Ашығын айту керек, бұл өзгерістер Одақ аумағында 90 күнге дейін болуға мүмкіндік беретін визаларға ғана қатысты екен. Алайда, бұл тәртіп тек үшінші мемлекеттерге ғана қолданылады. Еуропаға виза бағасы қымбаттайтын елдердің қатарында Қазақстан да бар.
Қазір қалыпты Шенген визасының бағасы – 60 еуро. Енді оның құны 80 еуроға дейін көтеріледі. Сондай-ақ 6 мен 12 жас аралығындағы балалар үшін де виза бағасы 35 еуродан 40 еуроға дейін қымбаттайды. Бұл жөнінде Германияның халықаралық Deutsche Welle телерадиокомпаниясы хабарлады.
Еуроодақ кеңесінің пайымдауынша, мүше мемлекеттерге бұл өзгеріс бір жағынан «визаны өңдеуге жұмсалатын шығындарды толық өтеуге мүмкіндік берсе», екінші жағынан виза алушыларға «кедергі болмауы» тиіс. Оған қоса жаңа виза кодексі алымдарды әрбір үш жыл сайын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Қазіргі жағдай бойынша Шенген визасы сапарға шығардан үш айдан ерте және 15 күннен кеш мезгілде берілмейді. Ал жаңа тәртіп бұдан жеңілірек – құжаттарды елшілік немесе консулдыққа жолға шығардан алты ай бұрын және 15 күннен кешіктірмей беруге жол ашты.
Сонымен қатар Еуроодақ бір жылдан бес жылға дейінгі көп реттік визаларды беру тәртібін де жеңілдетіп отыр. Оған Еуроодақ елдеріне жиі баратын кәсіпкерлер, теңізшілер мен әртістер қол жеткізе алады. Сондай-ақ жаңа кодексте көп реттік визаларды беру саяхатшылардың белгілі бір санатымен шектелмеуі тиіс екендігі нақты көрсетілген. Қорыта айтқанда, мұндай виза алғысы келетін адамның «жағымды виза тарихы» болуы тиіс.
Ескере кететін тағы бір жаңалық ретінде, жаңа кодексте визаға өтінішті онлайн тапсыруға және электронды қол қоюға мүмкіндік жасалғанын айтуға болады.
Иә, қазіргідей барыс-келіс, әсіресе босқындар легі күшейген уақытта Еуроодақ енгізген өзгерістердің саяси, миграциялық астарын да байқауға болады. Мәселен, виза беру тәртібінде Еуроодақ әрбір мемлекеттің өз азаматтарын қайтарып алуға ынта-ниеттерін де есепке алғалы отыр. Жаңа тәртіпке байланысты Еурокомиссия осы мәселеге байланысты үшінші мемлекеттерді ұдайы бағалап отырмақ.
Егер қандай да бір мемлекет Еуропамен осы реадмиссия қарым-қатынасын түземеген күнде, Еурокомиссия ЕО кеңесіне оларға санкция салып, визалық өтініштерді қарау тәртібі мен консулдық алымдар бағасына байланысты ұсыныс енгізе алады. Ал егер үшінші мемлекеттер бұл мәселеге байланысты Еуроодақпен мәмілеге келсе, Еурокомиссия виза бағасын төмендетіп, өтініштердің қарау мерзімін қысқартып, көп реттік визалардың мерзімін ұзартуға байланысты ұсыныс беруден кетәрі емес.
Сөз орайы келгенде, жоғарыда аталған реадмиссияның не екенін түсіндіре кетсек...
Реадмиссия термині түбірін ағылшынның «to readmit», яғни кейін қайтарып алу деген сөзінен алады. Бұл өз территориясына азаматтарын қайта қабылдау дегенді білдіреді. Кейбір жағдайларда сол мемлекетке барған немесе мекендейтін шетелдіктерді депортациялауға да қатысты айтылады.
Қазіргі тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтарын қайта қабылдаудан бас тарту кейбір мемлекеттердің шеттегі диаспораларын көбейту мақсатындағы саналы саясатына айналған. Бұндай мемлекеттердің елшіліктері депортацияланған азаматтарына төлқұжат пен қайтару жөніндегі куәлік бермей келеді. Оған қоса бүгінде транзиттік мигрант санатындағы шетелдіктерді елдеріне қайтару қиындық тудырып отыр.
Міне, Еуроодақ осы реадмиссиядан бас тартқан үшінші мемлекеттердің азаматтарына виза бағасын көтеріп, алу уақытын созып қана қоймай, дипломаттарға тегін беріліп келген визаны тоқтатуы да мүмкін.
Жалпы, бұндай өзгерісті, яғни жаңа бастаманы Германияның бұрынғы ішкі істер министрі Томасо де Мезьер көтеріп, қанатқақты жоба ретінде Бангладешке қатысты сынап көрген болатын. Елшілердің айтуларына қарағанда, осыдан кейін Бангладеш билігі Еуропадан қуылған азаматтарын қайтаруда белсенді бола түскен.
Осылайша кәрі құрлық елдері бір оқпен екі қоян атып алуға бекінген сияқты. Біріншіден, қымбаттайтын виза бағасынан аз да болса пайда болды, екіншіден, Еуропаға ағылған босқындарды азайтады.