Шарайна
Сенбі, 13 сәуір 2013 1:13
Мурси беделін жоғалта бастады
Египет президенті Мохаммед Мурсидің беделі наурыз айында барынша төмендеген. Оны Baseera египеттік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген жаңа сауалнама дәлелдеп отыр.
Сенбі, 13 сәуір 2013 1:13
Мурси беделін жоғалта бастады
Египет президенті Мохаммед Мурсидің беделі наурыз айында барынша төмендеген. Оны Baseera египеттік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген жаңа сауалнама дәлелдеп отыр.
27-28 наурызда телефон арқылы жүргізілген сауалнама египеттіктердің 47 пайызының Мурсидің іс-әрекеттерін теріс бағалайтынын көрсеткен. Ол билікте болған алғашқы жүз күнде бұл көрсеткіш 78 пайыз деңгейінде болатын. Сол сияқты зерттеу нәтижелері жоғары білімді адамдардың ортадан жоғары емес білімі бар адамдарға қарағанда президент жұмысын айтарлықтай төмен бағалайтынын көрсеткен. Сонымен бірге, сауалнама нәтижелері бүгінде іс басындағы президентке балама жоқ екенін, әлі де оның көпшіліктің қолдауына ие болатынын да көрсетіп берген.
Ереуілші студенттер қамауға алынды
Чилиде елдегі білім беру жүйесіне қарсы наразылық акциясына қатысқан жүзден астам адам қамауға алынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ереуілге шамамен 150 мыңдай адам қатысқан.
Акция алғашында бейбіт сипатта болғанымен, кейін келе беттерін байлап алған жастар полицейлерге тас және басқа да заттар лақтырған. Осыдан кейін құқық қорғау қызметкерлері газ және су атқыш қолданған. Сөз орайында Чилиде оқушылар мен студенттер наразылықтарының 2011 жылдың көктемінен бері жалғасып келе жатқанын айта кету қажет. Ереуілшілер елде Пиночет режімінен кейін сақталып қалған жоғары білім беру жүйесін реформалауды талап етуде.
Президент жемқорлыққа қарсы күрес ашты
Франция президенті Франсуа Олланд бүкіл әлемдегі жеңілдікті салық салу аймақтарын жоюға шақырды. Ол мұндай мәлімдемені елде моральдық стандарттарды бекіту туралы үкіметтік заң жобасын ұлттық жиналысқа енгізгеннен кейін жасады.
Президент атап көрсеткендей, Францияда сыбайлас жемқорлықпен және қаржылық алаяқтықтармен күресетін жаңа орталық агенттік құрылатын болады. 15 сәуірге дейін үкіметтің барлық министрлері жаңа қаржы тәртібін енгізу науқаны шеңберінде өздерінің жеке жағдайлары туралы мәліметтерді декларациялауға міндетті. Сол сияқты француз банктері жыл сайын өздерінің бүкіл әлемдегі филиалдарының толық тізімін және олардың қызметі туралы мәліметтерді жариялап тұруы тиіс.
Болашақты болжайтын машина ойлап тапты
Иран Ислам Республикасы ғылым мен техникадағы жетістіктерімен планетаны таңғалдыруын жалғастыруда. Тегеранның атом энергетикасын дамытуда ерекше табыстарға жеткені белгілі. Таяуда ғана ирандық маймылдың ғарышқа ұшқаны туралы айтылған болатын. Енді кезекті сенсация пайда болды.
Ирандық ғалым өзінің болашақты болжауға қабілетті құрал ойлап тапқанын мәлімдеп отыр. Оның өз жаңалығына қатысты алған патентінде дәл солай деп атап көрсетілген. Өнертапқыш Әли Разеги Иранның мемлекеттік патент бюросы – Стратегиялық зерттеулер орталығынан «Уақыт машинасын» ойлап тапқаны үшін патент алған. Әлидің айтуынша, оның машинасы кез келген адамның болашағын 98 пайыз дәлдікке дейін айна-қатесіз айтып бере алады.
Компьютер саудасы 14 пайызға құлдырады
InternationalDataCorporation сараптамалық компаниясының хабарлауынша, дербес компьютерлер саудасы үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 14 пайызға құлаған. Бұл 1994 жылдан бергі компьютерге деген сұраныстың ең алғашқы төмендеуі болып отыр.
Аталған сараптамалық компания мамандары оны түрлі елдердегі сатып алушылардың өздерінің ескірген дербес компьютерлерін жаңартудың орнына планшеттер мен смартфондарды белсенді сатып ала бастауымен түсіндіреді. Сонымен бірге сарапшылардың болжамынша, дербес компьютерлер бағасының өсе түсуі де олардың сату көлемінің қысқаруына тікелей әсер еткен болуы мүмкін.
Зымыран ұшыру кейінге қалдырылды
Солтүстік Корея Windows 8 басқаруындағы бағдарламалық қамтамасызетуден туындаған проблемаға байланысты орта қашықтыққа арналған«Мусудан» баллистикалық зымыранын ұшыруды кейінге қалдырды. Бұлтуралы КХДР ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып New Yorkerжурналы хабарлаған.
Басылым журналистерінің айтуларынша, солтүстіккореялық зымырандар таяу уақыттарға дейін Windows-95 арқылы ұшырылып келген. Бірақ ел басшылығы операциялық жүйе нұсқасын жаңартпақ болған сыңайлы. «Мусуданның» енді қай уақытта ұшырылатыны туралы әзірге хабарланған жоқ.
Адамды кепілдікке аламын деп оққа ұшты
Американың Джорджия штатындағы Савани қаласында өрт сөндірушіні кепілдікке ұстап тұрған ер адамды арнаулы бөлім қызметкерлері атып өлтірген. Бұл туралы құқық қорғау органдарына сілтеме жасай отырып Ассошейтет Пресс агенттігі хабарлаған.
Қылмыскердің назарын басқа жаққа аудару үшін арнайы жасаған жарылыс салдарынан кепілдегі адамдар жеңіл ғана жарақаттар алған көрінеді. Ер адамның өрт сөндірушіні неліктен кепілдікке алғаны белгісіз күйінде қалып отыр. Бір белгілісі, оған бұған дейін мәжбүрлеп қоныс аудару және электр қуатын ажырату туралы ұсыныс хат берілген екен.
Филиппинде күшті жер сілкінісі болды
Филиппиннің Лусон аралының солтүстігінде бейсенбі күні магнитудасы 6,1 баллдық жер сілкінісі болды. Осы ауданда тағы да жер сілкінісінің орын алуы мүмкін деген қауіп бар.
Филиппиннің вулкантану және сейсмология институтының хабарлауына қарағанда, жер сілкінісінің эпицентрі Баско қаласының солтүстік шығысында 40 шақырым қашықтықта болған. Зілзала ошағы Филиппин теңізінің 25 шақырымдық тереңдігінде жатқаны да анықталып отыр. Әзірге құрбан болғандар мен қираған ғимараттар туралы мәліметтер жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.