23 Сәуір, 2013

«Бесігінде» тұншыққан бастама

274 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Бесігінде» тұншыққан бастама

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:59

Бір жағынан еуроаймақта басталған шөміштен қысу үнемшілдігінен, екінші жағынан, күйзелген экономиканың үстінен бас айналдырар бонустар жонып, байыған банкирлер мен «арам» ақшаларын оффшорлық аймақтардан айналымға шығаратын алаяқ олигархтардың ұйымдасқан қылмысынан қалжыраған кәрі құрлық күйзелістен оңалар емес.

Сейсенбі, 23 сәуір 2013 1:59

Бір жағынан еуроаймақта басталған шөміштен қысу үнемшілдігінен, екінші жағынан, күйзелген экономиканың үстінен бас айналдырар бонустар жонып, байыған банкирлер мен «арам» ақшаларын оффшорлық аймақтардан айналымға шығаратын алаяқ олигархтардың ұйымдасқан қылмысынан қалжыраған кәрі құрлық күйзелістен оңалар емес. Бірқатар сарапшылардың ашық мәлімдеуінше, бақылаудан тыс қалған банктер экономикадан миллиардтаған қаржыны сорып жатқанда, дағдарыстың тыйылуы неғайбыл. Банктердегі берекесіздік пен жаппай белең алған жемқорлық әлемдік қаржы жүйесін жар басына жақындатты. Мамандардың бірауызды пікірінше, әлемдік қаржы жүйесіне түбегейлі реформа жасау қажет.

Күні кеше Дублин қаласында өткен еуроаймақ мемлекеттері қаржы министрлерінің екі күндік басқосуының қорытындысы еуропалық банктерді тығырықтан құтқару және салымдарды сақ­тандырудың бірыңғай жүйесін жасау үшін «банктер одағын» құру мақсатында жұмыс жүргізу қажеттігін тағы да қуаттады. Еске сала кететін болсақ, өткен жылы Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозу Страсбургте өткен Еуропалық парламенттің сессиясында сөйлеген сөзінде, әріптестерін Еуроодақты «ұлттық мемлекеттер федерациясына» айналдыруға шақырып, батыл бастама көтерген болатын. Осы бастаманың алғашқы қанатқақты жобасы ретінде кешіктірмей «банктер одағын» құру мәселесін ұсынды. «Банктер одағын» құру да 1999 жылы еуроны айналымға шығарған оқиғамен бірдей, еу­роаймақ мемлекеттерінің ұлт­тық тәуелсіздіктерін шектеуге ба­ғытталған жаңа қадам екендігінде талас жоқ. Ал оның екінші тиімді жағы да бар. Еуроаймақтағы бүкіл қаржы дағдарысының бел ортасында тарыдай шашырап «өз беттерінше қой айдаған» мыңдаған банктердің жұмысына бір орталықтан бақылау жасау шарасы қолға алынар еді.

Еурокомиссия «банктер ода­ғын» құрудың алғашқы қадамы ретінде ЕОБ-ге еуроаймақ мем­лекеттеріндегі 6 мыңнан астам банк­терге бақылау жасау құзырын бермек. Яғни ЕОБ барлық банктердің лицензияларын тоқтатуға, ірі қар­жылық қозғалыстарға бақылау жасауға, банктердің бірігуіне, проб­лемалы банктердің үстінен із қозғауға құқылы болмақ. Іс жүзінде ЕОБ-ге ұлттық банктердің реттеушісі жауапкершілігін жүктемек. Қазір ЕОБ тек пайыздық мөлшерлемелерді белгілеп, ақша басып шығару құқығын ғана атқарып отыр. Еуропалық орталық банкке жаңа жауапкершіліктер мен құқықтар беретін бұл жаңа заңдарды биылғы жылдың басынан күшіне енгізу керек еді. Алайда, Франция, Люксембург, Дания сияқты мемлекеттер қолдаған Еу­ро­комиссияның бұл ұсынысын Гер­мания әлі де «ұзын арқан, кең тұсауға» салып келеді. Германия «банктер одағын» құру мәселесі Лиссабон шартының кейбір ережелерін өзгертпейінше мүмкін емес деген көзқарасынан таймай отыр. Германияның қаржы министрі Вольфганг Шойбле «банк­тер одағын» құру Кипрдегі жағдайдың қайталанбауына ке­пілдік бермейтіндігін де алға тартады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңа бастаманың жуыр арада іс жүзіне асырыла қойылуы екіталай. Германияның солқылдақ көзқарасы Еуроодақтың қаржы жүйесі үшін аса қажет бұл бастаманы «бесігінде» тұншықтырып отыр. Себебі, еуроаймақтағы барлық банктердің үштен бірі, яғни 1885 банк Германияда орналасқан. Сондықтан Германия банктердің мүддесіне нұқсан келтіретін қан­дай да бір бастамаға қатты қарсылық білдіруде. Германия қар­жы министрі Вольфганг Шой­бленің Еурокомиссия бастамасын қолдаған бола отырып, бұл шара еуроаймақтың барлық банктері үшін емес, мемлекеттен көмек алатын банктер үшін ғана міндетті болуға тиіс деген пікірі осындай көзқарастың жемісі болса ке­рек. 2008 жылы проблемалы банк­терді Үкіметтің тікелей қаржы құйып қолдауы салдарынан кейбір елдердің мемлекеттік қарызы 1,7 трлн. еуродан асты.

Сонымен бірге, Кипр дағдарысы еуроаймақтың қаржы саласының барлық жақтарына да салқынын тигізіп отыр. Осыған байланысты Еуроодаққа қарасты мемлекеттер басшыларының мамыр айында өтетін саммитінің бағдарламасы негізінен салық төлеуден жалтару тәсілдеріне, оның ішінде оффшорлы аймақтар арқылы жасырын ақшаны айналымға шы­ғару арқылы салықтан қашу оқи­ғаларына тосқауыл қою шараларына арналмақ. Еурокомиссия мәліметі бойынша, жыл сайын Еуро­одақ елдерінің бюджеті осындай жолдармен жалтарған тәсілдер салдарынан 1 трлн. еуро салықтан қағылып отыр. Осы саммитте барлық тараптарға бірдей «банк салымшылары туралы ақпаратты автоматты түрде анықтау» ережесін енгізіп, салық агенттерінің салық жинау жұмысын жеңілдету шараларын қолданысқа енгізу мәселесі қаралмақ. Бұл бастамаға Люксембург үкіметі бірден қолдау білдірсе, Австрия үкіметі үзілді-кесілді қарсылық жасауда. Сөйтіп бүгінгі таңда Еуропалық одақта банктер құпиясын ашу шарасына бірден-бір ашық қарсылық көрсетіп отырған Австрия мемлекеті болып отыр.

Жақында Қытай Ұлттық статистика бюросы 2013 жылғы I тоқсандағы елдегі ІЖӨ-нің өсу деңгейін жариялады. Осы мәлімет бойынша, бұл көрсеткіш 2012 жылдың IV тоқсанындағы 7,9 пайыздың орнына 7,7 пайызды құраған. Қытай еліндегі ІЖӨ-нің төменгі көрсеткіші бүкіл дүние жүзінде шикізат тауарларының бағалары мен акциялардың котировкаларының төмендеуіне әкеліп соқты. Осыған дейін Қытай елінің ІЖӨ-сі жыл сайын 10 пайыздан жоғары өсімнен төмендеп көрген емес еді. Ондаған жылға созылған осы экономикалық жоғары өсім Аспан асты елінің экономикасын әлемдегі екінші қуатты экономика деңгейіне көтеріп, 2000 жылдан бері дүние жүзіндегі шикізат бағасының тұрақты түрде жоғары болуын қамтамасыз етіп келді.

Мамандардың пікірінше, соңғы уақыттағы Қытай экономикасы өсімінің тежелуі дүние жүзіндегі барлық ірі компаниялардың ахуалына әсер ететін болады. Әсіресе, шикізат экспорттайтын компаниялар оның кері әсерін барынша сезінбек. HSBS-тің азиялық бағыттағы экономикалық зерттеулерінің жетекшісі Фреде­рика Нойманның айтуынша, бұл ҚХР экономикасының тұрақты түрде жоғары өсім көрсетіп келе жатқандығына үйреніп алған Австралия, Латын Америкасы және Африка сияқты шикізат экспорттаушы елдер үшін өте жағымсыз жағдай болып отыр. Қытай экономикасының жоғары өсімінің төмендеуі көптеген компанияларды өздерінің бизнес-моделдерін өзгертуге мәжбүрлейді.

Шанхай қаласының девелопері Сунь Пин 2000-жылдардың ортасындағы «ғажайып уақытты» сағынышпен еске алады. Ол сол кезде өзінің 3 сағат ішінде 60 үйді сатып, табысқа белшесінен батқанын айтады. Аз уақыттың ішінде жылжымайтын мүліктің бағасы бірнеше есе өсіп кетуші еді, дейді ол. Енді ол кезең келмеске кетті. Аспан асты елінің экономикасында жүйелі түрде реттеу үрдісі үстемдік ала бастады. Соңғы жылдары қытайлықтардың жылдан жылға артып келе жатқан сұранысын қанағаттандыру мақсатында орасан зор жұмыстар атқарылды. Мәселен, соңғы онжылдықтар көлемінде Шанхай қаласында 240 миллион шаршы метр тұрғын-үй құрылысы пайдалануға берілді. Енді кәсіпкерлер бұрынғыдай офис бөлмелері үшін девелоперлерге кезекке тұрмайтын болды. Офис ғимараттарының саны да күрт өсті.

Бүкіләлемдік банк Қы­тай экономикасының таяу бола­шақ­тағы өсім деңгейін 8-8,5 пайыз болады деген болжам айтады. Бірқатар сарапшылар Бүкіләлемдік банктің бұл болжамының біршама жоғары екендігін көр­сетеді. Тіпті, бұл мәселе бойынша банк мамандарының өздерінде де бірауызды пікір жоқ. Мәселен, Бүкіләлемдік банктің Азия құр­лығы бойынша бас экономисі Берт Ховман өткен дүйсенбіде осы онжылдықтың соңына таман ҚХР экономикасының өсімі 6-7 пайызға дейін төмендеп, несие көбігінің қауіпті шегі қалыптасады деген ескертуін алға тартты.

Биылғы жылдың I тоқсанында Қытайдың қаржы компания­лары рекордтық көлемдегі – 6,1 триллион юань (шамамен 1 триллион доллар) несие берген. Алай­да, осындай рекордтық не­сие­лердің өзі экономиканың өсімін қамтамасыз ете алмады. Соңғы уақытта жылжымайтын мүлікке, инфрақұрылымға және өндіріске салынған капиталдың табысы біршама төмендеп кеткен. Мәселен, 2001 жылдан 2012 жыл аралығында Чанчжоу округіне құйылған тікелей инвестиция көлемі 5 есе өсіп, 3,36 миллиард долларға жеткен. Мұнда Covington, Ashland, Novelis, және Akzo Nobel сияқты ірі компаниялардың өндірістік қуаттары орналасқан. Осы аймақтың инвестиция тарту жөніндегі маманы Томас Чжанның айтуынша, биыл инвестиция өсімін тым болмағанда 5 пайызға жеткізудің өзі қиынға соғатын көрінеді.

Компаниялар бұрынғыдай Қытайда өте арзан жұмыс күшін табу мәселесінен де қиындық көруде. Өйткені, қалалардағы зауыт-фабрикалардан мардымсыз ақша алып жұмыс істейтін село тұрғындарының қатары да жылдан жылға азайып ке­леді. Бүгінде өндіріс орындарына жұмыс іздеп келген қытай­лықтар жоғары жалақы талап етіп, өздерінің құқықтарын қор­ғауға бейімделген. Биылғы жыл­дың I тоқсанында жұмысшы-мигранттардың жалақысының өсімі ІЖӨ-нің өсімінен асып түсіп, 12,1 пайызды құрады. «30 жыл бойы тұрақты түрде жоғары өсім көрсетіп келе жатқан Қытай экономикасының өндірістік әлеуеті біршама төмендеді. Үстіміздегі жылы экономиканың өсімі 7,5 пайыз болуға тиіс. Бұл 1990-жылдардан бергі өсімнің ең төменгі көрсеткіші болмақ», дейді Ұлттық статистика бюросының өкілі Шэнь Лай-юнь.

Дегенмен, Пекин биылғы жыл­дың I тоқсанындағы экономикалық өсімнің біршама төмендеуіне соншалықты алаңдаушылық танытып отырған жоқ. Елдегі жұмыс­сыздық деңгейі барған са­йын қысқарып келеді. Үкі­мет­тің мәлімдеуі бойынша, I тоқ­санда қалаларда 3 миллионнан астам жаңа жұмыс орны ашыл­ған. Инфляция деңгейі де белгіленген межеден ауытқымай келеді. ҚХР-дың жаңа басшылығы партиялық шенеуніктердің ара­сындағы жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес бағдарламасын бас­тады. Шенеуніктерді ұстауға жұм­салатын шығын, олардың іссапарларға шыққанда жұмсайтын шығындарының көлемі шектелген. Мемлекеттік шенеуніктердің шығындарын шектеу алдағы уақытта әлеуметтік салаға бері­летін бюджет шығындарының өсуін қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде үкімет денсаулық сақтау, білім беру салаларына бөлінетін қаржы көлемін арттыруда. Қазір Қытайда тек аса қымбат тауарларға деген тұтынушылық сұраныс мөлшері ғана төмендеп келеді. Қай кезеңде де «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» қытайлық менталитет әлем экономикасын тығырыққа тіреген дағдарыс жағдайында да өз есептерінен жаңылмай, байсалдылықпен ел игілігін еселеуде.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».