23 Мамыр, 2013

Шарайна

333 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:00

Шығын – 3 млрд. доллар

АҚШ-тың  ұлттың метеорология қызметі мамырдың 20-сы күні Оклахома штатында ойран салған торнадоның күшін Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған 6000 атом бомбасына теңеді. Ғалымдардың сөздеріне қарағанда, құйын айналымының жылдамдығы сағатына 322 шақырымға жеткен.

 

Бейсенбі, 23 мамыр 2013 2:00

Шығын – 3 млрд. доллар

АҚШ-тың  ұлттың метеорология қызметі мамырдың 20-сы күні Оклахома штатында ойран салған торнадоның күшін Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған 6000 атом бомбасына теңеді. Ғалымдардың сөздеріне қарағанда, құйын айналымының жылдамдығы сағатына 322 шақырымға жеткен.

Тағы бір атап көрсеткен жәйт – торнадоның ені 2 шақырымды құраған. Алапат құйын 40 минут бойы тоқтамаған. Оның Мур қаласында  көптеген тұрғын үйлерді қиратып, екі мектепті жермен-жексен еткені белгілі. Штат сақтандыру комиссиясының алдын ала бағамдауы бойынша сақтандыру төлемдері 1 млрд. доллардан асып жығылуы ықтимал. Ал жалпы шығын 3 млрд. доллар шамасында делініп отыр. Үйінділер арасынан тірі қалған адамдарды іздестіру жалғастырылуда.

Қытайға жеке елшісін жіберді

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын жоғары лауазымды әскери шенеунік Чхве Ен Хэні өзінің жаңа жеке өкілі ретінде Пекинге жіберді. Корея халықтық армиясының саяси бюро директоры бастаған делегация Қытай астанасына Қытай-АҚШ саммиті қарсаңында ҚХР-мен қарым-қатынасты жақсарту үшін жіберіліп отыр.

Екі ел арасындағы жағдай КХДР-дің ядролық бағдарламасын дамытуына және осыған орай Қытайдың ескертуін Пхеньянның құлағына ілмеуіне байланысты соңғы кездері нашарлап кеткен еді.  Жақында Солтүстік Корея шекарашыларының 16 адамнан тұратын Қытай балықшыларын ұстап, екі апта бойы босатпай қоюы отқа май құя түскен болатын. Күні кеше балықшылар босатылды. Бірақ өкпе қалғаны анық. Жалпы, қытайлықтар ел билігінен Пхеньянға қатысты қатаң саясат ұстануды талап етіп отыр.

Димон атағанға «еш қарсы емес»

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев  «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында өзін интернетте Димон деп атағанға қарсы емес екенін, мұның қалыпты жәйт болып табылатынын мәлімдеді. «Егер, тіпті ашық айтатын болсам, бұл менің қытығыма еш тимейді. Әрине, маған ұнамайтын нәрселердің бар екені де түсінікті», дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Димон деген ат бала кезінде беріліпті. Бірақ, дейді Д.Медведев, шенеуніктер арасында бір-бірін аты және әкесінің атымен атау дәстүрі қалыптасқан. Бұл адамның бір-біріне деген құрметін білдіреді. Ал наурыз айында өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің баспасөз хатшысы Наталья Тимакова үкімет басшысын интернетте Димон деп атағаны қапаландырады. Ол сіздерге Димон емес, премьер-министр деген болатын.

Қысқа қайырып айтқанда:

Ресейдегі Хруничев атындағы орталықта жеңіл және ауыр сыныптардағы алғашқы «Ангара» зымыран-ұшырғышы жасап шығарылған. Енді ол «Плесецк» ғарыш айлағына жіберілетін болады. Оның алғашқы ұшырылымы 2014 жылдың басына жоспарланып отыр.

Джон Роумингтің «Гарри Поттер және пәлсапалық тас» романының алғашқы жарияланымы Лондондағы аукционда 150 мың фунт стерлингке (шамамен 230 мың доллар) сатылған. Кітапты саудаға телефон арқылы қатысқан белгісіз біреу сатып алыпты.  1997 жылы ол жылдың ең үздік балалар кітабы атанған болатын.

Ұлыбритания парламентінің қауымдастар палатасы Англия мен Уэльсте бір жынысты некені заңдастыру туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты қолдап 366 депутат өз дауыстарын берсе, 161-і қарсылық танытқан. Қолдамаған депутаттардың басым бөлігін, яғни 133-ін консерваторлар құраған.

Боксшы мен президент итжығысы

«Удар» оппозициялық партиясының серкесі Виталий Кличконың рейтингі Украинаның іс басындағы президенті Виктор Януковичпен теңескен. Мұны сәуір айында жүргізілген сауалдаманың қорытындылары көрсетіп берген.

Респонденттерге егер президенттік сайлау алдағы жексенбі күні өтер болса, онда сіз кімге дауыс берген болар едіңіз деген сауал қойылыпты. Респонденттердің 16 пайызы мемлекет басында В.Кличконы көргілері келетінін білдірсе, осынша пайызы В.Януковичті көргілері келетінін айтқан. Ал елдің экс-премьері Юлия Тимошенкоға сұрау салынғандардың 9 пайызы өз дауыстарын беруге дайын екен. Егер президенттік сайлаудың екінші турына Кличко мен Янукович шығар болса, украиналықтардың 38 пайызы өз дауыстарын боксшыға, тек 19 пайызы ғана қазіргі президентке беруге дайын екендіктерін білдірген.

Жаңа зымыранды сынақтан өткізеді

Үстіміздегі жылдың жазында Ақ теңізде жаңа баллистикалық зымыранды зауыттық сынақтан өткізу жүзеге асырылады. «Скиф» деп аталатын бұл зымыран теңіздің немесе мұхиттың түбінде күту режімінде «бұйрық күтіп» жатады. Бұйрық түскен кезде жер бетіндегі немесе судағы нысаналарды жойып жібереді.

Зауыттық сынақ табысты өткізілген жағдайда «Скиф» мемлекеттік сынақтан өткізуге беріледі. Оның нәтижелі қорытындысы бойынша зымыран Ресей әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы қатарын толықтыратын болады. Ал қазіргі кезде Ресейдің қару-жарақ арсеналында «Синема» зымырандары тұр. «Лайнер» деп аталатын баллистикалық зымыран да жасалу  үстінде. «Скиф» пен «Лайнердің» кеңестік кезеңде шығарылған «Синемадан» қандай айырмашылық, өзгешілігі бар екені нақтыланбайды.

Адам сенбес… құс құны

Қытайлық кәсіпкер Ху Чжень Юй сирек кездесетін бельгиялық көгершін үшін 400 мың долларға жуық ақша төлеген. Жұмыртқадан шыққанына енді ғана 1 жыл болған кептер құны әлемдік рекорд ретінде тіркеліп отыр. Мұндай көгершіндер негізінен жарыстарға қатыстырылады екен.

Бірақ қытайлық бизнесмен оны көгершіннің жаңа ұшқыр түрін шығару үшін пайдалануды жоспарлап отырған көрінеді. Көгершіннің қымбат болуы оның жастығымен байланыстырылады. Сатып алушының есебінше, одан кем дегенде сегіз жыл бойы тұқым алуға болады. Ал көгершіннің бұл түрін кептертанушы Лео Эреман шығарыпты. 17-19 мамыр күндері өткен аукционда ол өзінің барлық 530 көгершінін сатса, олардан түскен ақша 5,5 миллион долларды құраған.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.