Шарайна
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:57
Қақтығыс құрбандары – 185 адам
Нигерияның солтүстігінде әскери қызметшілер мен діни содырлар арасында болған ұрыс салдарынан 185 адам қаза тапты. Бұл жөнінде «Ассошиэйтед пресс» ақпарат агенттігі жергілікті биліктің ресми мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:57
Қақтығыс құрбандары – 185 адам
Нигерияның солтүстігінде әскери қызметшілер мен діни содырлар арасында болған ұрыс салдарынан 185 адам қаза тапты. Бұл жөнінде «Ассошиэйтед пресс» ақпарат агенттігі жергілікті биліктің ресми мәліметтеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Ұрыс балық аулайтын және оны өңдеуден өткізетін ірі орталықтардың бірі – Бага қаласында болған. Ұрыс бірнеше сағатқа созылған. Дерек көздерінің сөздеріне қарағанда, жұма күні «Боко харам» тобының мүшелері мешітке келген көрінеді. Мешітті әскерилер қоршауға алған. Қақтығыс кезінде содырлар гранатометті пайдаланған, ал әскерилер оларға қарсы автоматтан оқ жаудырған. Багадағы жағдай кеше ғана қалыпқа түскендей болды. Бұл елдегі содырлардың іс-қимылы 2009 жылдан бастап белсенді сипат алып келеді.
Күдікті деп ұсталған есін жиды
АҚШ-тағы Бостон марафоны өтіп жатқан кездегі террорлық әрекеттерді жүзеге асырды деген күдікпен ұсталған ағайынды екеудің бірі – Джохар Царнаев есін жиған және ол бірнеше сұраққа жазбаша жауап берген.
Құқық қорғау органдары өкілінің айтуынша, Царнаевтан негізінен олардың сыбайластары жөнінде, сондай-ақ жарылғыш қондырғылардың бар не жоқ екендігі туралы сұралған. Ағайынды Джохар мен Тамерлан Царнаевтарға сәуірде Бостон марафоны кезінде террорлық әрекеттер жасады деген күдік келтіріліп отыр. Сол террорлық әрекеттерден үш адам қаза тауып, 180-ге жуық адам жараланған еді. Полицейлермен атыс кезінде Царнаевтардың үлкені – Тамерлан оққа ұшқан болатын.
Министр сапардан неге бас тартты?
Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Юн Бен Се Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Ясукуни храмына символикалық қайырымдылық жасағаны үшін Жапонияға жоспарланған сапарын өзгертті. Бұл ақпаратты кеше «Ренхап» агенттігі таратты.
Оңтүстік Корея сыртқы саясат ведомствосының жоғары лауазымды шенеунігінің айтуынша, Корея СІМ басшысының Жапонияға сапары қарсаңында премьер-министр Абэнің Ясукуни храмына қайырымдылық жасауы «табысты үнқатысу жүргізуге кері әсер етеді, сол себепті министр сапардан бас тартып отыр». Корея министрінің Жапонияға сапары 26-27 сәуірге жоспарланған болатын. Ясукуни храмы қаза тапқан жауынгерлерге арналған, онда 1948 жылы Токио трибуналының үкімі бойынша өлім жазасына кесілген 14 әскери жерленген. Оңтүстік Кореяның кезінде Жапонияның отары болғаны белгілі.
Билік партиясын артта қалдырды
Жексенбі күні Парагвайда президенттік сайлау өтіп, басым дауыспен 56 жастағы кәсіпкер Орасио Картес жеңіске жетті. «Рейтер» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ол билік партиясынан кандидат Эфраин Алегрені артта қалдырған.
Орасио Картес елдегі қалтасы қалың, бай адамдардың бірі саналады. Ол президенттікке Парагвайдағы оппозициялық беделді «Колорадо» партиясынан түскен болатын. Кейбір мәліметтерге қарағанда, О. Картеске сайлаушылардың 53,8 пайызы, Э. Алегреге 37 пайызы дауыс берген. Бұл елде президент бес жыл мерзімге бір рет қана сайланады.
АҚШ баяндамасымен келіспейді
Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің баспасөз кеңсесі 2012 жылы АҚШ-тың адам құқығы саласындағы жағдай туралы материалдарды жария етті. «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, бұл құжат АҚШ мемлекеттік департаменті жарыққа шығарған 2012 жылы әлемде адам құқығы жөніндегі баяндамасына жауап болмақ.
Аталған құжатта АҚШ үкіметі өздерін «адам құқығын қорғаушы» деп есептейтіндігі, әлемдегі 190-нан астам елді негізсіз сынағаны айтылған. Олардың ішінде Қытай да бар. «Синьхуа» агенттігінің жазуынша, АҚШ өз ішіндегі адам құқығының қорғалуына көз жұма қарайды. «2012 жылы Құрама Штаттарында атыс қаруын қолдану ел халқына үлкен қауіп төндірді. АҚШ-та байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылықта алаңдаушылық туғызады», – делінген құжатта.
14 жылдан соң бостандыққа шықты
Өзбекстанда 14 жыл түрмеде отырған жазушы әрі оппозиционер Мамадали Махмұдов бостандыққа шықты. Құқық қорғаушы Надежда Атаеваның айтуынша, М.Махмұдов 1999 жылдың ақпанында Ташкентте болған террорлық әрекеттер кезінде қамауға алынған.
Осы террорлық әрекеттер салдарынан 16 адам қаза тауып, жүзден астам бейбіт тұрғын жараланған еді. Тағы бір жарылыс ел президенті Ислам Каримовтың қатысуымен өтетін министрлер кабинетінің отырысында жасалған болатын. Абырой болғанда, президент жиынға кешігіп келген. Кейбір деректер сол жылы болған террорлық әрекеттерге байланысты 18 мың адам түрмеге жабылғандығын алға тартады. Ал М.Махмұдов кезінде Өзбекстан президенттігіне кандидаттыққа түсуге де әрекеттенген еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
Читада көкөніс сататын дүңгіршектен есірткі сатылып келгені анықталды. Тергеу амалдары барысында анықталғанындай, төрт ай ішінде қылмыскерлер осы дүңгіршектерден 12 кило есірткі сатқан.
Ауғанстан талибтері түркиялық жолаушылар мінген тікұшақты басып алды. Оның бортында оншақты адам болуы мүмкін.
Солтүстік Корея елдің шығыс жағалауына тағы екі баллистикалық зымыраны бар қондырғыны орнатты. Мұны Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі хабарлады.
Мексиканың Мичоакан штаты аумағында қуаты 5,9 баллдық жер сілкінісі болды. Зардап шеккендер жөнінде ақпарат түскен жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.