Қоғам • 18 Маусым, 2019

Бір үзім нан

1584 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір үзім нан үзіліп бара жатқан өмір отын өшірмей, сақтап қалады. Бір үзім нан үшін пенде қиянатқа да баруы мүмкін. Бір үзім нан үшін бір кездері адамдар жан алып, жан беріп, сергелдеңге түскен.

Бір үзім нан

Анау азап торында қалған жылдары аштық алапаты алқымнан алып, ажал иттің қыл-бұрауы тамағына тақалғанда бейкүнә адам – бір үзім нан емес-ау, оның бір түйір қоқымын көз алдына келтіре алмай, есеңгіреп барып, естен танған. Ондай қасіретті қазақ аз көрген жоқ. Көргендер бұл күнде аз қалды. Олар тәубесінен жаңылған жоқ.


Осы жерде Шерағаңның – Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» деген кер заманның қасіретін суреттеген әңгімесі ойға оралады. «Қарындарың ашты ма?», 
«...Ашты... Ашты, – деп әр жерден бір дауыс дірілдеп шығады».


Бұлар интернат балалары. Олар тағы бірде: «Нан?! Нан» деген сөзді естігенде, ұйқысы шайдай ашылады. Жеті түн ішінде таң атып, күн шығып, он жетімнің тар бөлмесіне нұр шашырағандай болады. «Нан» деген сөз – алыстағы ауылдан апаң келіп тұр дегенмен бірдей», дейді жазушы.

Бұл үзіндіден он жетімнің дірілдеген үнін, жәудіреген жанарын көргендей боласың. Оларды торықтырған тоңмойындар еді. Сабақ алсын кейінгілер деді ме екен, қаламгер қасіретті кездерді улы етіп баяндаудан аянбаған.

Жазушы «апаң» деп анаға балаған нанның қасиетін біз біліп жүрміз бе? Әлде нан тепті тірлік пе?

Жоқшылықты көрмеген, оны жан дү­ниесімен ұқпаған, тоқшылықта жүйткіп жүріп күн кешкен, мен күлгенде күн неге күлімдейді деп кердең басқандар – бір үзім нан бір адамның құны екенін қайдан сезсін.

Иә, ол өмір өтті, кетті, жақсы дәуір жетті делік. Бірақ бір үзім нанға күйбеңдеп жүріп әрең қолы жеткендер қазірде жоқ емес, бар. Оларды бүгінгі тілмен айтсақ, әлеуметтік жағдайы төмендер, аз қамтылған отбасылар, күн көрісі нашарлар, жұмыссыздар.

Кедейлер деп кергитіндер де бар. Апыр-ай, жері байтақ, байтағы байлыққа толы ел халқының аз жылда бай, кедей болып қақ жарылғаны жаныңа батады. Бір ұлттың бұлай бөлінуі кейін қатерге айналып жүрмес пе екен деген ой ойланта беретінін несіне жасырайық.

Бір үзім нанның қасиетін білмей, әсіресе биік үйде тұратын қала тұрғындарының дорба-дорба етіп қоқысқа тастайтынын тағылық, өткенді білмей, зердеден өткізбейтін «масаң­дықтың» кесірі емес пе екен демеске шараң қайсы.

Бұған сенбейтіндер табылса, қоқыс жәшігінің ішіне үңіліп, төңірегін шолып шықса, ертеңгісін ерінбей қараса, жетелінің көздері жетер еді. Сол қоқыста не жоқ – бәрі бар. Наннан өзге тағам түрлері де аз кездеспейді.

Ең сұмдығы шашылып жатқан нанға «обал» деудің орнына жақ ашсаң: «Баққан мал, асыраған ит жоқ, қоқысқа тастамағанда қайда апарамыз?!» деп шарт кететіндер де табылып жатады. Ондай сөзді жастардан естісең өкінбес едің, кекселерден естігенде ақ боранда қалғандай жағың қарысады.

Жұртымыз обал мен сауаптың жолы қиын деп жатушы еді.

Өлшеп алып, үнемдесе, ысырапшылық болмас еді. Қазақтың дастарқаны кең деп далитып жайып, тіпті оны бәсекеге айналдырып, артынан  артылған асты обалсынбай қоқысқа тастау асқандық, тасқандық демесек те құптарлық қылық емес. Жоқ жітікке берсе сауап қой. Олардың тағдырына біз де жауапты емеспіз бе? Қаншама қандастар жүр тентіреп. Сол күйге қалай түскенін  зердеден өткізіп көрдік пе?

Әрине, обал мен сауапты білетіндер мүлде жоқ дей алмаймыз. Бар. Қоқыстағы нан қалдықтарын көрген соң, налып айтып отырмыз. «Әркім өзі біледі» деу нанды қоқысқа тастауға келмесе керек. «Тәйт!» дейтін үлкендердің кемдігінен де осыған жол беріп алмадық па екен? Жалпы, бұған жұрт болып бір қарекет жасауымыз керек. Әсіресе, қалада  «Ас атасы нан, нан болса, қалады жан» деп қалалықтар үшін үндеу көтерсек те артық болмас еді.

Қазір қоқыс жәшіктерінің түр-түрін қоя бастады. Соның бірін нан қалдықтарына арнап, жиып әкететін уақытын белгілесе, қане! Оны мал ұстағандарға, қайта өңдейтін орындарға  жеткізсе, сауаптың үлкені болар еді. Сатып  алатындар да табылар. Дайын жем ғой. Мұны көп болып, ойластыру керек-ақ.

Қалай десек те нан өмір нәрі, өмір нәрінің бір үзімі емес, қоқымын қоқысқа тастау күнә. Бұрын балаларға «нан қоқымын баспаңдар» дайын болсақ, енді үлкендерге «қоқысқа нан тастамаңдар» деуге тура келіп тұр.