21 Мамыр, 2013

Шарайна

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:19

Торнадо салған ойран

АҚШ-тың Айова, Канзас және Оклахома штаттары аумағында жиырмаға тарта торнадо болып, жүздеген тұрғын үйлер мен электр тарату желілеріне нұқсан келтірді.

 

Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:19

Торнадо салған ойран

АҚШ-тың Айова, Канзас және Оклахома штаттары аумағында жиырмаға тарта торнадо болып, жүздеген тұрғын үйлер мен электр тарату желілеріне нұқсан келтірді.

Бұқаралық ақпарат құралдары бір адам­ның – Оклахома штатының 79 жасар тұрғынының қаза тапқаны туралы хабарлаған. Оның сыртында кем дегенде алты адам түрлі дене жарақаттарын алған көрінеді. Он мыңнан астам адамның электр жарығынсыз қалғаны белгілі болып отыр. Канзас штатының Вичита әуежайынан эвакуация жасалды. Торнадо ғимараттардың шатырларын жұлып әкетіп, жол бойындағы жүк көліктерін аударып тастаған. Метеорологтардың мәліметінше, дүйсенбі, сейсенбі күндері осы аталған штаттарға табиғат апатының қайта айналып соғуы мүмкін.

 

Үкімет әскерлерінің тегеурінді шабуылдары

Башар Асадтың әскері  Сирияның батысында Хомс өнеркәсіп орталығынан отыз шақырым жердегі Ку­­­­сейр қаласын басып алды. Бұл жер ереуілшілер үшін маңызды стратегиялық мекен болып табылатын.

Қалада кескілескен ұрыстар жүруде. Мемлекеттік БАҚ-тар 70 терроршының ажал құшқанын және қала орталығындағы шешуші ғимараттардың үкімет әскері қолына көшкенін хабарлады. Әскерилер қалаға жексенбі күні таңертең кіріп, күні бойына оңтүстік және батыс аудандарды азат еткен. Солтүстік кварталдарда әлі де ұрыстар жүруде. Ереуілшілер позицияларын шабуылдар алдында егер өз еріктерімен берілмесе, шабуыл басталатыны туралы әуеден ескерту парақшалары тасталған көрінеді.

 

Тунистегі салафиттер ереуілі

Тунисте мұсылман-салафиттердің полициямен қақтығысы кезінде бір адам қаза тауып, оннан астам адам дене жарақаттарын алған.

«Ансар аш-Шариа» радикалды тобының белсенділері жексенбі күні ішкі істер министрлігінің қарсылық білдіргеніне қарамастан өз съезін өткізбек болған. Оның аяғы тәртіпсіздіктерге және полициямен қақтығысқа апарып соқтырған. Полиция жиналғандарды қуып тарату үшін көз жасаурататын газ қолданған. 2011 жылы президент Бен-Али орынтағынан қуылғаннан кейін Ту­нисте салафиттер бой көрсетулері жиілей түскенін айта кету қажет.

 

Шпиондық жасағандары үшін дарға асылды

Иранда АҚШ пен Израильдің пайдасына шпиондық жасағаны үшін кінәлі деп танылған екі адам дарға асу арқылы өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Иран БАҚ-тарына сілтеме жасай отырып, Рейтер агенттігі хабарлаған. 

Онда израильдік «Моссадқа» құпия ақпарат бергені үшін кінәлі деп танылған Мохаммад Хейдариге және АҚШ-тың орталық барлау бас­қармасына ақпарат бергені үшін айыпты болып саналған Куруш Ахмадиге қатысты үкімнің үстіміздегі жылдың 19 мамыры күні таң алдында орындалғаны туралы айтылған. Үкімді Иранның револю­­­­­ция­лық соты жүзеге асырған. М.Хейдари мен К.Ахмадидің қалай тұт­қын­дал­­­­­ғаны және сот процесінің қалай өткендігі белгісіз күйінде қалып отыр.

 

Тұрғын үйде газ жарылды

Ұлыбританияда тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газдың жарылуы салдарынан бес адам зардап шеккен. ИТАР-ТАСС-тың Sky News агент­­­­­тігіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, бірнеше адамның үйін­­­ділер астында қалған болуы мүмкін.

Оқиға жексенбі күні ағылшынның Ньюарк қаласында орын алған. Көзбен көргендердің айтуларына қарағанда, жарылыстан соң бірнеше секунд өтісімен үйдің қабырғалары құлап түскен көрінеді. Қазір жарылыс болған жерде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер үйінділерді аршу жұмыстарымен айналысуда.

 

Саясаткер ажалына кім кінәлі?

«Пәкстан Техрик-е-Инсаф» партиясының өкілі Захра Хуссейн Карачидегі өз үйінде ажал құшқан. Пәкстандық саясаткер және бұрынғы крикет жұл­­дызы Имран Хан өз партиясы басшыларының бірінің өліміне қатысты бәсекелестерін кінәлап отыр.

Дәлірек айтқанда, партия лидері Имран Хан Захр Шахид Хус­сейннің өлімі үшін өзімен бәсекелес «Муттахида Коми» қозғалысы кінәлі деп мәлімдеген. Полицияның мәліметі бойынша, Хуссейннің Карачидегі үйінде орын алған өліміне кем дегенде қаруланған екі белгісіз адам кінәлі. Саясаткердің басына екі рет оқ атылған, соның салдарынан ол ауруханаға бара жатқан жолда қаза тапқан көрінеді. Оның партияластары бұл оқиғаны террорлық акт деп атап отыр.

 

Египет өз солдаттарын құтқармақ ниетте

Армияға және Египет ІІМ жанындағы орталық қауіпсіздік басқармасына жаңадан алынған жеті солдатты 16 мамыр күні біреулер қолға түсірген.

Солдаттарды ұрлаушылар түрмелердегі өлім жазасына кесілген өз адамдарын босатуды талап етуде. Египеттің күштік құрылымдары болса тұрақты армияның қолға түскен солдаттарын босату мақсатында арнайы операцияға дайындалуда. «Әл-Яум ас-Сабиа» порталының жазуына қарағанда, арнайы мақсаттағы бөлімдер Синай түбегінде айтарлықтай күштерін жұмылдыруда. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қылмыскерлер қолға түскен солдаттарды көршілес Газа секторына асырып жібермек ниетте көрінеді.

 

Ли Кэцянның Үндістанға сапары

Қытайдың мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян үш күндік ресми сапармен Үндістанға келді. Нью-Дели әуежайында қытайлық делегацияны Үндістан сыртқы істер министрі мен өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер қарсы алды.

Ли Кэцянның әуежайда таратылған жазбаша мәлімдемесінде Қытай мен Үндістанның ірі дамушы мемлекеттер екендігі, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың бірқалыпты дамып келе жатқандығы, олардың екі елдің де түбегейлі мүдделеріне жауап беретіндігі, сондай-ақ, Азияның және бүтіндей алғанда бүкіл әлемде бейбітшілік пен өркендеуді қамтамасыз етуге қосылған үлес екендігі атап көрсетілген. Айта кету қажет, Қытай үкіметі Үндістанды маңызды әріптес деп таниды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.