Алдын-ала келіскеніміздей, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысымен жақынырақ танысу үшін межелі уақытты 18.50-ге белгіледік. Айтылған уақыттан тура 30 минутқа ерте келген жол патрульдік полициясының қызметтік көлігі жайбарақат жүрісімізге жан бітіргендей, бір-ақ сәтте бойымызды жинап алдық.
– «18.50-де кездесеміз» деп келісіп едік... – дедік амандықтан соң, кешікпесек те, серігімізді күттіріп қойғанымызға аздап қысылғандай.
– Біздің жұмыс осындай! Уақыт бәрінен қымбат! – деді нық дауыспен полиция формасындағы жас жігіт.
Көлік тізгініндегі полиция инспекторының уақытқа мұншалықты мұқияттылығының, әсіресе бүгін салмақты себебі бар. Өйткені бізді түнгі қызметтік ауысым жиналысына үлгертуі тиіс. Тапсырма солай.
Біз бас штабқа келгенде сақадай сай сапқа тұрған тәртіп сақшыларына басшылық тарапынан нақты тапсырмалар беріліп жатыр екен. Әр рота өзіне бағытталған жүктемені қабылдап алып, шұғыл қызмет орнына аттанды. Қаздай тізіле қақпадан шыққан біркелкі қызметтік көліктің соңын ала біз де тәртіп сақшыларының түнгі жұмыс тәртібімен танысуға жөнелдік. Бізді полиция лейтенанты Нұрсұлтан Естеміров пен кіші сержант Руслан Құдияров бастап жүрді.
Әлі қас қарая қоймағандықтан, рация үні әзірге саябыр тапқан. Осы тыныштықты пайдаланып, қос жігітті әңгімеге тарттық.
– Жұмыстың қызатын қауырт сәті – түн ортасы, шамамен сағат 23.30 бен таңғы 3.00-дің арасы. Бұл, әсіресе жұмыс аптасының соңғы күні – жұманың кешінен бастап жексенбіге дейін тіпті үдей түседі. Адамдардың көшеде көп жүретін мезгілі – жаз біз үшін тынышсыз маусым. Осы уақытта бізге де, көлігімізге де тыным жоқ. Бұл күндері орта есеппен 10-15 құқық бұзушылықтың алдын аламыз. Солай жүріп, тіпті таңның қалай атқанын да байқамай қаламыз, – деген полиция лейтенанты Нұрсұлтан Естеміровтің сөзін әрі қарай кіші сержант Руслан Құдияров жалғады: – Салыстырмалы түрде алғанда, ең көп қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық бүгін біз тәртібін бірге қадағалайтын елорданың Сарыарқа ауданында тіркеледі. Ал ең тыныш аудан – Есіл ауданы, – деді.
Тәртіп сақшыларының айтқанындай, сағат тілі 23.00-ден өте бере-ақ әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстық оқиғаларға байланысты арнаға келіп түскен шағымдар күрт көбейіп, рацияға дамыл болмады. Ерлі-зайыптылар ортасындағы отбасылық кикілжің, көңіл көтеру орнындағы ішімдік ішіп, тәртіп бұзған жастардың жанжалы, көшедегі ұрлық-қарлық, жолда жүру ережесін бұзу сынды қала тұрғындарынан толассыз келіп түсіп жатқан шағымдар түнгі тыныштықты күзеткен тәртіп сақшыларына тіпті ой жинақтауға мұрсат бермейтіндей. Біз куә болған сондай бір оқиға сағат тілі 02.11-ді көрсеткенде Нұр-Сұлтан қаласы темір жол вокзалы жанында орын алды. Ішімдікті мөлшерден тыс қабылдаған 29-30 жастағы бойжеткен құрбысы екеуі көшеде айқайлап, олардың бұл әрекетін тоқтатпақ болып ескерту жасаған полиция қызметкеріне қол көтеріп, иығындағы погонын жыртуға дейін барған. Біз отырған көлік Сарыарқа ауданына қарасты болғандықтан, хабарлама түсе салысымен дереу сол жаққа жөнелдік. Формасы лай-батпаққа малшынған, қызметтік киімінің жұлым-жұлымы шығып, погоны жыртылған полицей тәртіп бұзушылықты тоқтата алмай біраз әбігерге түсіпті. Айтқанды тыңдайтын бойжеткен жоқ, дөрекі сөзді тәртіп сақшысына аямай төгуде. Ал полицейдің бойжеткенді тыныштандырмақ әрекеті сәтсіз. Ішімдікке сылқия тойған адамда айтқанға көніп, дегенге бағынатын сабыр болмайтыны анық. Жан-жағын жайпап, қолына түскеннің барлығын сындырып жатыр. Бойжеткенді амалсыз Нұр-Сұлтан қаласының наркологиялық диспансеріне жеткізуге тура келді.
Түн ауғанына қарамастан, бұл жақтағы «тірлік» тіпті қызу екен. Мас күйде жеткізілген адам қарасы өте көп. Тіпті бірнеше метрге созылған кезек түзіліп үлгеріпті. Азан-қазан әлем. Әркімнің өз уәжі мен шындығы бар. Оңайлықпен тәртіпке бағынар емес. Бірі «мен мас емеспін» деп ақталып әуреге түссе, келесісі тәртіп талап етушілерді сөзбен сыбайды. Ал енді біреуі өзінің қиындыққа толы өмірін айтып, шер тарқатқысы келеді. Ниет танытсаң, жүрегін ашып, сырын ашуға дайын. Құлақ түрсең, әрқайсысының бір-біріне мүлдем ұқсамайтын өз драмасы мен трагедиясы бар. Міне, түнгі тыныштықты күзеткен тәртіп сақшылары осындай түрлі тағдыр мен сан алуан мінезді адамдардың бар «еркелігін» көтеріп, қанша жерден ашу мен намысқа тиетін сөздер айтылып жатса да түгесілгелі тұрған төзімін ашуға берілмей, салқын сабырға жеңдіріп үйренген. Өйткені қызметтік этика соны талап етеді.
– Бұл көргендеріңіз айдың бергі жағы ғой. Қызметте жүріп, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келеміз. Қайғылы жағдайлар жиі болып тұрады. Біздің әрбір шақыруға шығуымыз тәуекел. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Қызметте жүріп қаза болған әріптестеріміздің қыршын қиылған өмірі құқық қорғау саласы қызметінің қаншалықты ауырлығын көрсетсе керек. Сондықтан бұл жұмысқа жан қалауымызбен келгендіктен, алдымызда кездесетін қандай жағдайға да психологиялық тұрғыдан дайын болуға тырысамыз. Жылына бірнеше мәрте психологтың қабылдауында болып, түрлі тестерден өтіп тұрамыз. Әлі есімде, оқу бітіре салып, қызметке қабылданған сәтте бірінші рет кісі өлімін көріп, бірнеше күн өз-өзіме келе алмай жүрдім. Қарапайым халық сырттай ғана танып, бізді қатал, мейірімсіз деп ойлайды. Бірақ біз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Қиналамыз. Бірақ қызметтің аты – қызмет, – деп сырын ашты полиция лейтенанты Нұрсұлтан Естеміров.
Расымен де ақиқатын ақтарсақ, әр полицейдің өмірі тәуекелге толы. Өмір мен өлім арасындағы күрес. Ал біз білетін полицей кім?! Оған Азамат Битан есімді әлеуметтік желі қолданушысының желіде кең тараған мына бір азаматтық пікірі айқын баға болатындай: «Полицей – Екібастұзда ойнап жүріп құм астында қалған баланы құтқарып қалған Тахир Қасымов. Полицей – Керекуде үш баласы бар суицид жасамақ болған әйелді өлімнен арашалаған Ербол Айғожин. Полицей – Қарағанды өңірінде суға батып бара жатқан тұрғынға екінші ғұмыр сыйлаған Дастан Азанбаев. Полицей – өткенде ғана Атырауда көпірден секірген қызды құтқарам деп қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев. Полицей – жылдың басында Алматыда болған өртте 6 адамның өмірін сақтап қалған Әділет Әлімқыдыр. Полицей – Петропавлда өзін өзі өлтірмек болған 22 жастағы қыздың өмірін арашалап қалған Денис Комаров. Полицей – Таразда болған жантүршігерлік оқиғада қоғам үшін жанын қиған Ғазиз Байтасов емес пе?!».
Ал біздің арамызда есімдерінің бірін біліп, бірін білмейтін мұндай бейбіт күннің батырлары өте көп. Тіпті мұны айтпағанның өзінде, қарапайым халық отбасына арнайтын мереке мен демалыс күндерінде қызметтік міндеттері мен жауапкершілігі бірнеше есе ұлғайып, үй бетін көрмей, тәулік бойы үзіліссіз еңбек ететін құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жұмысы шын мәнінде ерлікпен пара-пар. Мәселен, бізбен бірге түнгі рейдке шыққан кіші сержант Руслан Құдияровтың отбасын құрғанына көп болмапты. Келіншегі – студент. Үйінде кішкентай қызы өсіп келе жатыр.
– Жұмысқа кеткенде қызым ұйықтап жатады. Үйге келгенде тағы қалың ұйқының құшағында жатады. Балама көңіл бөлуге кейде тіпті уақыт жатпей де қалады. Сондықтан да демалыс күндері ұйқымды азайтып, көп уақытымды қызыма арнауға тырысамын. Қарап отырсам, отбасы, бала-шағамызға қарағанда, жұмыстағы серігімізді көбірек көреді екенбіз. Біздің арамызда 4-5 жыл бір көлікте қызмет атқарып келе жатқан жігіттер бар. Солай жүріп бір-бірімізбен достасып, туған бауырға айналып кеттік, – дейді Руслан Нұрғалиұлы.
Міне, осылайша қас қарайған сәттен таң атқанша тәртіп сақшыларымен түнгі кезекшілікке бірге шығып, олардың тек кәсіби маман ретіндегі ғана емес, адами армандарына да ортақтасып үлгергендейміз. Жанымызға еріп, қызмет тәртібімен жанын сала егжей-тегжейлі таныстырған әрбір жастың жанарынан өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілікті аңғару қиын емес. Бізді қуантқаны – олардың жұмысы ғана емес, армандары да ортақ болып шықты. Ол – Отанға адал қызмет ету!