Серіктестікке серпін қосқан сапар
Сенбі, 20 сәуір 2013 1:09
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің Токиоға ресми сапарының екінші күні бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл келіссөздердің өзегі – мемлекеттер арасындағы байланысты жаңаша тұрғыда жандандыруға негізделгендіктен, тараптар екі жаққа да тиімді мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Сенбі, 20 сәуір 2013 1:09
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми өзінің Токиоға ресми сапарының екінші күні бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл келіссөздердің өзегі – мемлекеттер арасындағы байланысты жаңаша тұрғыда жандандыруға негізделгендіктен, тараптар екі жаққа да тиімді мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Қазақстан мен Жапония барлық салалар бойынша өзара тиімді әлеуетке ие. Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің Жапония астанасы – Токиоға ресми сапары аясындағы келіссөздері мен кездесулері кезінде, міне, осы жайтқа айрықша назар аударылды.
Негізінен, Жапонияның заң шығарушы органының құзыреті айрықша. Конституция бойынша бұл елдегі заң шығарушы органдар Өкілдер және Кеңесшілер деп аталатын екі палатадан тұрады. Заң жобаларының тәртібіне байланысты Жапония парламентінде Өкілдер палатасы – төменгі палата, Кеңесшілер палатасы – жоғарғы палата болып саналады.
Бүгінде Жапонияның заң шығарушы органы мен Қазақстан парламентаризмі арасындағы байланыс та жоғары деңгейде жолға қойылған. Мәселен, Күншығыс елінде Қазақстанмен Достық парламенттік тобы жұмыс істейді. Оның құрамына әртүрлі саяси партиялардан сайланған екі палатаның өкілдері, жиыны 40 жапондық парламентарий кіреді.
Лига мүшелері екіжақты ынтымақтастық және болашаққа бағдарланған мақсат-міндеттер бойынша жиі бас қосып тұрады. Бір атап өтерлігі, мұндай келіссөздер кезінде көтерілетін тақырыптардың әралуандығына байланысты оларға Жапонияның сан-саладағы министрліктері мен ведомстволарының өкілдері арнайы шақырылып тұрады. Яғни, бұл – екі жақ үшін маңызды мәселелерді жүйелі түрде шешуге деген мүдделілік бар деген сөз.
Мұндай сипаттағы сыртқы саяси бағыттың дамуына Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі, Либералды-демократиялық партияның белгілі саяси қайраткері Рютаро Хашимито үлкен үлес қосты. Мәселен, парламенттік топқа төрағалық еткен 2002-2006 жылдар аралығында Р.Хашимитоның бастамасымен Жапонияның «Еуразиялық дипломатия» деп аталатын жаңа сыртқы саяси тұжырымдамасы әзірленді. Ал бұл тұжырымдама кейінірек Жапонияның Қазақстанмен, сондай-ақ, Орталық Азияның басқа да елдерімен арадағы ынтымақтастықтың жандануына кеңінен жол ашуға ықпал етті.
Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Жапония Парламенті жоғарғы палатасының (Кеңесшілер палатасы) спикері Кенжи Хиратамен кездесуі кезінде де бүгінгі күнге дейін жолға қойылған әрі толықтай қалыптасқан осы ынтымақтастық үдерісіне жоғары баға беріле келе, байланыс тетігін бекітудің тиімді тұстарына назар аударылды.
Мәселен, Жапония Парламенті жоғарғы палатасының спикері К.Хирата Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 20 жыл толғанын, бұл сәйкесінше екі ел үшін де үлкен мерзім екенін атап өтті. Бүгінгі таңда біздің елдеріміз сан түрлі салалар бойынша келіссөздерге қол жеткізіп үлгерді. Мәселен, биылғы жылдың сәуір айында Қазақстан мен Жапония Инвестицияларды қолдау және ырықтандыру жөніндегі келісімшарт жобасын дайындауды аяқтады. Қазіргі таңда құжат ресми қол қоюға әзірлік үстінде, деді К. Хирата.
Жапония Парламенті жоғарғы палатасының төрағасы мұндай келісімнің қабылдануы екі ел арасындағы инвестициялық және гуманитарлық байланыстардың өрістеуіне жол ашатынына сенім білдірді. Бұған парламентаралық іс-қимыл да әсер етуі тиіс, деді палата спикері өз сөзінде.
Өз кезегінде Қ.Мәми қазақстандық делегацияны жылы шыраймен қарсы алғандары үшін жапондық әріптестеріне ризашылығын жеткізді. Жапония – Қазақстан үшін маңызды әріптестердің бірі. Бүгінде Қазақстан мен Токио арасындағы байланыс жыл санап қарқын алып келеді. Сондықтан, біз болашақта да Жапониямен стратегиялық әріптестігімізді дамытуға, ол үшін маңызды саяси үнқатысу орнатуға мән беретін боламыз, дей келе, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Жапония Парламенті палаталары басшыларының Қазақстанға сапары ынтымақтастыққа жаңаша серпін береді деген сенімін білдірді.
Ал Қайрат Мәмидің Жапония Премьер-министрі Шиндзо Абэмен кездесуінде қазақ-жапон ынтымақтастығының бүгінгі жай-күйі мен әріптестікті ілгерілетудің болашақ бағдары талқыланды.
Ш.Абэ кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілектестігін жолдай келе, Қазақстан Жапония үшін маңызды әріптес саналатынын, сондықтан болашақта екіжақты қатынастардың дамуына күш-жігер танытуға ниетті екенін білдірді. Ш. Абэ сондай-ақ табысты ынтымақтастықтың елеулі бөлігі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі өрістету жайына да тоқталып өтті.
Өз кезегінде Қ.Мәми Қазақстан Жапонияны Азия құрлығындағы маңызды әріптесі санайтынын және Қазақстан Жапониямен стратегиялық әріптестікті одан әрі жандандыруға мүдделі екенін жеткізді. Кездесуде еліміздің парламентаралық үнқатысуды ілгерілетуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге әзірлігі айтылды.
Токиоға сапары аясында қазақстандық парламентшілер сондай-ақ Синтоистік храмдар қауымдастығының президенті Цунекио Танакамен кездесті. Ц.Танака 2012 жылдың мамыр айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысып, Дін көшбасшылары кеңесіне мүшелікке сайланған болатын.
Осы орайда, екі елдің сан сала бойынша ұстанымдары ұқсас екенін айрықша атап өткен жөн. Бұл ұқсастық, әсіресе, халықаралық қауіпсіздік мәселелерінде де көрініс табуда. Мәселен, Жапония атом бомбасынан қасірет шеккен ел ретінде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамашылығын өте жоғары бағалайды. Біздің еліміздің халықаралық және өңірлік ұйымдар мінберінде көтеріп жүрген басқа бастамаларын да қолдайды. Жапонияның Қазақстан Президентінің 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп атау жөніндегі бастамасының БҰҰ Бас Ассамблеясында қолдау табуында Жапония тарабының да үлесі бар. Ал Қазақстан тарапының Жапонияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болып сайлануына қолдау танытуы екіжақты әріптестіктің берік орнағанын айғақтай түседі.
Қазақстан мен Жапония арасындағы әріптестік байланыстар тек бұлармен түгесілмейді. Токионың Қазақстанның халықаралық бастамаларына, оның ішінде Астанада ұйымдастырылатын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу бастамасына да қолдау танытуы әріптестікке серпін берері анық.
Екі ел арасындағы саяси үнқатысудың өрістеуіне экономикалық ынтымақтастық та белгілі дәрежеде ықпал етуде. Мәселен, сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдар ішінде қос мемлекеттің индустрия, энергетика және қаржы салаларындағы қарым-қатынасы жаңаша қарқын алған. Жапонияның Қазақстанды атом өнеркәсібі саласындағы озық технологиялармен қамтамасыз етуге ұмтылысы отандық уран өнімдерінің үлес салмағын жапон нарықтарында ұлғайтуға жол ашты. Сондай-ақ 2008 жылдың маусым айында Қазақстан Президентінің Жапонияға ресми сапары инвестициялық және технологиялық ықпалдастыққа жаңаша серпін берді. Бұл сапар аясында тараптар экономикалық әріптестіктің жаңа перспективаларын айқындаған болатын. Мұндай келіссөздер қазақстандық нарыққа жапонның қаржылық институттары тарапынан қызығушылықтың артуына да сеп болды. Қазіргі таңда Қазақстанда жапондық капиталдың қатысуымен 26 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар негізінен мұнай-газ, металлургия және тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларына маманданған.
Жалпы алғанда, қазақ-жапон дипломатиялық және парламентаралық әріптестігінің әлеуеті жоғары. Қос тарап бұл байланыстың болашақта да өрістеуіне мүдделі. Бұған Токиодағы келіссөздер барысында көз жеткіздік.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Егемен Қазақстан – Токиодан.