Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Жел диірмені – жаңартылмалы қуат көзі

1268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жасыл» экономиканы дамыту басымдықтарының бірі – жаңар­тылмалы энергия көздері. Мем­лекет басшысы 2020 жылға дейін жаңартылмалы энергия көздерінің 3%-ын, 50 жылға қарай 50%-ын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жел  диірмені – жаңартылмалы  қуат көзі

Желі өткір, күн шуағы мол Маңғыс­тауда аталған табиғат құбылыстарын пайдаланып, станса орнатамын десе, мүмкіндік зор. Сол себепті Маңғыстау облысында жаңартылмалы энергия көздерін дамыту бағытында бірнеше жобалар іске асырылуда. 2018 жылдың мамыр айынан бастап Мұнайлы ауданы Батыр ауылында қуаты 2 МВт күн электр стансасы пайдалануға берілсе, енді Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында құны 800 млн теңгені құрайтын жел электр стансасы іске қосылды.    

«BEST-Group NS» ЖШС компания­сы аталған станса құрылысын 2017 жылдың күз айында бастаған. Монтаж-құрылыс жұмыстарын отандық мамандар жасап, зауыттың турбиналары халықаралық сапа стандарттарына сәйкес сертификатталған. Қуаты 5 МВт-ты құрайтын кешеннің құрылысы барысында 11 жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта жұмыс орны 20-ға дейін жетпек.

– Маңғыстау облысының әкімдігі бізге Түпқараған ауданынан жер телімін берді. «Даму» қорының кепілдігімен біз субсидияланатын мөлшерлемемен банктен несие алдық. Жобаны шетелдік компаниялар инвестициялауда. Атап айтқанда, осы жобаның серіктестері мен инвесторлары америкалық және ресейлік компаниялар – Lone Star Renewable Energy Corp (АҚШ) және «Энерготехсервис» ЖШҚ (Ресей). Жал­пы жобаны іске асырудағы басты мақсатымыз – жел электр стансаларын пайдалану арқылы негізгі энергия көздерін ауыстыру, Қазақстандағы пар­никтік газ қалдықтарын азайту, сол арқылы климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына сәйкес жұмыс істеу. Енді бір айдан соң біз өз өнімдерімізді сата бастаймыз. Өнімді сатып алушылар «Есептеу және қаржы орталығы» ЖШС болмақ. Германия елінде жасалған қондырғылар арқылы станция, жел қуатын пайдалану нәтижесінде электр энергиясын өндіріп, оған қажеттілікті толық өтейтін болады. Ақшұқыр ауылының тұрғындарына, сондай-ақ ауыл маңындағы өндіріс ошақтары мен жылыжайларға электр қуаты тапшылығын жояды, – дейді жо­баның даму жөніндегі директоры Гүлнар Әбитова.

Жаңа нысаннан басқа  Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласында екі бірдей жоба іске аспақ. Қазіргі таң­да маусым айында пайдалануға бе­рілетін 42 МВт күн электр стансасы мен жыл соңында іске қосылатын 43 МВт жел электр стансасының  құрылыс-монтаждау жұмыстары  жүргізілуде.

– Сондай-ақ қазіргі таңда Энергетика министрлігімен үш жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жасақталып жатыр. Бейнеу, Жетібай және  Шетпе ауылдарында қуаты 10-15 МВт-ты қамтитын жел және күн электр стансасының кешенді жұмыстарының жоспары дайындалуда, – дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Салимов.

Бұл бағытта ауқымды міндетті ең­серу жолындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Маңғыстау облысы