11 Сәуір, 2013

Шарайна

269 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 1:55

Қытайды сын тезіне алды

АҚШ сенаторы Джон Маккейн Қытайды Солтүстік Кореяға қатысты проблемаға араласпай отыр деп сынады. Оның пікірінше, Пекин КХДР-ге ықпал етудің түрлі тетіктеріне ие. Бұған дейін Ақ үй Ресей мен Қытайды КХДР-ді тежеуде белсендірек  қимылдауға шақырған болатын.

 

Бейсенбі, 11 сәуір 2013 1:55

Қытайды сын тезіне алды

АҚШ сенаторы Джон Маккейн Қытайды Солтүстік Кореяға қатысты проблемаға араласпай отыр деп сынады. Оның пікірінше, Пекин КХДР-ге ықпал етудің түрлі тетіктеріне ие. Бұған дейін Ақ үй Ресей мен Қытайды КХДР-ді тежеуде белсендірек  қимылдауға шақырған болатын.

Сенатор Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға қатысты былай деп мәлімдеді: «Мен бұл жас жігіттің қандай ойын ойнап отырғанын түсінбедім. Бірақ оның соғыс шегіне жақын тұрғаны анық». Қазіргі кезде Қытайдың өзі де Солтүстік Кореямен арадағы шекарасын жапты. Осы аралықта Оңтүстік Корея да Ресей мен Қытайдан солтүстіктегі көршісін ақылға келуге шақыруды өтінді.

 

Асад Түркияға айып тақты

Сирия президенті Башар Асад Түркия үкіметін лаңкестер деп атап отырған сириялық көтерілісшілерге көмек көрсетуде деп айыптады. Сирия президенті Түркияның оппозициялық телеарнасындағы эфирден көрінген болатын.

Б.Асад Түркия премьер-министрі Реджеп Ердоғанға Сириядағы жанжал басталғалы бері бір ауыз шын сөз айтқан жоқ деген кінә артты. Сирия президентінің пікірінше, Түркия лаңкестер екенін біле тұра көтерілісшілерге қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Б.Асад Сирия режімі құлаған жағдайда мұның кері бүкіл өңірге келетінін атап өтті. БҰҰ-ның бағалауы бойынша, қарулы қақтығыс басталған сәттен бері елде 70 мыңдай адам көз жұмса, босқындар саны 1 миллионнан астам адамды құрайды.

 

Иран аза тұтып жатыр

Кеше таңертең Иранда соңғы екі күнде екінші мәрте жер сілкінісі тіркелді. Қазіргі кезде белгілісі – 37 адам опат болса, 850-і жараланған. Сейсмологтардың хабарлағанындай, жер сілкінісінің эпицентрі Иранның Бушер провинциясының әкімшілік орталығынан 94 шақырым жерде болған.

Еске сала кетсек, алғашқы жер асты дүмпулері 9 сәуірде Ирандағы Бушер АЭС-іне таяу жерде орын алған еді. Жер сілкінісінің магнитудасы 6,3 балл болса, ол тіпті Парсы шығанағының келесі жағалауында орналасқан Біріккен Араб Әмірліктерінде де сезілген. Қазіргі кезде Ресей делегациясы Бушердегі АЭС-тің жағдайын бақылауларына алған. Тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун кез келген қажетті халықаралық қолдауға дайын екенін білдірді.

 

Гуантанамоны жабуға шақырды

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллай Америка парламентінің барлық тармақтарын Гуантанамодағы түрмені жабу үшін күш біріктіруге шақырды. Ол түрмеде халықаралық құқық нормалары бұзылып келе жатқанын атап көрсетті.

Осыдан төрт жыл бұрын Пиллай АҚШ президенті Барак Обаманың Американың Кубадағы әскери базасы аумағында орналасқан түрмені жабамын деген уәдесін құптап қуаттаған болатын. Бірақ, қазіргі кезде ол бұл бағытта ештеңе өзгермегеніне қапалы көрінеді. Пиллай атап өткендей, жақында орын алған аштық жариялау тұтқындардың төзімі таусылғанын білдіреді. Лаңкестікке қатысы бар деп айып тағылған 160 күдіктінің кейбірі Гуантанамода 10 жылдан астам уақыттан бері отыр.

 

Мәскеу бюджетіне ауыр салмақ

Биылғы қарлы қыс Мәскеу бюджетіне қосымша 1,2 млрд. рубль салмақ салды. Бұл жөнінде Мәскеу қалалық думасы бюджет-қаржы комиссиясының төрағасы Игорь Антонов мәлімдеді. Ал қосымша қаржы негізінен қар шығару, көшелерді қардан тазалау мақсатында жұмсалған.

Енді Мәскеудің 2013 жылғы бюджетін қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Бюджетке түзетулер, тұтастай алғанда, Мәскеу шығынын үстіміздегі жылы тағы 87 млрд. рубльге ұлғайтып, оның жалпы сомасын 1,805 триллион рубльге жеткізуді көздейді. Осы жерде айта кететін бір жәйт – Мәскеу мен Мәскеу облысының Гидрометеобюросы 2012-2013 жылдарғы қыста жауған қар көлемі жөнінен метеобақылау жүргізіле бастаған 1879 жылдан бері алғаш рет рекордты болғанын, яғни 329 см қар түскенін жариялаған еді. Ал қалыпты норма – 152 см.

 

Бір жынысты неке заңдастырылды

Франция Сенаты бір жынысты некені заңдастыру туралы заң жобасының бірінші бабын мақұлдады. Атап өтілгеніндей, жаңа норманы жақтап 179 сенатор өз дауыстарын берсе, 157-сі қарсылық танытқан. Аталған бап парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблеядан түскен түрінде ешқандай түзетусіз қабылданған.

Мақұлданған бірінші бап бір жыныстылардың некеге тұруларын құқықтық тұрғыдан бекітеді. Жақын күндері Сенатта құжаттың басқа баптары бойынша талқылаулар өтетін болады. Ол баптар, атап айтқанда, бір жынысты жұптардың балалар асырап алу тәртібін белгілейді. Сөз ретінде айта кетсек, Францияның Ұлттық ассамблеясы бір жынысты некені заңдастыруға және бала асырап алуларына қатысты заң жобасын үстіміздегі жылғы ақпанның басында мақұлдаған еді.

Қысқа қайырып айтқанда:

 АҚШ  президенті Барак Обама ислам содырларына қарсы соғысып жатқан Сомали үкіметіне әскери көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Обаманың сөзіне қарағанда, әскери көмек өңірде бейбітшілік орнатуға және Американың қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі.

Ресей Қорғаныс министрлігі жаңа радиоэлектронды жер серігі бақылау жүйесін құру үшін шамамен 70 млрд. рубль шығындайтын болды. Бес ғарыш аппаратынан тұратын жүйені жасауға жарияланған конкурсты Лавочкин атындағы ғылыми-өндірістік бірлестігі жеңіп алды.

Малайзия парламентіне кезектен тыс сайлау 5 мамырға белгіленді. Үміткерлердің тіркелетін соңғы күні 20 сәуір делініп отыр. Бұдан кейін сайлауалды бәсекелері басталады. Ел премьер-министрі Наджиб Разак парламентті тарататынын 3 сәуірде жариялаған-тын.

Германия мен Австрия шекарасында 27 жастағы неміс азаматынан Ресей президенті Владимир Путиннің атындағы жүргізуші куәлігі кәмпескеленді. Аты-жөні айтылмайтын неміс азаматы жүргізуші куәлігін Ресейдегі базарлардың бірінен сатып алған көрінеді. Қылмыстық ниеті жоқтықтан, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.