Аймақтар • 17 Маусым, 2019

Қапастағы қолөнер

481 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жыл сайын сотталған азаматтардың шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастырады. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Үміт-2019» көрме-байқауы кезекті маусымын бастады.

Қапастағы қолөнер

«Қарағандыға 85 жыл» атты тақырып аясында өткен шарада картина, қолданбалы өнер бұйымдарынан тұратын 70-тен аса шығармашылық туынды келушілер назарына ұсынылды.

– Аталған шара сотталған аза­маттарға өз талантын көр­сетуге  мүмкіндік береді. Байқау нәти­жесі бойынша алты жүлделі орын анықталады. Үздік деп танылған туындылардың авторларына сыйлықтар табыс етіледі, – деді ҚАЖК департаментінің бөлім бастығы, әділет майоры Еркебұлан Қарғалтаев.

Көрме төрінен орын алған шығармашылық туындылар арқылы әлдебір себептермен бостандығынан айырылған азаматтар өздерінің ойлары мен өмір туралы көзқарастарын және айналадағы әлемге деген қарым-қатынасын танытуға тырысқан.

– Осындай көрме-байқау­лардың тәрбиелік маңызы зор. Өнер адасқан адамның түзу жолға түсуіне көмектеседі. Жыл өткен сайын бұл көрмеге де­ген қызығушылық артып ке­леді. Авторлар түрлі техника­ларды қолданып, әртүрлі материалдармен жұмыс істейді. Мұнда кәсіби студияларда қол­данылмайтын заттар іске жаратылады. Мысалы, көмірден жа­салған мүсіннің өзі бір керемет. Сонымен қа­тар авторлардың арасында бояуларды өздері жасайтындары да бар. Материалдарды дайындауының өзі олардың өнермен айналысқысы келетінін көрсетеді. Мұндағы әрбір туынды өз әлінше ерекшелікке ұмтылған, – дейді өнертанушы, қа­зылар алқасының мүшесі Наталья Иванина.

«Үміт-2019» көрме-бай­қауы­ның қорытындысы бойынша «Станоктік өнер», «Қолданбалы өнер», «Көркемсурет және графика» аталымдары бойынша үздік деп танылған жұмыстар қарттар үйіне тапсырылады.

ҚАРАҒАНДЫ