18 Сәуір, 2013

ШАРАЙНА

206 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ШАРАЙНА

Бейсенбі, 18 сәуір 2013 2:01

Күдікті қолға түсті

Полиция Бостондағы марафон кезінде орын алған екі бірдей терактіні жасады деген алғашқы күдіктіні ұстады. Күдікті туралы әзірге тек оның Сауд Арабиясының өкілі екені ғана хабарланып отыр.

Бейсенбі, 18 сәуір 2013 2:01

Күдікті қолға түсті

Полиция Бостондағы марафон кезінде орын алған екі бірдей терактіні жасады деген алғашқы күдіктіні ұстады. Күдікті туралы әзірге тек оның Сауд Арабиясының өкілі екені ғана хабарланып отыр.

Жарылыс кезінде ол жарықшақ жарақатын алған. Сондықтан қазіргі уақытта Бостондағы күзет қойылған ауруханада жатқан көрінеді. Бостон полициясы қаладағы Президенттік кітапхана мен Джон Кеннеди атындағы мұражайда тағы бір жарылыстың болғанын хабарлаған. Дегенмен, полицияның болжамынша, бұл оқиғалардың бір-біріне қатыстары жоқ. Сонымен бірге, Бостондағы жарылыстан зардап шеккендер санының 141 адамға жеткенін де айта кету қажет.

«Темір күмбездің» пайдасы тимеді

17 сәуір күні таңғы сағат 9-дар шамасында Израильдің курортты қаласы Эйлатқа Египетке қарасты Синай түбегі жағынан екі «Град» зымыраны ұшып келген. Зымыранның  құла түздегі құрылысқа құлауына байланысты зардап шеккендер жоқ.
Эйлатта осы оқиғаға байланысты жергілікті әуежай жұмысы тоқтатылған. Израиль полициясының баспасөз хатшысы Мики Розенфельдтің айтуынша, қазіргі уақытта Эйлатта қатаң қауіпсіздік шаралары қабылданған. «Темір күмбез» аталатын әуе шабуылына қарсы батарея Эйлат қаласының жанына сәуірдің басында орнатылған екен. Бірақ ол зымыранға қарсы әрекет жасай алмаған көрінеді.

Француз министрлері байлықтарын паш етті

Француз министрлері алғаш рет өздерінің табыстары туралы есеп берді. Күткендегідей, олардың швейцарлық банктерде есеп-шоттары жоқ екені анықталды.
Ең қызығы, үкімет басшысы емес, сыртқы істер министрі Лоран Фабиус ең бай адам болып шыққан. Өнер туындыларын сатумен айналысатын бай саудагерлер әулетінен шыққан Фабиус өз дәулетін 6 миллион еуродан астам деп бағалаған. Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Марисоль Туреннің байлығы 1,4 миллион еуроны құрайды екен. Сондай-ақ, оның Парижде бірнеше пәтері бар көрінеді. Француздар бүгінде министрлердің байлығын қызу талқылауда. Сонымен бірге, олар байлықтарын толық көрсетіп отырған жоқ деген күмән да айтады екен.

Сирияда жаппай амнистия жарияланды

16 сәуірде Сирия президенті Башар Асад 2013 жылдың 16 сәуіріне дейін қылмыс жасағандардың бәріне амнистия жариялады. Дегенмен, үкімет түрмедегілердің қаншасына рақымшылық жасалатынын хабарлаған жоқ.
Оппозициялық Сирия ұлттық коали­циясының лидері Моаз әл-Хатибтің атап өтуінше, егер ешқандай кінәсі жоқ 16 мың бейбіт тұрғындар босатылмайтын болса, амнистияны үкімет тарапынан жасалған оң қадам деп бағалауға болмайды. Ал адам құқықтары жөніндегі бақылаушы кеңестің бастығы Рами Абдел Рахман амнистияның саяси тұтқындарға қатысы жоқ екенін, сондықтан, оны жаппай амнис­тия деп айтуға болмайтынын атап көрсеткен.

Пәкстан әскерлері көмек көрсетуде

Пәкстан Үндістаннан Таяу Шығысқа дейінгі орасан зор аумақты қамтыған қуатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін өз әскерилерін жөнелтті.
Ел өкіметінің мәліметтеріне қарағанда, Белуджистан провинциясында қырықтан астам адам қаза тапқан. Ал жарақат алғандар түрлі бағалаулар бойынша 150-200 адамды құрайды. Жер сілкінісінің 7,8 балды құраған эпицентрі Иранның Оңтүстік Шығысындағы, Пәкстанмен шекаралас Хаш қаласына жақын жерде болған көрінеді. Систан және Белуджистан провинциялары Ирандағы ең кедей өңірлер болып табылады. Мұнда адамдар балшықтан жасалған баспаналарда тұрады. Қаза тапқандардың аз болуына да осы жағдай әсер еткен.

Сенаторға у салынған хат жолданды

Америка конгресінің мүшелеріне арналған пошта бөлімшесіне ішіне өте қауіпті рицин уы салынған хат келіп түскен. Ол Миссисипи штатынан сайланған республикашыл-сенатор Роджер Уикердің атына жолданған көрінеді.
Зертханалық сараптама хаттың ішінде удың бар екенін анықтаған. Полиция шұғыл түрде барлық заң шығарушыларды орын алған оқиға жөнінде құлақтандырған. Ал сенатор-демократ Кэр Маккаскил осы іске қатысты күмәндінің бар екенін хабарлап та үлгерген. Оның айтуынша, заң шығарушыларға жиі хат жазып тұратын бір адам бар және оның есімі қауіпсіздік қызметіне мәлім.

Ереуіл соңы қақтығысқа ұласты

Оппозиция өкілдері ұлттық сайлау кеңесінен кезектен тыс президент сайлауында берілген дауыстарды қайта санауды талап етіп, Венесуэла астанасында шеру ұйымдастырды.
Дүйсенбі күні болған марш кезінде ереуілшілер мен полиция арасында қақтығыс орын алған көрінеді. Осыдан кейін полиция қызметкерлеріне көзден жас ағызатын газ қолдануға тура келген. Көшелерге шыққан белсенділердің қолдарына қару ретінде тас­тар мен таяқтар алғаны да белгілі болып отыр. Осы арқылы олар Николас Мадуроның ел президенті болып сайлануына қарсылықтарын білдіруде.

Қару-жарақ жеткізушілер тұтқындалды

Түркияда Сириядағы қарулы оппозицияға қару-жарақ жеткізіп берді және үкіметтік күштермен соғысушы содырларды даярлауға қатысты деген күмәнмен 10 исламист тұтқындалды.
Интернет-БАҚ-тың хабарлауынша, операция елдің орталық бөлігіндегі Конья қаласында жүзеге асырылған. Бұған дейін «Әл-Каидаға» қарсы күрес іс-шаралары да талай рет дәл осы жерде жүргізілген болатын. Сириядағы билік пен оппозиция арасындағы қақтығыстар салдарынан екі жыл ішінде 70 мыңға тарта адамның қаза тапқанын да айта кету қажет.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.