын азайтатын препараттар қосу жөнінде ұсыныс жасапты. Сонымен бірге катализатор қою арқылы орын алған олқылықтың зардабын азайту жөнінде мәселе қойылды. Әйтсе де аталған кәсіпорын бұған мән бермей келеді.

Түптеп келгенде бұл мәселеден зардап шегетін қала тұрғындары.

 

АҚТӨБЕ