Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Робот арқылы операция жасайды

684 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жас дәрігер, хирург Ринат Мұздыбаевты облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген тізімнен ұялы телефоны арқылы тауып, хабарластық. Дәрігер жұмыс істейтін урология бөлімін аралап, бейтаныс емделушілерді әңгімеге тарттық. «Пациенттерге жақсы қарайды, әріптестерінің бәрі құрметтейді» деді бізге осы жерде 16 жылдан бері жұмыс істейтін Галина Порягина.

Робот арқылы операция жасайды

 Урология бөлімінің бекетін­де отырған қыздардан өзіміз өмірі көрмеген дәрігер туралы­ сыр суырпақтадық. «Алтын қол­­ды дәрігер. Ол көбіне іш құры­лыстарына лапароскопиялық операциялар жасайды. Осын­да­ғы былтыр ашылған робот­тан­дырылған хирургия орта­лығында біздің бөлімнен Ринат қана операция жасай алады. Білімін жетіл­діріп, шетелде оқып келді», деді өздерін Эльвира, Арай, Таня деп таныстырған үш медбике.

Біз палата аралап жүргенде ізде­ген дәрігеріміз де қызмет бөл­месіне келіп, күтіп отыр екен. 1982 жылы Өскеменде дүниеге кел­ген, 2005 жылы Семейдің ме­ди­циналық академиясын бітір­ген Ринат Мұратханұлы 2008 жыл­дан бері Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған меди­циналық орталығының (бұ­рынғы №1 қалалық аурухана)  уро­логия бөлімінде еңбек етіп келеді. «Операцияларды роботтың көмегімен де, лапароскопиялық тәсілмен де жасаймыз. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен ашылған роботтандырылған хирургия орталығында былтырдан бері 100-ден астам операция ж­а­садық. Әрине, бригадамен, ко­ман­­дамен жұмыс істейміз. Оның ішінде хирург те, уролог та, онколог та бар» дейді бірінші санатты уро­лог-дәрігер.

Ринат 2017 жылы өңірдегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасы аясында Германия мен Италия мемлекеттеріне барып, робот көмегімен операция жасаудың қыр-сырын сол жақтағы ма­мандардан үйреніп қайтыпты. «Әри­не, роботты ашық операциямен са­лыстыруға келмейді. Десек те ар­тықшылықтары көп. Мәселен, адамның аты адам ғой, операция барысында кейде дәрігердің қолы дірілдеуі мүмкін. Ал робот нақты. Сәл баяу болуы мүмкін, бірақ дәл. Бағдарламаны қоясың, болды. Роботтың қолдары да икемді. Адамнан гөрі мүмкіндігі зор. Адам істей алмайтын дүниелерді жасайды. 360 градуста емін-еркін бұрылады. Тез емдеп, тез тігеді. Робот пен лапароскопия ашық опе­рацияларды азайтуға септігін ти­гізді» дейді ол.

Сөз арасында бұған дейін қан­­ша операция жасағанын да сұ­ра­дық. «Есімде жоқ, санамаппын. Біз­ мерген емеспіз ғой» деп қыс­қа қа­йыр­­ды.

Жас дәрігер былтыр Елбасының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталыпты. 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есі­мі» жобасының облыстық кезе­ңіне қатысты. «Мені кім ұсын­ға­нын өзім де білмедім» деп таң­да­нады өзі.

Иә, Ринат Мұратханұлы қақ-соқта ісі жоқ, атақ-абырой соңынан алаөкпе болып жүгірмейтін қара­пайым дәрігер.

ӨСКЕМЕН