16 Сәуір, 2013

ШАРАЙНА

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ШАРАЙНА

Сейсенбі, 16 сәуір 2013 2:19

Чавестің мұрагері жеңіске жетті

Жексенбі күні Венесуэлада өткен президенттік сайлауда билік партиясынан кандидат Николас Мадуро жеңіске жетті. Бұл жөнінде кеше «Рейтер» ақпарат агенттігі дауыс берудің ресми  нәтижесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Елдің ұлттық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, Николас Ма­ду­роны сайлаушылардың 51 пайызы қол­даған. Ал оның басты бәсекелесі оппозициядан президенттікке кандидат Энрик Каприлеске сайлаушылардың 49 пайызы дауыс берген. «Бүгін біз сайлауда әділ жеңіске жеттік деп айта аламыз», – депті Мадуро дауыс берудің ресми нәтижесі жарияланғаннан кейін.

Отыз төрт адам опат болды

Сомали астанасы – Могадишо қаласында болған террорлық әрекеттен 34 адам опат болып, ондаған тұрғын жараланды. «Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, жарылыстар сот ғимараты орналасқан аумақта жасалған.
Ақпарат көздеріне қарағанда, террорлық әрекеттер жауапкершілігін «Әл-Каеда» ұйымымен байланысы бар «Әл-Шабаб» радикалды ислам тобы алған көрінеді. Осы топтың өкілі террорлық әрекеттер Сомалиді басқыншылардан азат етпейінше жалғаса беретінін мәлімдепті. Сол күні мұндай жарылыстар ел астанасындағы әуежайда да болған екен. Соның салдарынан бес адам қаза тапқан. Оның екеуі түркиялық азаматтар. Бұл елде азаматтық соғыс 1991 жылдан бері жалғасып келеді.

Өзіне өзі айыппұл салды

АҚШ-тың Мичиган штатындағы Иония округінің судьясы Раймонд Воут сот тыңдауы өтіп жатқанда, ұялы телефоны қоңыраулатып кеткеннен кейін өзіне өзі айыппұл салды.
Жергілікті басылымдардың жазуынша, сот отырысы барысында бір іске қатысты прокурор сөйлеп жатқан екен. Сол кезде судьяның ұялы телефонына күтпеген жерден қоңырау шалынып, отырысқа қатысушыларды елең еткізсе керек. Ал судья телефонының үнін бәсеңдетуді ұмытып кетіпті. Тыңдау аяқталған соң, судья Воут сотқа құрмет көрсетпегені үшін өзіне өзі 25 доллар айыппұл салуға шешім қабылдап, оны сол сәтте кассаға төлепті. Сондай-ақ, ол кез келген судья заңға құрметпен қарауға тиіс екенін де  атап өтіпті.

Зардап шеккендер өз еліне жеткізілді

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, кеше Бельгияда туристік автобустың апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен ресейліктер Волгоград қаласына жеткізілді. Барлығы 26 адам, олардың 14-і ауыр жарақаттармен медициналық мекемелерге жатқызылды.
Ресейлік туристерді өз отанына Төтенше жағдайлар министрлігі ұшағымен әкелген. Бельгияда зардап шеккен тағы алты адам қалып отыр. Олардың барлығы кәмелеттік жасқа толмағандар, үшеуінің денсаулығы ауыр. Волгоград облысының балалары мінген туристік автобус Парижден келе жатқанда, 14 сәуірде ертеңгілік эстакададан құлап кеткен. Апат салдарынан автобустағы 39 адамның бесеуі қайтыс болған еді.

Бейбіт тұрғындар қаза табуда

Сирияда үкіметтік авиацияның соққы беруі салдарынан 25 бейбіт тұрғын қаза тапты. Олардың жартысына жуығы балалар. Бұл жөнінде кеше «Ассошейтед пресс» ақпарат агенттігі хабарлады.
Авиасоққы Дамаскідегі көтерілісшілер бақылауындағы ауданға жасалған. Бұдан бөлек үкіметтік авиация елдің оңтүстік-шығысындағы күрдтер тұратын Хадад деревньясын бомбалаған. Оның салдарынан 16 адам опат болған сияқты. Өткен жылы сириялық авиацияның шабуыл жасауынан 4,5 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапты деген мәліметтер бар.

 Ғимарат 10,6 метрге жылжытылады

Бакуде қаланың Физули көшесіне орналасқан тарихи ғимаратты 10,6 метрге жылжыту жоспарланып отыр. АРА агенттігінің хабарлауынша, бұл жобаны Нидерландының Bresser Eurasia компаниясы жүзеге асырады.
Компания басшысы Леон Свеегердің айтуынша, дайындық жұмыстары 18 сәуірде аяқталады. Жобаны жүзеге асыруға 200-ден астам гидравликалық аппарат тартылады. Ғимаратты жылжытуға бес күндей уақыт кетеді. Үш қабатты тұрғын үй 1908 жылы салынған екен. Үйдің ұзындығы – 52 метр, ені – 35 метр, биіктігі – 20 метр. Оның салмағы – 18 мың тонна. Ғимаратты жылжыту көшелерді кеңейту үшін қажет.

Қысқа қайырып айтқанда:
* АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буш алғаш рет немерелі болды. Оның қызы Дженни өмірге қыз бала әкелді.
* Германия тұрғыны лотереядан 46 миллион еуро ұтып алды. Хельсинкиде өткен бұл лотерея ойынына Еуропадағы 14 елдің тұрғындары қатысқан екен.
* Қытайдың Хубэй провинциясындағы қонақ үйден шыққан өрттен 14 адам мерт болып, 47 адам зардап шекті.
* Дубай соты тәжікстандық оппозиционер әрі саясаткер Умарали Кувватовты өз еліне қайтару жөнінде санкция берді. Ол өткен жылдың желтоқсанында БАӘ аумағында ұсталған болатын.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.