Қазақстан • 15 Маусым, 2019

«Open Almaty» жобасы IDC CIO Excellence Awards 2019 байқауының жүлдегері

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Open Almaty» жобасы IDC CIO Excellence Awards 2019 байқауының «Клиенттік тәжірибенің үздік трансформациясы» аталымы бойынша клиенттермен кедергісіз өзара іс-қимыл жасау және адалдықты арттыру мақсатында цифрлық технологияларды қолдану және бизнес-үдерістер реинжинирингі үшін марапатқа ие болды.

«Open Almaty» жобасы IDC CIO Excellence Awards 2019  байқауының жүлдегері

Марапаттау рәсімі 13 маусымда Нұр-Сұлтанда IDC СІО Summit аясында өтті. Мүсінше түріндегі марапатты «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Жанна Төлегеноваға IDС, EMEA аймағы, аға вице-президенті Стивен Францен табыс етті.  

IDC CIO Excellence Awards 2019 байқауы ИТ-кәсіпқойлардың тұжырымдамаларды әзірлеуге және өз ұйымдарында цифрлық трансформация саласындағы бастамаларды табысты іске асыруға қосқан үлесін мойындау мақсатында ұйымдастырылған.  

Биыл байқауға Орталық Азия, Әзірбайжан және Монғолиядан атақты ИТ-көшбасшылар қатысты.

Жеңімпаздарды анықтау кезінде келесі критерийлер ескерілді: клиенттерге қызмет көрсетуде цифрлық технологияларды пайдалану және бизнес-үдерістерді жақсарту; көпжоспарлы өзара іс-қимылды дамыту және фронт-офистен бэк-офиске дейінгі интеграцияланған процесс.   

Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы 2017 жылы «Smart City» тұжырымдамасын іске асыру аясында құрылған. Жобаның мақсаты жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын арттыру және қала тұрғындарына түрлі өмірлік жағдайларды шешуде көмек көрсету болып табылады. Әрбір жүгінген адам кеңес алып, әкімдіктің, қалалық басқармалардың, прокуратураның, полицияның, Мемлекеттік кірістер департаментінің және т.б. атына өтініш жолдай алады.   

Open Almaty-да өтініштер жеке келушілерден бөлек, әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram, Twitter), http://open-almaty.kz веб-порталы және 1308 байланыс орталығы арқылы қабылданады (ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін). Бұдан басқа, порталда қалалық қызметтердің жұмыс жоспарымен танысуға болады (көшелерді, аулаларды жөндеу, саябақтар мен скверлерді абаттандыру). Open Almaty-да қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлер ресми тізілімге енбеген қызметтерді ала алады. Қоғамдық қабылдаудың  порталында түрлі салалардағы 700-ге жуық өмірлік жағдайдың қадамдық алгоритмдері орналастырылған: баланы бір мектептен басқасына қалай ауыстыруға болады, көпбалалы отбасынан шыққан бала үшін жазғы лагерьге жолдаманы қалай алу керек, жүргізуші куәлігін жоғалтқанда не істеу қажет, жобалау жұмыстарын жүзеге асыруға лицензияны қалай алу керек,  төлқұжатын жоғалтқан кезде шетелдік не істеуі тиіс және т.б. Осының барлығы мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетуге әрі сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жалпы, Open Almaty жобасы іске қосылғаннан бері 140,7 мыңнан астам өтініш келіп түсті — өтініштердің 60%-тен астамы телефон арқылы түседі. Сондықтан бұл жұмыс күшейтіледі — биыл Open Almaty базасында Бірыңғай қалалық байланыс орталығы іске қосылады. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін барлық коммуналдық, апаттық және сервистік қызметтер 109 нөміріне біріктіріледі.  

Еске салсақ, бұған дейін «Open Almaty» жобасы Словенияда өткен «Любляна Форум – 2017» байқауында үздіктер қатарынан көрініп, Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдері арасында «Қалалардың болашағы» аталымы бойынша екінші орынға ие болды. Жыл сайынғы жүлденің мақсаты Smart City-ді дамыту саласындағы жаңашыл жобаларды анықтау және көтермелеу болып табылады.

* IDC (International Data Corporation) – ақпаратты және консультациялық қызметтерді жетекші жеткізуші, ақпараттық технологиялар, телекоммуникация және тұтыну техникасы нарықтарындағы іс-шараларды ұйымдастырушы. IDC ИТ-кәсіпқойларына, басшылар мен инвесторларға техниканы сатып алу және бизнес-стратегияны таңдау туралы негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі. IDC-дің 110 елдегі мыңнан астам сарапшысы саланың әлемдік, өңірлік және жергілікті деңгейлердегі технологияларын, үрдістері мен мүмкіндіктерін зерттейді. 50 жылдан астам уақыт бойы IDC білімі компания клиенттеріне аса маңызды міндеттерді шешуге көмектесіп келеді. IDC – әлемдік ИТ-басылымдар, зерттеулер мен мамандандырылған іс-шаралар нарығындағы көшбасшы IDG компаниясының еншілес кәсіпорны.