Шарайна
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:19
Ливан аумағынан зымыран жіберілді
«Хезболла» радикалды исламистік тобының бақылауындағы Ливанның оңтүстігінен Израиль жағына қарай зымыран атылды. Бұл туралы Ливан тұрғынына және әскери топтардан шыққан ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Jerusalem Post хабарлаған.
Сейсенбі, 28 мамыр 2013 2:19
Ливан аумағынан зымыран жіберілді
«Хезболла» радикалды исламистік тобының бақылауындағы Ливанның оңтүстігінен Израиль жағына қарай зымыран атылды. Бұл туралы Ливан тұрғынына және әскери топтардан шыққан ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Jerusalem Post хабарлаған.
Зымыран Израиль шекарасына 10 шақырым жерде орналасқан Ливанның Марджаюн қаласынан ұшырылған. Оның қай жерге барып түскені әзірге белгісіз. Қирандылар туралы мәліметтер жоқ. Израильдің шекараға жақын Метула қаласының тұрғындары жарылыс даусын естігендерін айтқан. Полиция ұшу аппаратының құлаған жерін іздестіруде. Өкімет өкілдерінің айтуынша, қажет болған жағдайда Израиль Ливан жағынан жіберілген зымыранды атып түсіруге дайын.
Біржынысты некеге қарсы акция
Ашулы көңіл-күйдегі жастар Парижде тәртіпсіздік ұйымдастырды. Митинг аяқтала келе оның соңы полициямен қақтығысқа ұласты. Беттерін орамалдармен және мойын шалмалармен қымтап алған бір топ адам полицияға балағат сөздер айтып, арнаулы жасақ пен журналистерге қарай тас және шөлмектер лақтырған.
Ресми мәліметтерге қарағанда, наразылық акциясына 150 мың адам, ал ұйымдастырушылардың айтуынша, миллионнан астам адам қатысқан. Адамдар біржынысты некеге отыруға және балаларды асырап алуға жол беретін заңға қарсы наразылықтарын білдірген. Ондай құжатқа осы айда президент Франсуа Олланд қол қойған болатын. Айта кету керек, Франция біржынысты некені заңдастырған әлемдегі он төртінші ел болып отыр.
Иран ұшыру қондырғыларын орналастыруда
Иран әскерилері ұзаққа ұшатын зымырандар үшін көптеген ұшыру қондырғыларын орналастырды, деп хабарлайды Ассошейтед Пресс. Дегенмен, қондырғылардың нақты саны мен зымыран түрлері айтылмаған.
Иран қорғаныс министрі Ахмад Вахидидің айтуынша, жаңа ұшыру кешендері Ислам Республикасының «жауды күйретуіне» мүмкіндік береді. Сонымен бірге, министр зымырандық кешендерді орнатудың қорғаныстық сипатқа ие екенін, Иранның өзінің ешқашан соғыс бастамайтынын атап көрсеткен. Осы орайда Иранның Асадты қолдайтыны жөнінде бірнеше рет мәлімдегенін, сондай-ақ Иран өкіметінің Израильдің осы өңірдегі әрекетіне мейлінше теріс қарайтынын да айта кету қажет.
Техас штатындағы атыс
Американың Техас штатында бір қаскүнем түрлі қалаларды аралай жүріп, өтіп бара жатқан машиналардағы адамдарға оқ атқан. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, соның салдарынан бір адам қаза тауып, округ шерифін қоса алғанда, бес адам жарақаттар алған.
Қаскүнем шерифке көмекке келген жол-патруль қызметі және аңшылық инспекциясы қызметкерлерімен арада болған атыста қаза тапқан көрінеді. Кейін белгілі болғанындай, оқ атқан 23 жасар ер адам Солтүстік Каролина штатының тұрғыны болып шыққан. Күдіктінің машинасынан винтовка, тапанша және жүздеген патрондар табылған.
Оңтүстік Солтүстікті қолдамады
Оңтүстік Корея КХДР-дің екі елдің жақындасуында шешуші кезең болып табылған бірлескен Солтүстік және Оңтүстік декларациясына қол қойылуының 13 жылдығын атап өту туралы ұсынысын қолдамай тастады, деп хабарлайды Ренхап агенттігі.
Өзінің либералдық көзқарастарымен мәлім болған оңтүстіккореялық президент Ким Дэ Чжун 2000 жылдың 15 маусымында КХДР лидері Ким Чен Ирмен келісім жасасқан болатын. Соның арқасында КХДР аумағындағы Кымгансан тауына туристердің баруына жол ашылып, бірлескен Кэсон индустриялық аймағы құрылған еді. 2008 жылы оңтүстіккореялық турист қаза тапқаннан кейін Кымгансан тауына бару тыйылып, Кэсон аймағының жұмысы түбектегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты үстіміздегі жылдың сәуірінде тоқтаған болатын.
Палестинаға инвестиция салынбақ
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Кэрри Иорданиядағы Бүкіләлемдік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Палестина автономиясы экономикасын жедел дамыту жоспарын ұсынды.
Ол туризмді, құрылысты, ауыл шаруашылығын, жеңіл өнеркәсіпті және ақпараттық технологияларды дамыту үшін Палестина автономиясына 4 млрд. доллар жұмылдыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Мұндай жоспар жұмыссыздықты 21 пайыздан 8 пайызға дейін қысқартып, орташа еңбекақыны 40 пайызға ұлғайтпақ. Ал ІЖӨ өсімі 3 жыл ішінде 50 пайызды құрауы тиіс.
Солдатқа шабуыл жасаған кім?
Париждің шеткері аймағында француз солдатына жасалған шабуылды тергеумен Париж прокуратурасының антитеррорлық бөлімі айналысатын болады, деп хабарлайды Le Parisien.
Айта кету керек, Лондондағы сияқты мұнда да 23 жасар қатардағы жауынгер Седрик Кордье белгісіз біреулер шабуылының құрбанына айналды. Оқиға солдат өзінің екі әріптесімен патрульдік команда құрамында Париждің Дефанс ауданындағы метро стансасына жақын жерде тәртіп күзетінде жүрген кезінде орын алған. Қазіргі уақытта Кордье госпитальда жатқан көрінеді. Солдаттың денсаулығын білуге Францияның қорғаныс министрі Жан-Ив Ле Дрианның өзі келіпті.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.