05 Сәуір, 2013

Заңға бағынбаған жерде береке болмайды

370 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заңға бағынбаған жерде береке болмайды

Жұма, 5 сәуір 2013 2:09

Көктемге салым қырғыз ағайындардың арасында белсенділік күшейеді. Бұған дейін екі рет революция болып, президенттерін шетелге қуып тастаған. Биыл да революция болуы мүмкін деп жорамал айту қиын, бірақ халықтың белсенділігі күшейгені анық.

 

Жұма, 5 сәуір 2013 2:09

Көктемге салым қырғыз ағайындардың арасында белсенділік күшейеді. Бұған дейін екі рет революция болып, президенттерін шетелге қуып тастаған. Биыл да революция болуы мүмкін деп жорамал айту қиын, бірақ халықтың белсенділігі күшейгені анық.

Көктем оңтүстіктен басталады, белсенділік те елдің оңтүстігінен аңғарылды. Жалалабад және Ош облыстарында ол айқын көрінді. Митинг,  шерулер  өз алдына, жалал­а­­б­­­­­ад­­­­тықтар 24 наурызда құрылтай да өткізіп тастады. Оны Бакиевтің заманында билікте болған Үсен Сыздықов ұйымдастырып, 15 мың адамның басын құрады. Онда «Ел үні» қозғалысы құрылып, қазіргі билікті айыптаған шешім қабылдады. Айыптың үлкені – қазіргі басшылар наурыз және сәуір революция­ларынан қорытынды жасамаған, парламенттік билік «қайтадан авторитарлық президенттік билікке ойысып бара  жатыр». Нақты талап: былтырғы жылғы 3 қарашада «мемлекеттік төңкеріс жасау әре­кетін» ұйымдастырушылар – «Атажұрт» партиясынан депутаттар Қамшыбек Ташиев, Талант Мамытов және Садыр Жапаровтарды қамақтан босатып, «Құмтөр» алтын кен орнын шетелдіктерден мемлекет меншігіне алу болды.
Бұл бір бүгін айтылып жүрген нәрсе емес, біраздан бері сөз болып жүрген жай. Енді оған оппозиция халықтық сипат беруге тырысып отыр. Бұл жерде олар түрлі айла-шарғыдан да тайынар емес. Соңғы кезде түрлі саяси шараларға әйел азаматтарды көптеп қатыстырып қана қоймай, соларға сөз айтқызу әдетке айналып бара жатқандай. Қырғыз, қазақ – ананы қадірлеген халық, олардың айтқан сөзі жерге тасталмайды. Кейде бір ел арасында қантөгіске соқтырғандай жағдай қалыптасып, екі жақ шарпысқалы тұрғанда, қолына ақ жаулығын алып, ананың жұртты қырқысудан құтқарған кезі де болған. Ал мұндағылар өздерінің ластау істеріне ананың ақ пейілін пайдаланғысы келеді, өздерінің жосықсыз талаптарын ақ жаулықты ананың, қарт кейуананың аузына салады.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елдің оңтүстігін аралаған кезде осындай жағдайға кездесіпті. Кім біледі, өзінің беделіне сенді ме екен, жұртты тыншытуды ойлағаны анық қой, президент халықпен тікелей кездесуді жоспарлаған. Бірақ бұл жоспары жүзеге аспапты. Түрлі белсенділердің ықпалында жүрген халық өз президентін тыңдай қоймаған. Басты талап: «Атажұрт» партиясының қамауда жатқан депутаттарын босат дейді. Президенттің олардың ақ-қаралығын заңға сүйеніп, сот шешеді деген сөзін қабылдамайды. Жалалабад орталық алаңына жиналғандар атынан сөйлегендер: «Сен өзіңнің жарлығыңмен оларға кешірім жасай аласың, Жарлығыңды осы жерде шығар», деп айқайлаған. Президенттің «Заңды сыйлайық, сотты тыңдайық. Заң алдында жұрттың бәрі тең – депутат та, министр де, қарапайым адамдар да, президент те», – деген сөзін ешкім естігісі келмеген.
Заң демекші, өткен жұма күні «Атажұрт» партиясының депутаттарына және олардың жоғарғы кеңестің ғимаратына күшпен кірмек болған әрекеттерін қолдағандарға сот болды. Сот үйінің маңында «бұрынғы депутаттарды» жақтаушылардың 200 адам қатысқан митингісі өтіпті. Соған қарамай, сот үкім шығарған. Сірә, оппозиция әрекеттерінің ықпалы да болған-ау шамасы, жаза жеңілдеу көрінеді. Мемлекеттік айыптаушылар Ташиевті – 10 жылға, Маматовты 9 жылға соттауды сұраса, сот оларды тиісінше 1,5 және 1 жыл еркінен айыруға кесіпті. Бірақ жазаның аты – жаза.
Бұл елдегі саяси белсенділіктің сипатына қарағанда, соттың бұл шешімі де алда талай айқайға негіз болар дейсің. Ағайын елде айқай көп болып жатады. Жұрттың белсенді болғаны да, өз ойларын білдіргені де жақсы. Тек оның саяси ойынға айналғаны жақсы емес-ау. Ал жұрттың әлде бір билікқұмарлардың ойыншығына айналғаны мүлде жақсы емес.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».