Аймақтар • 18 Маусым, 2019

Нарынның Нариманы

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғұмыры ғибратқа толы абзал жандар аз емес. Атырау десе, қасиетті құм Нарын десе, алғашқылардың қата­­рында есімі аталатын Нариман Үлкен­баев­­тың та өмірі өнегеге толы бол­ды. Еңбек жолын медицина сала­сынан баста­ғанымен, табиғат берген дарыны өнер әлеміне әкелген Нариман Үлкен­баевты ел Қа­зақ­­­­станның Мәде­ниет қайраткері, күй­­ші-ком­позитор, әнші, сөз зергері ретін­де таныды. Сөйлесе – сөзге шешен, шыр­қаса – әні келіс­кен, төгілте тартса – күйі күм­бірлеген, шабыттанса – қара өлең­нің қасие­тін танытқан өнер иесінің артында мол мұра қалды.

Нарынның Нариманы

Жастық шағын Нарын құмын жай­лаған Исатай ауданында өткізген Нари­ман Үлкенбайұлы Аққыстау халық театры­­ның алғашқы режиссері болды. Ауыл­дың өнерге жақын жастарын жанына жинап, халық театрының негізін қалады. Ауыл өнерпаздары 1970 жы­лы Мәскеуде, кейін Югославияда өт­кен байқауларға қатысып, Бірінші дүние­жүзілік фестивальдің жүлдегері атан­­ды. Бұдан басқа да байрақтары аз емес. Шағын ауылдың сахнасынан бас­талған өнер жолы Нариман Үлке­­нбай­ұлын Қазақстанның еңбек  сіңірген қай­раткері құрметті атағына дейін жеткізді.

Ол бар өмірін Атырау өңірінің мәде­ние­тінің дамуына арнады. Отбасын құ­рып, ұрпақ өсірді. Қазаққа Айгүл Үлкенбаевадай талантты күйші сыйлады. Шәкірт тәрбиеледі. Қай салада жүрсе де  халықтың алғысына бөленді.

Жақында Исатай ауданындағы Тұ­щы­құдық ауылдық мәдениет үйіне Нариман Үлкенбайұлының есімі бе­ріл­ді. Салтанатты шараға қатысқан «Ар­дагерлер қоғамы» республикалық ұйымы Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы: «Өмір бойы елге қызмет еткен азаматтың атын ар­дақ­тау – тәрбиелік мәні бар шара», деп атап өтті.

Ал облыс орталығында Нариман Үл­кенбаев атындағы халық театрла­ры мен музей мамандарының І респуб­ликалық байқауы ұйымдасты­рылды. Сегіз аталым бойынша жүл­дегерлерді анық­таған өнер додасына еліміздің түк­пір-түкпіріндегі халық театрлары ар­найы келді. «Ең үздік спектакль» ата­лымын Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық халық театры же­ңіп алды. Музей мамандары арасында өткен байқауда Атырау облыстық та­рихи-өлкетану музейінің қызметкері Ләззат Салықова бас жүлдеге ие болды.

Жақсылармен жолдас болып, жақ­­сылықты дәріптеген, жүрген жері жыр-думан болған ардақты азаматтың атын ту­ған жері осылайша ұлықтап жатыр. Ата­­мекеннің құрметінен асқан сый болар ма?

 

АТЫРАУ