ШАРАЙНА
Сәрсенбі, 17 сәуір 2013 2:15
Бостондағы тағылық әрекет
АҚШ-тың Бостон қаласындағы марафон кезінде қосарланған жарылыс жасалды. Лаңкестіктің осындай тағылық түрінен 3 адам қаза тапса, 100-ден астам адам жараланған. Бұл туралы арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында Бостон полициясының өкілі хабарлады.
Сәрсенбі, 17 сәуір 2013 2:15
Бостондағы тағылық әрекет
АҚШ-тың Бостон қаласындағы марафон кезінде қосарланған жарылыс жасалды. Лаңкестіктің осындай тағылық түрінен 3 адам қаза тапса, 100-ден астам адам жараланған. Бұл туралы арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында Бостон полициясының өкілі хабарлады.
Осы аралықта CNN жергілікті ауруханалардан түскен мәліметтерге сілтеме жасай отырып, лаңкестік салдарынан кем дегенде 140 адамның зардап шеккенін жария етті. Олардың 17-сі әл үстінде жатса керек. Ал жарылыстар жыл сайын өтетін, биыл шамамен жарты миллионға жуық адам қатысқан Бостон марафонының қорытынды кезеңінде арасына 20 секунд үзіліс салып жасалған. АҚШ президенті Барак Обама кінәлілерді тауып, жазалауға уәде берді.
Оппозицияшылардың наразылығы
Ұлттық сайлау комиссиясы президенттік сайлауда билеуші партиядан кандидат Николас Мадуроның жеңісін жариялағаннан кейін, оппозициядан президенттік сайлауға түскен Энрике Каприлестің мыңдаған жақтастары Венесуэла астанасының көшелеріне наразылық акциясына шықты.
Ресми мәліметке сүйенсек, Мадуроны сайлаушылардың 50,75 пайызы қолдаса, Каприлеске 48,97 пайызы өз дауыстарын берген. Каприлестің дауыс берудің қорытындыларын мойындамағаны белгілі. Оны АҚШ пен Араб мемлекеттерінің лигасы қолдады. Ал демонстранттар билікті сайлау қорытындыларын бұрмалады деп айыптады және дауыстарды қайта санауды талап етті. Тобырды тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолданған.
Оңтүстік Кореяға ультиматум қойды
КХДР-дің жоғарғы командованиесі Оңтүстік Кореяға Пхеньянға қарсы бағытталған жаулық қызметті тоқтатуды талап етіп, ультиматум жариялады. Солтүстік Корея армиясы командованиесінің ресми мәлімдемесінде КХДР-дің бүкіл армиясы мен халқының осы адам айтқысыз қылмысқа байланысты өкпелері қара қазандай екені мәлімделеді.
Текст мәтінінен белгілі болғанындай, бұл жерде КХДР қылмыс деп оңтүстіккореялық белсенділердің КХДР-дің негізін қалаушы Ким Ир Сеннің 101-ші туған күні Сеулде сондай-ақ оның ұлы Ким Чен Ирдің және қазіргі ел басшысы Ким Чен Ынның портреттерінің өртелгенін есептеп отыр екен. Ультиматум мәтініне сәйкес, жаңа осындай әрекеттер көрініс берген жағдайда КХДР өзінің жауларын ешқандай ескертусіз шабуылдайтыны атап көрсетіледі.
Қысқа қайырып айтқанда:
* КХДР мен Оңтүстік Корея шекарасындағы Чхворвон уезінде америкалық тікұшақ апатқа ұшырады. Ол Солтүстік Корея тарапынан атып түсірілді деген де қауесет бар.
* Бакуден 30 шақырым жердегі Сабунчи ауданындағы Забрат кентінің тұрғындары оны Әзербайжанның экс-президенті Гейдар Алиевтің құрметіне Гейдарабад деп өзгертуді ұсынып отыр. Осы бастаманы қолдау үшін енді қол жиналмақ.
* Бішкектегі Жеңіс саябағынан белгісіз біреулер Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев осы сәуір айының басында отырғызған сакура ағашының өскіндерін ұрлап кеткен. Бұл жерде әңгіме 14 өскін туралы болып отыр.
* Ресей Мемдумасының депутаттары Қылмыстық кодекске дінге сенетіндердің сезімін қорлағаны үшін жазалауды қарастыратын жаңа бап енгізуден бас тартуға шешім қабылдады.
Қайта құрылымдау салдары ауыр
Кипрдегі аса ірі банктердің салымшылары билік қолға алған қайта құрылымдау салдарынан 8,3 миллиард еуроға дейін жоғалтуы мүмкін. Мұны Еурокомиссияның соңғы бағамдауларына сілтеме жасай отырып, «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Кипрдің банк жүйесі көп жағдайда шетелдік салымшыларға тәуелді. Сонымен бір мезгілде, қайта құрылымдау ұсақ салымшылар мен акционерлерге де оңайға соқпайын деп отырған сыңайлы. Сөйтіп, ірі және ұсақ салымшылардың жиынтық жоғалтатын қаржысы 10,6 миллиард еуроны құрауы ықтимал. Ал, банктерде 100 мың еуродан аз ақшасы барлар ешқандай зардап шекпейді.
Шау тартқандардан қайтарым аз ба?
Украинаның Радикалды партиясының серкесі Олег Ляшко Жоғарғы рада депутаттары үшін ең шектеулі жас – 65 жасты енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, аталған жастан асқандар мемлекеттік қызметтен босатылулары тиіс. Осыған қатысты заң жобасын Ляшко ел парламентінде тіркеткен.
Украиналық радикал өзінің бастамасын жастар үшін жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігімен түсіндіріп отыр. Ляшко атап көрсеткендей, Жоғарғы раданың көптеген депутаттары асарын асап, жасарын жасағандар және бойындағы барларын беріп болғандар. Сондықтан орындарын белсенді және перспективалы жастарға босатып бергендері жөн. Өйткені, қазіргі кезде парламент жаңаша ойлайтын жастарға зәру. Ал бүгінде Жоғарғы радада 80 жастағы Эфим Звягильский де қыңқ етпестен отырған көрінеді.
27 жыл оқшау күн кешкен
Американың Мэн штатындағы Рим қаласында полиция 27 жыл бойы өркениет ортасынан саяқ өмір кешкен, іс жүзінде жан баласымен байланысқа түспеген Кристофер Найтты ұстады. Ол елді мекендерге тек күнкөріс үшін, яғни тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік ұрлау үшін жасырын түрде ғана барып тұрған.
Полиция 47 жастағы Найттың 1000-нан астам осындай қылмыстарға қатысы болуы ықтимал деп күдік келтіріп отыр. Ол саяқ өмір кешу үшін орманға 1986 жылы біржолата кеткен. Бірақ мұны не үшін жасағанын түсіндіріп бере алмайды. Оның мәлімдеуінше, жеке-дара болғысы келіпті. Найт, бір қарағанда, орманда жалғыз өмір сүретін жабайыға еш ұқсамайды екен. Ұсталған кезде әжептәуір киімі, ескі үлгідегі көзілдірігі болыпты.
Ақпарат агенттіктері материалдарының
негізінде әзірленді.