Руханият • 18 Маусым, 2019

«Төле би» фильмі: бала биден дана биге дейін

1906 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көптен күткен «Төле би» тарихи сериалы көрерменге жол тартты. Қазақтың төбе биі атанған тұлғаның бала биден дана би биігіне көтерілгенге дейінгі ғибратты ғұмыры жан-жақты сөз болатын 10 бөлімнен тұратын көркем туын­ды Түркістан облысының 1 жылдығына орай арнайы түсірілген.

«Төле би» фильмі: бала биден дана биге дейін

Аталған фильмнің ең ал­ғашқы көрермені – елор­да тұ­р­ғындары мен қала қонақ­тары болды. Өткен жұмада «Қазмедиа» орталығының кон­церттік залында өткен тұ­сау­кесер рәсіміне Түркістан об­лысынан бір топ делегация арнайы келіп, сүйінші жа­ңалығымен бөлісті.

– Түркістан облысы әкім­дігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильмнің жалпы бюджеті 153 миллион теңгені құрайды. Соңғы бірнеше жыл кө­лемінде Оңтүстік өңір тари­хи жерлеріміз бен тұл­ғала­рымызды кино тілі арқылы та­­ныстыруға бағытталған бір­­­қатар ауқымды жобаны сәт­ті жүзеге асырып келеді. «Тө­­ле би» туындысы соның жал­­ғасы. Жалпы, өздеріңіз бұған дейін де куә болып жүр­гендей, былтырдан бас­тап «Оңтүстікфильм» мен «Сақ» киностудиясы бірігіп толықметрлі фильмдерден бө­лек, анимациялық туынды­лар түсіруге де баса назар ауда­рып келеді. Осы арқылы бал­дыр­ғандарымыздың бойына адамгершілік, ұлтжандылық сезімдерін сіңіргіміз келеді. Та­рихын, тегін танып өссе дей­­міз. Өткен жылы «Отырар­ды қорғау», «Киелі Қазығұрт», «Күш атасы – Қажымұқан», «Түр­кістан» сияқты туынды­ларымызбен еліміздің бір­қа­тар өңірін аралап, көпшілік назарына ұсындық. Биыл да базарлықсыз емеспіз. «Тө­ле биден» бөлек, бүгін бал­дыр­­ғандар тамашалайтын «Ор­дабасы – бірліктің туы», «Оқ­сыз оқиғасы» туындылары кішкентай көрермендеріміздің көңілінен шығады деген се­німдеміз. Аталған фильм­дер­дің қай-қайсысы да ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына қосылған үлкен ол­жа деп білеміз», деді фильм тұ­саукесерінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев.

Жазушы Шойбек Орын­байдың фильммен аттас ро­манының желісі негізін­де тас­паланған картина – «Оң­түстікфильм» мен «Сақ» кино­студиясының ортақ жобасы. Фильмнің көркемдік жетекшісі – Сатыбалды Нарымбетов, қоюшы режиссері – Батырхан Дәуренбеков.

– Төле би бабамыздың ұл­ты­мызға сіңірген еңбегі ересен. Бар қазақты Ордабасы тауының етегіне жинап, жоң­ғарларға қарсы тойтарыс беруге шақыруы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың тарихында алтын әріппен жазылатын айтулы оқиғаның бірі. Фильмде би бабамыздың сол да­налығы мен кемеңгерлігін, батылдығы мен әділдігін ба­рын­ша шынайы жеткізуге ты­рыстық. Ендігісіне көрер­мен өзі төреші, – дейді режиссер.

Фильм режиссері атап өт­кендей, шығармашылық құ­рам негізінен жергілікті ак­тер­лер мен қарапайым тұр­ғын­дардан жасақталыпты. Түсірілім тобының негізгі мақ­­саты танымал актерлерді шақырып, рейтинг жинау емес, жергілікті актерлердің шы­ғармашылық жұлдызын жа­ғуға, әрқайсысының жекелей өнер адамы ретіндегі мүмкіндігі мен шеберлігін сынап көру болыпты. Сол арқылы жастардың туған жерін сүйіп, бағалауға, тарихын тануға деген қызығушылық сезімін оятуды көздепті. Мәселен, Тө­­ле бидің жігіттік шағын шым­­кенттік жас актер Абзал Төленов ойнайды. Әу баста басты рөлге бекітілгеніне қуан­­­­ған актер, түсірілім кезін­де біраз қиналғанын да жасыр­мады.

– Мұндай айтулы рөл­ге бекітілудің өзі үлкен жа­уап­­кершілік жүктейді. Қуа­ныш­тан бұрын, әлбетте тол­қыныс басым болды. Төле ба­бамыздың рөлін лайықты деңгейде шығару үшін жан-жақты іздендім. Өйткені ол заман мен бұл заманның арасы жер мен көктей. Түсінік, тұрмыс-дағды, әлеуметтік жағдайы да бөлек әлем. Осы тұрғыдан келгенде, біраз тол­қыдым, тіпті қорықтым десем де болады. Өйткені кемеңгер тұлғаны ойнау кез келген жас актер үшін үлкен мектеп, – дейді Абзал.

Төле би туралы бұл фильм көркемдік тұрғыдағы бірқатар кемшіліктеріне қарамастан, отандық кинематография тарихында тұңғыш рет түсіріліп отырғандығымен де құнды. 10 бөлімнен тұратын туындыда 9 жасынан бастап билік айтып, шешендігімен көзге түскен бала бидің қара қылды қақ жарған әділдігімен қатар, адамгершілік қасиеттері да жан-жақты қамтылған. Фильм­­нің бас продюсері Нұ­рид­дин Пәттеевтің айтуын­ша, Төле бидің тұтастай тұлғалық һәм қайраткерлік бейнесін ашу үшін 10 серия аздық етеді.

– Дана бидің барлық өмірін көрсетуге кемінде 80 бөлім ке­рек. Мәселен, «Ертұғырыл» фильмін алып қарайық. «Төле би» де дәл солай түсірілсе, қан­дай тамаша болар еді. Уа­қыт пен қаржының шектеу­лілігінен бар оқиғаны 10 бө­лімге сыйдыруға тура келді. Жалпы, түсірілім жұмысы 8 айға созылды. 6 ай монтаж жа­садық. Ішінде үш шайқас сахнасы бар. Соның бәрін арнайы эффектілермен жақсы көрсете білдік деп ойлаймын, – дейді продюсер.

Туындының толық нұсқа­сын көпшілік қауым елорда күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көре алады.