Медицина • 14 Маусым, 2019

Медицина майталмандары марапатталды

753 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәрігер мамандығын таңдау үшін мейірім төгер жүрек пен үлкен адами құндылықтарды қастерлей білу қажет. Өйткені ақ желеңді жандар пациентке білімі мен білігін, жүрек жылуын сыйламаса, дендеген дертті жеңу мүмкіндігі тарыла түспек. Сондықтан дәрігерлердің алғаусыз мейірімінің өзі шипалы ем іспетті.

Медицина майталмандары марапатталды

Маусым айының үшінші жексенбісіне таман елімізде медицина қызметкерлерін құрметке бөлеген мерекелік шаралардың тізбегі басталды. Мәселен, елорда­ның Бейбітшілік және келісім сарайында Жастар жылы  және «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сында «Жастар энергиясы – елор­далық денсаулық ісінің се­нім­ді болашағы» атты медицина қызметкерлері күніне арналған ден­саулық сақтау мекемелері арасындағы «ALTYN SHIPAGER» медициналық сыйлығын табыстау рәсімі өткізілді. Қызыл кілеммен жүріп, қошеметке бөленген медицина қызметкерлерінің жүздері бал-бұл жайнады.

Астаналық медицина қызмет­кер­лері арасында аталған сыйлық­ты тапсыру салтанаты биыл екін­ші мәрте өтті. Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов әріп­тестерін құттықтай отырып, «Ең үздік жас учаскелік дәрігер» номи­нациясының жеңімпазы – «Ниет» отбасылық денсаулық сақтау ор­та­лығының жалпы тәжірибелік дәрігері Салтанат Такееваға «Алтын шипагер» мүсіншесі мен 1 млн теңге қаржылай сертификатын табыстады. Сондай-ақ министр бір топ медицина қызметкерлеріне ведомстволық грамоталар, медальдар мен мемлекеттік ордендер тапсырды. Салтанатты кеште 11 аталым бойынша сынға түскен жеңімпаздар алтындатқан лавр бұтағын иеленді. Ежелгі наным бойынша лавр ағашы – жеңіске жету, қорғау мен мәңгілік ұғымдарының және таза білімнің нышаны саналады.

Сонымен бірге кеше «Астана балет» ғимаратында «Денсаулық сақтау жүйесінің үздіктері» рес­пуб­ликалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Әр­бір науқастың жан қиналысын өз бойларыңыздан өткізесіздер, олардың жүзіндегі әрбір күлкі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты», деді Ден­саулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов марапаттау рәсімінде.

2019 жылдың құрметіне биыл 19 аталым белгіленіпті. Байқау нәти­жесінде, «Үздік дәрігер» аталымында павлодарлық онколог-хирург Тельман Әлғожин үздік деп танылды.  Әріптестері алдында мерейге бөленген жеңімпаз: «Менің еңбек өтіліме биыл – 23 жыл. 1996 жылы институт бітірісімен Павлодар облыстық онкологиялық диспансеріне жұмысқа келдім. Осы жерде табан аудармастан 20 жылдан астам уақыт еңбек ету­демін», деді.

Ал Жамбыл облысы Қордай аудандық орталық ауруханасының дәрігері, акушер-гинеколог Шы­нар Өсербаева «Үздік ауыл дәрі­гері», Ақмола облысындағы көпбейінді облыстық аурухананың медбикесі Оксана Ситнер «Үздік медбике» аталымында топ жарды.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінің 3-бөлі­мінде жұмыс істейтін Дариға Қане­това «Үздік фельдшер» атанса, «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі үздік дәрігер» аталымында Ақтөбе қаласындағы «Отбасылық медицина орталығының» дәрігері Гүлайна Ізімова ерекшеленді. Әр аталымның үздігі құрметке лайық екені анық. Ал номинация тапсыруға шыққан дәрігерге  ұзақ қол соғу сирек болатын көрініс. Өйткені ол қошаметтің жөні бөлек, ол әріптестің білігін, еңбегін бағалау. Зал толы жиылған қауым алтын қандауырлы дәрігер Жақсылық Досқалиевке құрмет көрсетті.

Сонымен «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық дәрігер» но­ми­нациясының бас жүлдесі Ал­ма­ты облысы тауарлар­ мен қызметтердің сапасын бақы­лау департаменті Іле аудандық басқармасының маманы Бағила Әбеуоваға бұйырса, қы­зылордалық Әсел Қадырәлиева «Үздік қоғамдық денсаулық сақтау ма­маны» атанып, Павлодар қаласы №3 емханасының бас дәрігері Қайырлы Қабылов «Денсаулық сақтаудағы үздік менеджер-ұйым­­дастырушы» жүлдесін же­ңіп алды. «Медициналық жо­ға­­ры оқу орындарының үз­дік оқы­тушысы» аталымында «Ұлт­тық медициналық университет» АҚ Фармация экономикасы, ұйымдастыру және басқару ка­­федрасының меңгерушісі Қай­рат Жақыпбеков топ жарды. «Медициналық колледждің үз­дік оқытушысы» жүлдесі Қос­та­най жоғары медициналық кол­леджінің оқытушысы Свет­ла­на Шулейкоға, «Денсаулық сақ­тау саласындағы үздік жас зерт­­теуші» аталымында «Семей медициналық университеті» АҚ­ деканы Аян Мысаев үздік шық­ты. Ал «Денсаулық сақтау са­ла­сындағы үздік ғалым» номинациясы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің директоры Дмитрий Бабенкоға табысталды. «Үздік санитарлық-эпидемиологиялық сараптама маманы» аталымын ғылыми-прак­­тикалық санитарлық-эпи­де­миологиялық сараптама ор­та­­лығы филиалының зертхана меңгерушісі Гауһар Нүсіпбаева иеленсе, Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің онколог-дәрігері Татьяна Хайтиди «Үздік тәуелсіз сарапшы» атанды. Сонымен бірге «Денсаулық сақтау саласындағы үздік әлеуметтік қыз­меткер» аталымында Алматы №4 қалалық емханасының әлеу­меттік қызметкері Ердос Кемал­шаев же­ңім­паз атанды.

Жеңімпаздарға диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты жиын мерекелік концертпен аяқталды.