Қоғам • 14 Маусым, 2019

Дүниеге келер әлі талай Қасым...

669 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маусымның 9-ы кезектен тыс Президент сайлауынан бөлек, тағы бір жағымды жаңалықпен есте қалар. Бұл күні бас ша­һар­дың демографиялық архи­тектурасында оң динами­ка байқалды. Анығырақ айт­қан­да, 30 сәби дүние есігін ашты.

Дүниеге келер әлі талай Қасым...

Мәселен, Жаңарған Қарабала және Әсел Әнетова тұла бойы тұңғыш ұлдарының есімін Қасым-Жомарт деп қоюды ұйға­рыпты. Айта кетерлігі, жас ананың толғағы дәл сайлаудан кейін басталып, түнгі сағат 00:00-де шекесі тор­сықтай сәби өмірге келді. Міне, араға үш күн салып Қасым-Жомарт Жаңар­ғанұлын перзентханадан шы­ғару салтанаты Қазақстан Прези­ден­тін ұлықтау рәсімімен тұспа-тұс келді.

– Тұңғышымыз ел тарихындағы маңызды сәттердің бірінде туғанына қуаныштымын. Яғни маусымның 9-нан 10-на қараған түні ұлымның кіндігі кесілді. Перзентханадан шы­ғарылатын күн Президент ұлық­тауымен сәйкес келгеніне де таңыр­қағанымыз рас. Баланың есімін таңдауға келгенде ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың біріне түсетіні анық еді. Ел тарихына қарасақ, Қасымдар аз болмады. Сонау орта ғасырдағы Қазақ хандығының негізін салған әз Жәнібектің ұлы Қасым ханның тұсында жеріміз ұлғайып іргелі елге айналғанымыз баршаға белгілі. Сонымен қатар атақты партизан-жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің өзі бір төбе. Сол секілді дауылды поэ­зиясымен Алты алашқа аты мәшһүр Қасым Аманжоловты атап өтуге болады. Әлбетте жаңа дәуірдегі жаңа Президентіміздің атын негізге ала отырып Қасым-Жомарт деп баламызға азан шақырып, есімін қойдық, – дейді Ж. Қарабала.


Жақсылық Мұратқали