Саясат • 17 Маусым, 2019

Шанхай ынтымақтастық ұйымы: бүгіні мен болашағы

2542 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шанхай ынтымақтастық ұйымы: бүгіні мен болашағы

Саммитке дейін

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының ке­зек­ті саммиті Бішкекте өтетіні былтыр Қытайдың Циндао қаласында белгілі болды. Бір қызығы, биыл қаңтар айында Қырғыз Республикасының Қауіпсіздік кеңе­сінде Президент Сооронбай Жээн­беков маусым айына жоспарланған сам­мит­тің өтуіне елдегі кейбір саяси күштер кедергі келтіруі мүмкін деп мәлімдеді. Алайда ол күштердің кім екенін айтпа­са да, экс-президент А.Атамбаев пен оның жақтастары деп болжам жасауға не­гіз бар.

 

Саммит

Ұйымның саммиті Бішкек қаласында 14-15 маусым күндері өтті. Мемлекет басшылары Президенттің «Ала-Арча» резиденциясында кездесті. Бұл басқосуға Қа­­зақстан, Үндістан, Ресей, Қырғыз Рес­публикасы, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің жетекшілері ұйым­­ның мүшесі ретінде қатысты. Сон­дай-ақ Ауғанстан, Беларусь, Иран, Моң­ғолия президенттері бақылаушы мемлекеттердің өкілі ретінде келді.

Кездесу барысында әр елдің басшы­ла­ры түрлі мәселелерді көтерді. Әри­не, ең алдымен өз мүдделерінен шы­ға­­тын тақырыптарды ортаға салды. Мә­селен, Үндістанның Премьер-ми­нис­трі Нарендра Моди медицина, ту­ризм, энергетика, Ауғанстан және аймақтағы қауіпсіздік жайлы айтты. Ал бұл елмен қарым-қатынасы түзелмей жат­қан Пәкістан Премьер-министрі Имран Хан өз елінің үлкен тартымды инвес­ти­ция­лық нарық екенін, Қытаймен еркін экономикалық дәліз салғанын жеткізді. Сондай-ақ ол елінің терроризммен күрес тәжірибесін өзгелермен бөлісе алатынын мәлімдеді.

Ресей Президенті Владимир Путин терроризмнің барлық түрімен күресуге шақырды. Сирияда Ресейдің бұл салада біраз жетістікке жеткенін хабарлады. Оған қоса АҚШ-тың, Иранның ядролық келісімнен шығуын сынға алды. Иран Президенті Хасан Роухани да АҚШ-тың бүгінгі жүргізіп отырған саясатын қатаң сы­нап, бұл ел Таяу Шығыс аймағына қауіп төндіреді, сондықтан Иран мен Ре­с­ей бұл салада ынтымақтастықты арт­­тыруы қажет деп ұсыныс жасады. Қыс­қа­сы, әр мемлекет басшысы Біш­кек­тегі саммит алаңын көптеген мәселе бойынша өз ұстанымын жариялау үшін пай­далануға тырысты.

 

Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысы

Бішкек саммиті – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайланғаннан ке­­­йінгі аттанған алғашқы шетелдік рес­­­ми сапары. Тіпті, осы басқосуға ке­лу үшін ұлықтау рәсімін де ерте өт­кіз­­­ді. Президент саммит барысында Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээн­бе­ковпен, Ауғанстан Президенті Мұ­хаммед Ашраф Ғанимен және Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты кез­де­су өткізді.

Қ.Тоқаев Бішкектегі жиында бірне­ше бастама көтерді. Алдымен Шан­хай ынтымақтастық ұйымының үл­кен эконо­ми­калық әлеуетін пайдаланып, дамытуды ұсынды. Осы бағытта бұл ұйым Еуразиялық экономикалық одақ, АСЕАН, Еуроодақ, БРИКС-пен әріп­тес бола алатынын атап көрсетті. ШЫҰ хатшылығы мен «Астана» халықа­ралық қаржы орталығы арасында жа­сал­ған меморандум ұйым мүшелерінің қар­жы жүйесін дамытуға мүмкіндік бере­тініне сенім білдірді. Бұған қоса кибер­қауіпсіздік мәселесінің ушығып бара жатқанын ескеріп, ШЫҰ аясында Ақ­парт­­тық қауіпсіздік орталығын құруды ұсын­ды. Президент мүше мемлекеттер көтерген тақырыптарға қатысты да өз ұста­нымын жеткізді. Атап айтсақ, «Сирия мәсе­лесі оң шешімін табу үшін Астана алаң­ын одан әрі ұсынуға даярмыз», деді. Иранның ядролық бағдарламасы, Солтүстік Кореядағы ядролық мәселе тек дипломатиялық келіссөз арқылы шешімін табуы қажеттігін айтты.

 

Саммиттен соң

Басқосу соңында мемлекет басшылары Бішкек декларациясын қабылдап, одан бөлек 20 құжатқа қол қойды. Олардың арасында «Астана» халықаралық қаржы орталығымен, Бүкіләлемдік туристік ұйыммен меморандум жасау, 2023 жылға дейінгі есірткіге қарсы стратегияның жұ­мыс жоспары, «ШЫҰ-Ауғанстан» байланыс тобы жұмысының жол картасы және басқалары бар.

Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының келесі жылғы төра­ғалығы кезек бойынша Ресейге өтті. Енді­гі саммит 2020 жылдың 22-23 шілде күндері Челябі қаласында өтпек.

 

Ұйымның мақсаты мен «салмағы»

Шанхай ынтымақтастық ұйымы ресми түрде аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, терроризм мен ескірткі тасымалына қарсы ұйым ретінде құрылғанымен, шын мәнінде Ресей мен Қытайдың ортақ ұстанымдарын бекіту мақсатында пайда болды. Ол мақсаттардың арасында АҚШ әрекеттеріне қарсылық та бар еді. Егер соңғы 20 жылдағы саяси тарихқа көз жү­гірт­сек, Ресей мен Қытай Америкадан те­пе­рішті аз көрмеді. Әсіресе соңғы жыл­дары. 2014 жылдан бері Ресей Қы­рым­ға қатысты саясаты үшін санкциялық қысымға ұшырады. Ал Қытай былтырдан бері Вашингтон жариялаған сауда соғысынан зор шығын көре бастады. Енді Дональд Трамп қытай­лық Huawei және оған қатысы бар 70 компанияны қара тізімге қосып, жаңа технологиялық соғыс жариялап та жіберді. Яғни, Мәскеу мен Бейжіңнің осы ұйым аясында АҚШ-қа қарсы жақын­да­с­уы өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на кіретін елдердің халық саны 3 млрд 120 млн-ға жуық. Яғни, үлкен нарық, мүмкіндік. Алайда осы уақыт ара­лығында бұл ұйым шынайы саяси одақтан гөрі, сая­си пікір алмасу клубы деңгейінде қалып қойды десек, артық емес. Жыл сайын саммиттер өткеніне қарамастан, әр елдің басына түскен сын сәттерінде ұйым мүшелері өзара қол­ұшын беріп немесе ортақ ұстаным білдірген жоқ. Мәселен, қырғыз елінде екі революция орнағанда ШЫҰ ешбір реакция білдірмеді. Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияға, Қырымға қатысты сая­сатын да ұйымдағы барлық мүше мемлекеттер қолдамады. Шыңжаңдағы «қайта тәрбиелеу лагерьлері» мәселесі ушыққанда да Қытайды БҰҰ-да ресми түрде қолдаған ел аз болды.

Оның өз себептері бар. Жоғарыда атал­ған оқиғалардың басым бөлігі халық­ара­лық құқық жүйесіне қарсы әрекеттер еді. Сондықтан ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары жыл сайын саммиттерде ондаған ортақ құжатқа бірге қол қой­ғанымен, «күрделі оқиғалар кезінде» әріптестерін қолдап, Батыстың сынына ұшырағысы келмеді.

Ұйымдағы ортақ ұстанымның жоқ­ты­ғы биыл да тағы айқын байқалды. 2017 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістан мүше атанды. Алайда 2019 жылдың ақпан айында Каш­мир штаты үшін болған қақтығыста екі ел азаматтарының қаны төгілді. Бұл қай­ғылы оқиға да ШЫҰ әлі саяси одақ ре­тінде толық қалыптаспағанын тағы көрсетті. Әлі де мүше мемлекеттердің ара­сында өзара шешілмеген мәселелер аз емес. Оған қоса, ұйым аталған жайтқа қатысты ресми ұстанымын білдірмеді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының ықпалды күшке айналуына, жоғарыда айтылғандай, мүше елдердің арасындағы ше­шілмеген мәселелер де кедергі. Мы­салы, Үндістан мен Пәкістан арасын­да Кашмир штатының мәртебесі үшін қарулы қақтығыс жиі тіркеледі. Қы­тай мен Үндістанда шекара сызығы, транс­шекаралық өзендердің мәртебесі тол­ық анықтамаған. Кешегі күнге дейін Өзбек­станның көршілері – Тәжікстан, Қыр­ғыз Республикасымен қарым-қаты­насы қиын еді. Тәжікстанның да ұйым­да­ғы бақылаушы мәртебесіне ие ел – Иранмен барыс-келісі, алыс-берісі түзу емес. Көпшілігінің ортақ шекаралары бекі­тіл­ме­ген. Даулы территориялар жетерлік.

Оған қоса мүше елдердің эконо­ми­­­калық мүмкіндіктері мол болса да, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы аясын­да шынайы экономикалық немесе энер­ге­ти­калық интеграция жүрмеді. Ұйымның саяси әлеуеті экономикалық нақты қа­дам­­дарға ұласпады. Иә, мүше елдердің эко­номикалық жүйесі, жүргізетін саясаты басқа. 20 жылда ұйым бастамасы­мен кедендегі ортақ жеңілдіктер, инвес­ти­ция­дағы артықшылықтар секілді бизнес үшін маңызды мәселелердің ортақ құжат арқылы шешілгені шамалы.

 

Ұйым аясындағы Қазақстанның міндеті

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сырт­қы саясатта бейбітсүйгіш, держа­ва­лар­дың қақтығысынан іргесін аулақ салатын, кикілжіңдерді шешуге атсалысатын ел деген ұстанымда болды. Бұл – бір адам­ның қалауы емес, бұл Қазақстанның гео­саяси, геоэкономикалық жағдайынан туын­даған тұжырым, яғни қажеттілік.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Қытай мен Ресей АҚШ-қа қарсы өз наразылықтарын білдіріп, арнайы баста­маларды ұсынуы мүмкін. Әсіресе 2020 жылғы Ресейдің ұйымға төрағалығы барысында бұл жұмыс жандануы ғажап емес. Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің Ресейге биыл маусым айында жасаған мем­лекеттік сапарында екі елдің бұл мәсе­леде көзқарастары ортақ екені анық байқалды.

Дегенмен Қазақстан басшылығы алдын­да саяси блоктарға қосылмай, бар­лық тараппен тең қарым-қатынас ұстау міндеті тұр. Қазіргі сауда соғысы, технологиялық күрес, санкциялық режім кезеңінде бұл – өте күрделі міндет. Өйткені бір державаның сойылын соғу өзгелермен қатынасты бұзу дегенді білдіреді. Сондықтан алыстағы АҚШ, Еуроодақпен де, жақындағы Ресей, Қытаймен де көпвекторлы тең қарым-қатынас ұстану ең тиімді шешім болып қала береді.