Облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани, техникалық және инженерлік әлеуетін пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берген тарихи шешімнен кейін көп ұзамай Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласының даму тұжырымдамасы да бекітілген еді.
«Бүгін, біріншіден, Түркістан қаласының негізгі даму жобасын бекіту үшін, екіншіден, шаһарды еркін экономикалық аймақ етіп жариялансын деген Жарлықтарға қол қойдым. Аман болсақ, 2-3 жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп өркендейтін болады», деген еді Елбасы Түркістан облысына келген ресми сапарында. Жарлықтарға қол қойылғаннан бергі уақытта киелі қала көп өзгеріп, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандардың іргетасы қалануда.
Жаңа облыс пен оның орталығына қатысты тарихи шешімнің шарапатын өңірдің қарапайым халқы сезіне бастады. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде, қоғам өміріне көзқарасында оң өзгеріс көп. Киелі қаланың сәулетін дамыту үш бағыт бойынша жүргізілуде. Әрбір бағыттың негізінде Түркістанды еліміздің рухани орталығы ретінде қалыптастыру мақсаты және туристерге сапалы қызмет көрсету мен тұрғындарға жайлы тұрмыстық жағдай жасау жатқаны анық. Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті жүргізілетін бірінші бағыт бойынша 88,7 гектар жерге орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақтағы» 18 нысан қайта жаңғыртылады. Тарихи аймақты жалғап жатқан «рухани-мәдени орталық» аймағында 9 нысан бой көтереді. Бүгінде бұл екінші бағыт бойынша ғимараттардың құрылысы басталып та кеткен, биыл 4 нысан пайдалануға берілмек. Үшінші бағыт аясында аумағы 1350 гектар болатын әкімшілік-іскерлік орталықта 17 нысан салынуда, оның 7-уін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Өзінің тарихи құндылығын сақтай отырып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылып жатқан облыс орталығында жоспарға сәйкес 89 нысанның құрылыс жұмыстары жүреді.
Мерзімі белгіленіп, қаржысы қаралған әрбір нысанның сапалы салынуы және кестеге сай жүргізілуі маңызды. Оның ішінде тұрғын үй құрылысының алар орны ерекше. Өткен жылдың екінші жарты- жылдығында «Отырар» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 5 қабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Бүгінде аталған тұрғын үй құрылысының 14-і салынып, аяқталуға жақын. Ал 6 тұрғын үйдің құрылысы жуық арада басталмақ. Аталған тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құны 7 млрд 440 млн теңгені құраса, аумағы 7,4 гектар жерді алып жатыр. Құрылысты 7 мердігер мекеме жүргізуде. Биылғы бірінші жартыжылдықта 660 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үй, ал жыл соңында 540 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Осы шағын ауданда, сондай-ақ жеке инвестор есебінен көпқабатты 6 ипотекалық тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер «7-20-25» бағдарламасы аясында пайдалануға берілмек.
Әкімшілік іскерлік орталықта 7 қабатты көппәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысына бүгінгі таңда 4,8 га жер телімі бөлінген, қажетті техникалық құжаттары жинақталған. Қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында 16 шағын футбол алаңы мен теннис корттарын салу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес, негізгі көшелер бойы мен саябақтарда жалпы аумағы 12,8 гектар болатын қолайлы жерлер анықталған. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Мырғалымсай және Біресік-Қантағы су кен орындарының қорын қайта бағалау үшін 6,6 млн теңге қаржы бөлінді. Әкімшілік-іскерлік орталықты ауыз сумен қамтамасыз ететін магистралдық суаққының құрылысына бюджеттен 2,1 млрд теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Сонымен қатар газ, жылу, жарықпен қамту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Тарихи орындар, әлеуметтік нысандармен қатар қала көркіне де ерекше мән берілуде. Бұл орайда қаланың барлық аумағындағы көпшілік орындарды жаңғырту қолға алынған. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, халық көп шоғырланған орталық көшелер бойында гүлзарлар мен аллеяларды көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшалар салу көзделіп отыр. Осы орайда қала ішіндегі негізгі көшелер бойынан жалпы аумағы 172,2 гектар болатын қолайлы жерлер анықталған. Оның ішінде Б.Саттарханов даңғылында орналасқан ескі жасанды каналдың бойы абаттандырылып, 3 гектарды құрайтын аумақта автотұрақ, субұрқақ, отбасылық саялы гүлзарлар салынады. Қазіргі таңда көпшіліктің демалыс орнына айналған «Рәміздер алаңы» осы гүлзарлармен жалғасады. Сондай-ақ қаланың әр аумағынан 10 гүлзар жасалады. Қала аумағын көгалдандыру мақсатында өткен жылдың күз айында көше бойларына 46 мың түп ағаш, 500 мың түп қызғалдақ гүлі егілді. Егілген ағаштарды құтайту мақсатында 30-ға жуық су ұңғымасын қазу жоспарланып, күз айында 7 данасы қазылған-ды. Қалған ұңғымаларды қазу осы көктемде жалғасты. Сонымен қатар орталық аймақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелерге, жаңадан салынатын гүлзарларға және қолданыстағы саябақтар мен гүлзар, аллеяларға жыл соңына дейін 1 миллион түп гүл, 100 мың түп ағаш отырғызылды. Шамамен қала ішінде 42 шақырым көшеге жарықтандыру, тротуар салу жұмыстары жүргізілмек. Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру мақсатында ең алдымен суландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Бұл орайда жаздың аптап ыстығында егілген ағаштар мен гүлдер, шалғындарға су жеткізу үшін қаланың бірнеше бағытынан келетін каналдарды күрделі жөндеуден өткізіп, қала ішіндегі лоток арықшаларға су тарту жұмыстары жүргізілуде. Ал Түркістанның кіреберіс қақпасын қаламен жалғап жатқан, ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Бекзат Саттарханов даңғылын 6 жолақты етіп кеңейту жұмыстарын биыл қазан айында аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған.
Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың мәлімдеуінше, халыққа қызмет көрсетіп жатқан 9 базар, 8 сауда қатарының көпшілігінде тиісті талаптарға толық сәйкес келетін сауда алаңдары жоқ. Сондықтан да 80 пайызы модернизациялауды қажет етеді. «Кәсіпкерлер мен саудагерлер талапқа сай келетін 1200 бос сауда орны бар «Алтын бұлақ» базарына көшірілді. Базар иесімен меморандум арқылы сауда жасаушы азаматтарға жеңілдіктер (2 айға дейін тегін сауда орындарын ұсыну) қарастырылған. Қаладағы қоғамдық көліктердің 9 бағыты «Алтын бұлаққа» қарай бағытталған. Сонымен қатар қала аумағындағы базарларды және нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін сауда алаңдарындағы сауда нүктелерін бір жүйеге келтіру мақсатында қала сыртынан құрылыс материалдары және киім-кешек, азық-түлік тауарлары және автотұрақ үшін 50 гектар жер белгіленді. Оның 17 гектары Қызылорда, 15 гектары Кентау және 18 гектары Шәуілдір бағытында. Бүгінгі таңда сауда алаңдарын көшіру туралы базар басшыларымен меморандум түзілген. Сонымен қатар осы бағыттағы жоспарлы жұмыстардың қатарында Түркістан қаласы аумағында көшпелі сауданы жүзеге асыру үшін арнайы бөлінген орындарда стационарлы емес сауда алаңдарын бекітіп, «Көшедегі 1000 сауда нүктелері» жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр», дейді қала әкімі.
Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Мысалы, экономикалық аймаққа 365 гектар аумақ және дайын инфрақұрылымы бар 35 гектар жер бөлінген. Өнеркәсіптік қосалқы аймағын Түркістан қаласынан Кентау қаласына көшіру туралы Үкімет қаулысының жобасы тиісті министрліктермен келісілген. Өңірдің әлеуеті ескеріле отырып, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру және облыстың технологиялық дамуы мақсатында, арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлерінің тізімін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бүгінде қала әкімдігі тарихи шешім айқындаған ұлы мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда аянбай қызмет етіп келеді. Қалада жаңа бағыттағы туристік нысандар да көбейе түспек. Облыстың орталығы болғанына да бір жыл толғалы отырған көне қала Түркістанның даму бағытына көптеген өзгеріс енгізіліп, нақтыланған мақсатты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Түркістан облысы