Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Көкшетау қаласының тарихи музейі қызметкерлері осы тұжырымға сай қызмет атқарып келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі туған жеріміз – Көкше өлкесінің көне де шежірелі тарихының тұнығына тереңнен бойлап, туған қаламыздың бастан кешірген қилы-қилы кезеңдерін зерттеп-зерделеп, ұлттық рухани, мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, олардың озық үлгілерін ұрпақ бойында жалпықазақстандық патриотизм қалыптастыру негізінде қоғам игілігі үшін ұтымды пайдалану – аса маңызды әрі жауапты іс.
Көкшетау қаласының тарихи музейі қызметкерлерімен жоспарланған әрбір танымдық, тағылымдық іс-шараның маңыздылығына мән беріле отырып, жауапкершілікпен жүзеге асырылады. Осы күнге дейін атқарылған мәдени-көпшілік іс-шараларға жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының әлеуметтік желілер арқылы берген оң бағасы музей қызметі бағытының дұрыстығының белгісі деп білеміз. Мәселен, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында шежірелі Көкше жерінің өз қойнауында бүгіп жатқан талай тарих сырларына бойлау, әлі де зерттелмеген, ашылмаған тарих беттерін анықтау, ғибратты ғұмырлары Көкше тарихымен тығыз байланысты Уәлихановтар әулетінен бастап, жеке тұлғалардың туған жеріміздің тарихының қалыптасып, дамуына қосқан үлестері бойынша зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізу, оларды дәріптеу, кеңінен насихаттап, келер ұрпаққа аманаттау мақсатында «Көкшем – шежірелі өлкем», «Туған жер – туған ел» патриоттық бағдарламалары аясында көпшілік қауымды Көкше өңірі тарихымен, оның көрікті жерлерімен және киелі нысандарымен таныстыру мақсатында «Туған қалам – қазынам» және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ұлтымыздың сәндік-қолданбалы өнері арқылы мәдениетіміздің маңыздылығын, қасиеттілігін таныту мақсатында «Ұлттық қолөнер – қасиетті төл өнер» атты музейлік жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асыру барысында түрлі форматта танымдық, тағылымдық іс-шаралар атқарылуда.
Ғасырлар бойы тұнығы лайланбай, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасқан ұлттық құндылықтарымыздың озық үлгілерін келер буынға аманаттау – бүгінгі қоғам еншісінде.
Осынау игілікті мақсаттағы қызметіміздің бір айғағы ретінде жаз маусымының алғашқы күндерінде Бурабай саяхат аймағындағы Абылай хан алаңында ұйымдастырылған «Ұлттық мұра: өткеннен – келешекке» атты жылжымалы көрмені айтуға болады.
Біздің өлкеміз ұлы тұлғалардың есімдерімен, халқымыздың басынан өткен маңызды тарихи оқиғалармен байланысты. Халқымыздың атқа міну мәдениеті, салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары көрініс табатын кәсіптің дамуы осы жерден бастау алады. XIX ғасырда көкшелік қолөнершілер мен шеберлердің бұйымдары түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерде жоғары сұранысқа ие болғаны тарихтан белгілі.
Ашық аспан астындағы «Ұлттық мұра: өткеннен – келешекке» атты көрмеде демалушы отандастарымыз бен шетелдік қонақтардың назарына музей қорында сақталған қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде тұтынылған заттар, киіз, сырмақ, текемет басу, алаша, ши, аяққап, құрақ көрпе мен кілем тоқу сияқты дәстүрлі қолөнер шебері Смағұл Кенжебай, ағаш шебері Еркеш Мәкенов, тері мен металл шебері Рустам Шәріповтің бірегей туындылары ұсынылды.
Сонымен қатар көрме барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттерінің шығармашылығын шыңдау және өнер жолындағы алғашқы қадамдарын қолдау мақсатында көпшілікке насихатталған халқымыздың болмысын, мәдениетін, тұрмысын бейнелейтін ұлттық нақыштағы картиналары демалушыларды жоғары талғамдылығымен тамсандырып, рухани, эстетикалық ләззатқа бөледі.
Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан бекітілген кестелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылған көрме нәтижесінде Ақмола облысы мен Көкшетау қаласы бойынша атадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, жалғастырушы сәндік-қолданбалы өнердің жергілікті, танымал хас шеберлерімен қатар, есімдері дүйім жұртқа беймәлім суретшілер мен ұлттық қолөнер шеберлері анықталып, өнерлері дәріптелді.
Күнсұлу НҰРҒАЛИЕВА,
Көкшетау қаласының тарихи
музейінің ғылыми қызметкері
Ақмола облысы