Жоба ұйымдастырушылары мұндай жаңашылдық ата-аналардың уақытын үнемдеуге көмектеседі және сыбайлас жемқорлық тәуекелін жояды деген пікір айтады.
Өтінішті дұрыс рәсімдеу үшін баланың электронды фотосуреті, оның туу туралы куәлігінің сканерлік көшірмесі және баланың денсаулық төлқұжатының сканерленген 1, 17 және 18-ші беттері қажет. Өтініш беруші құжаттардың қарауға қабылданғаны туралы СМС-хабарлама алады.
Баласы бірінші сыныпқа баратын ата-аналарға онлайн-өтінімді қалай дұрыс рәсімдеу керектігі туралы Қарағандының барлық мектептерінде өткен ата-аналар жиналысында түсіндірілді.
Жаңа жүйе тәртібіне сай, бірінші кезекте тіркелген мекенжайы бойынша таңдалған мектепке қатысты оқушылар қабылданады. Ал балаларын басқа ауданда орналасқан мектепке бергісі келетіндер үшін квоталық орындар қарастырылған. Бұл орындар тамыздың 1-жұлдызынан кейін бөлінеді. Бұл ретте гимназия мен лицейлерде баламен әңгімелесу және тестілеу өткізуге құқығы болады.
Жаңа жүйе бір сыныпқа 25 баладан артық қабылданбайтындай етіліп жасалған. Ал егер сынып инклюзивті болса, онда оқушылар саны азайтылуы мүмкін.
– Бұл жүйеде ата-аналар қаладағы рейтингтері көрсетілген барлық мектептің тізімін көре алады. Сондай-ақ олар биыл бірінші сынып оқушыларын қабылдайтын барлық педагогтармен онлайн режімінде танысу мүмкіндігіне ие. Яғни, базада әр мұғалімнің марапат, санат және жетістіктер тізімі бар құжаттама болады. Ескеретін бір жайт, егер қабылдау кезінде қандай да бір құжат жетіспесе, мектептің ол баланы қабылдамауға құқы болады, – деп түсіндірді Қарағанды қалалық білім бөлімінің жалпы және орта білім беру секторының меңгерушісі Наталья Головина.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта электронды жүйеде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі бойынша жұмыс істейтін жеке мектептер де пайда болады. Қазіргі таңда облыс орталығында жекеменшік бес мектеп жұмыс істейді. Мамыр айының соңына қарай мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға байқау ұйымдастырылады. Оның төменгі сынып оқушыларына арналған бағасы 15 780 теңгеге тең. Ал бұл қаржының қалған бөлігін ата-аналар өз қалтасынан төлейді.
Өтініштерді электронды түрде қабылдау 29 тамызға дейін жүргізіледі. Ал бұл мерзімде онлайн-өтінім беріп үлгере алмаған ата-аналар оқу мекемесінің кеңсесіне хабарласуы керек. Бұған қоса, жақын арада балаларды мектепке қабылдау мәселелері бойынша «Жедел желі» жұмыс істей бастайды.
ҚАРАҒАНДЫ