Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауы еліміздің даму бағытын айқындап, болашақты нақты болжауымен құнды. Жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына бейжай қарамайтын ұстаз ретінде мені ондағы білім, ғылым саласында орын алатын жаңа бағыттар қуантты. Қандай мемлекет болса да білімі, ғылымы дамымайынша алға жылжымайды.
Елбасының білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс деген міндеті оның әлемдік деңгейге шығуына мүмкіндік туғызып отыр. Егемен еліміздің топ жарып, бәсекеге қабілетті білімі мен ғылымын танытқаны, әрине, қуанышты. Демек, әлемдік озық білім үлгілерін енгізіп, сараптап, тиімдісін алып жатсақ, оның саланы дамытудағы үлесі зор деуге болады.
Айтылған міндеттерді іс жүзіне асыруда өзім басшылық жасайтын Жамбыл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ұжымы құнды құжатты оқып, талқылап, осы бойынша шәкірттердің білім деңгейін көтеру үшін жұмыла еңбек етуде. Өткен оқу жылын табысты қорытындыласақ, биыл одан да жоғары көрсеткіштерге жетуге ұмтылып отырмыз.
Жолдауда кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек делінгені де көңілге қонымды, бүгінгі нарықтық қатынастың шырқау шыңына шығудағы алғышарт. Өйткені, елімізде кәсіби білім кенжелеп, өндіріске қажетті маман тапшылығы туындағанын сезінудеміз. Демек, кәсіптік-техникалық білімді жандандыру басты мақсат. Ол құнды құжаттағы он екі жылдық оқытумен шешімін табатыны да белгілі. Оқушылар мектепте білім алумен қатар, белгілі бір кәсіпті меңгеріп шықса, олардың жұмыспен қамтылуына жол ашылады.
Алдағы онжылдықта бүлдіршіндерді мектепалды даярлықпен, яғни балабақшамен қамту үшін “Балапан” бағдарламасының жүзеге асатындығы да қуанышты. Өйткені, білім негізі балабақшада қаланады. Даярлықтан өткен бала дер кезінде өзіне қажетті білім нәрімен сусындап, мектеп партасына дайын болады. Бұл алдағы білім алуына зор мүмкіндік ашады. Бастауыш табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің арасында осы айырмашылық айқын сезілетінін көріп жүрміз. Бұл – бастапқыда айтылған халықаралық стандарттар негізінде білім алып, болашаққа нық қадам жасайтын рухы биік, білімді, сапалы тұлға тәрбиелеу деген сөз. Жолдау жолдарын оқыған сайын өркениет төріне озуға жасалған нық қадам, берік байламға көз жеткізе түскендейміз.
Зоя ҚЫРҒЫЗБАЕВА, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп директоры, білім беру ісінің үздігі.
Алматы облысы.