Дүбірге толы дүние
Жұма, 19 сәуір 2013 0:15
Бұл сайлаудың Иран үшін мәні зор
Иранда президенттік сайлау 14 маусымда өтпек. Оның басты ерекшелігі – оған қазіргі президент Махмұд Ахмадинежад қатыспайды, үшінші мерзімге сайлануға құқы жоқ. Күрес жаңа үміткерлердің арасында өтеді.
Бұл сайлаудың Иран үшін мәні зор
Иранда президенттік сайлау 14 маусымда өтпек. Оның басты ерекшелігі – оған қазіргі президент Махмұд Ахмадинежад қатыспайды, үшінші мерзімге сайлануға құқы жоқ. Күрес жаңа үміткерлердің арасында өтеді.
Солай болса да, бұл сайлауға Ахмадинежадтың рухы қатысатындай. Өз дәуірінде ол Ирандай дәстүрлі елді басқалардан, ең алдымен АҚШ бастаған Батыс елдерінен айтарлықтай оқшаулады. Қазіргі Иран қауымында сол оқшаулану саясатының табы бар. Оның сайлауға да айтарлықтай әсері болатыны белгілі. Бірақ сол саясаттың негізгі авторы Ахмадинежадтың сайлауға тікелей өзі қатыспағандықтан, оған сын айтушылардың дауысы күштірек естілетіні де заңды. Тіпті белді үміткерлер елдің экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізген оқшаулану саясатын сынау арқылы да біраз бедел жинауы әбден мүмкін. Негізсіздеу сыртқы қатқыл саясатқа, елдегі инфляцияның күшейгеніне (70 пайыздай) халықтың наразылығы да айтарлықтай.
Осындай жағдайда президенттіктен үміткерлер ең алдымен елге қиындықтар тудырып отырған экономикалық санкцияларды тоқтату, етек алған жұмыссыздықты төмендету жөнінде сөз қозғайды. Бұл соған душар еткен қазіргі президенттің қызметін сынауға барып тіреледі.
Қазірдің өзінде президенттікке кандидаттар тізіміне 17 адам тіркеліп отыр. Алда бұл тізімнің толығары анық. Бірақ мамыр айының басында басталатын ақтық күреске олардың бәрі қосыла алмайды. Олар үлкен тексерістен, іріктеуден өтеді. Алдымен ішкі істер департаменті олардың сенімге лайық-лайық еместігін айқындайды. Бұдан біраз адам өте алмайды. Сонан соң 25 сарапшы олардың ислам революциясына адалдығын, мұсылман-шиит екендігін, аятолланың беделін сыйлайтынын анықтайды. Осы жерде де біраз адамға тосқауыл қойылады. Сонан соң парламенттің 100 депутаты үміткердің күреске түсуге лайықтылығына сенім білдіруі керек. Сондай сенімге жету де оңай емес. Сарапшылардың болжамына қарағанда, соңғы күреске 7-8 адам ғана қалса керек.
Енді солардың ішінде үлкен күреске қосылатындар кімдер дегенде, ақпарат құралдары төрт үміткердің атын бөле атайды. Олар: парламент төрағасы Әли Лариджани, аятолланың халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Әли Акпар Велайяти, Стратегиялық зерттеу орталығының жетекшісі Хасан Рохани және қазіргі президент кеңсесінің басшысы Эспандияр Машаи. Соңғысын президент Ахмадинежадтың өзі қолдағанмен, оның мүмкіндігі барынша шектеулі. Өйткені, қазіргі президентке айтылатын сын Машаиға барып тиеді. Ал алғашқы үшеуінің мүмкіндігі тең көрінеді.
Роханиға жұрттың көбірек назар аударатыны – ол барынша парасатты, басқалармен, әрине, алдымен Батыспен тіл табысуды ойлайтын қайраткер. Елдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесін басқарып, 2003-2005 жылдарда Иранның ядролық бағдарламасын да тоқтатқан. Билікке келсе, парасаттыққа жүгініп, елдің экономикасын көтеретінін, сыртқы әлеммен байланысты күшейтетінін мәлімдеді. Біраз жұрт Әли Акпар Велайятидің мүмкіндігін жоғары бағалайды. Әңгіме мынада, аятолла Хаманеи қолдаған үміткердің жолы ашылады. Ал аятолланың өз кеңесшісін қолдауы әбден мүмкін. Ал Әли Лариджанидің орны бөлек. Парламент спикерінің президент Ахмадинежадпен ашық күресі жұртқа белгілі. Ол бес ағайынды, бәрі де бұл елде беделді адамдар. Лариджани кезінде Ислам революциясын қорғау корпусын басқарып та көзге түскен.
Жұрт бұл сайлаудан көп нәрсе күтеді. Қазір әлемдегі үлкен шиеленістің бір ұшы осы елге келіп тіреледі. Сайлауда жеңіске жеткен қайраткер парасатты саясат ұстанып, Иранды сыртқы әлеммен келісім жолына бастар болса, бұл, ең алдымен, ирандықтардың игілігі.
Ұрлықты жасыратын жер болмаса…
Франция президенті Франсуа Олландтың барлық жерде де оффшорларды жою, оған әр елдің үкіметі тарапынан қатаң бақылау жасау қажеттігі жөніндегі мәлімдемесі әлем жұртшылығының назарын аударды.
Мұндай пікірді әркім-ақ айтар, әңгіме оның Франциядай үлкен ел басшысының аузынан шығып отырғанында ғой. «Ханның айтар сөзін қара да айтады, ханның аузынан шыққан сөз дуалы» демекші, әлемдік экономикада орны бар елдің басшысы айтып отырған соң, оған құлақ асатындар да табылады. Олланд өз мәлімдемесін елдің моральдық қалыптарды нығайту туралы үкіметтік заң жобасын Ұлттық жиналысқа ұсынар сәтте жасады. Ол былай деді: «Мен француздардың шетелдегі табыстары мен жылжымайтын мүліктері немесе шетелдіктердің Франциядағы иеліктері туралы ақпараттардың бірден белгілі болғанын қалаймын. Бұл еуропалық тәртіпке айналса, банктердегі құпиялар ашылып, активтерді жасыруға жол берілмес еді».
Пікір бар, оның жүзеге асуы бар, сірә, француздар қаржы мәселесіндегі жемқорлыққа, оған қатысты мәселенің барлығына қатты мән беріп отырған сыңайлы. Президент араласқан соң оның нәтижелі болатыны да белгілі. Осы қарсаңда елдің бюджет мәселесі жөніндегі министрі Жером Каюзактың Швейцария банкінде жасырын қаржысы бары анықталған соң, қызметінен қуылды. Каюзактың өзі де сол банкте 600 мың еуро қаржысы болғанын мойындады. Қызметі өз алдына, ол Социалистік партия қатарынан да шығарылды, енді оның саяси лауазымына есік жабылғаны да анық.
Басқаларға сөзің өту үшін өзіңнен баста деген қағиданы ұстанған президент Олланд жазалауды өз партияластарынан бастады. Кайман аралдарындағы оффшорлық екі компанияға инвестиция салғаны үшін Социалистік партияның қазынашысы Жан-Жак Ожье де қызметінен қуылды. Президенттің айтуынша, елде жемқорлықпен және қаржылық айла-шарғымен күресетін орталық агенттік құрылмақ. Арнаулы прокуратура осы мәселелермен айналысатын көрінеді. Осы сәуір айының ортасына дейін барлық министрлер өз қаржылары жөнінде ақпараттар беруге міндеттелсе, оны да жүзеге асырып үлгерді.
Президент Олланд өз елімен шектелмей, қаржылық жемқорлықпен күресті әлемдік ауқымда жүргізуге белсенді қатысатынын мәлімдеді. Оның пікірінше, оффшорлық аймақтар Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде жойылуға тиіс. Алдағы уақытта Франция банктері өзінің басқа жерлердегі филиалдарының тізімін жариялап отыратын болады, операцияларын ашық жүргізеді.
Оффшорларды жою барлық елге қатысты. Оның зардабы көп елге тиіп жатыр. Оған күні кешегі Кипр мысалы дәлел. Онда талай елден ұрлық қаржы жатқаны анықталды. Оған жеке елдер, әсіресе, қуаты әлсіздеу елдер қарсы болғанымен, оны жоюға олардың әлеуеті жетпейді. Ал Франциядай үлкен ел бұл күреске бас болса, оны басқаның белсенді қолдауы қажет-ақ дейсің. Сірә, солай да болар.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».