Тарих • 18 Маусым, 2019

Баба тарихтан сыр шертетін қолжазбалар халықаралық симпозиум аясында талқыланды

767 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанда тұңғыш рет Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеудің өзектілігі мен оның ғалымдар назарынан тыс қалған мол мұрасын жарыққа шығаруды мақсат тұтқан халықаралық ғылыми симпозиум өтті.

Баба тарихтан сыр шертетін қолжазбалар халықаралық симпозиум аясында талқыланды

Биыл 13-14 маусым күндері Алматы қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институты, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, Қазақстан ұлттық кітапханасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жазба жәдігерлер және рухани мұра ғылыми-зерттеу орталығы және Кыршехир Ахи Евран университеті Түрік тілі бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу халықаралық симпозиумы (Қолжазбаларды жариялау, каталогын жасау және цифрлау)» отандық және шетелдік ғалымдар үшін таптырмас ғылыми платформа болды. Симпозиумнің ашылу салтанаты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында ұйымдастырылған «Қазақстандағы түркі тілдеріндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар» атты сан ғасырлық тарихы бар кітаптар мен қолжазбалардың арнайы көрмесімен басталды. Баба тарихтан сыр шертетін, мұрағат қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазба жәдігерлердің көрмесі қатысушылардың таңданысын тудырды. Себебі, симпозиумға келген шетелдік түркітанушы ғалымдар аталған ғылыми мекемелерде мұншалықты құнды қолжазба қорының бар екеніне сенбеген. Өйткені, кейбір ғалымдар «қазақ жеріндегі тарихи құнды жәдігерлердің көпшілігі қызыл империя тұсында жойылып кеткен» деген пікірде болған. Симпозиум аясындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесі Қазақстан мұрағаттарында түркі өркениетінен сыр шертетін аса құнды тарихи құжаттардың мол екенін паш етті.

Симпозиумнің ресми ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Риза Қаған Иылмаз, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілеттік кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілеттік кеңес мүшесі Хүсейін Каракум, «Ғылым Ордасы» РМК директорының орынбасары Нұрлан Сейдін, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректор өкілі Женгиз Томар және Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Вакур Сүмер қатарлы құрметті қонақтармен қатар, АҚШ, Германия, Түркия, Ресей, Иран, Грузия және Орталық Азия елдерінен келген Түркітану ғылымында есімдері белгілі 50-ден астам түрколог маман қатысты.

Симпозиумнің ашылу сөзін бастаған Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Риза Қаған Иылмаз мұндай халықаралық ғылыми, рухани жиындардың көптеп өтуі ортақ тарихымызды терең білуге және өзара жақын ынтымақтастықта болуымызға үлкен септігін тигізетінін жеткізді. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілеттік кеңес төрағасы Мұса Йылдыз түркітілдес халықтардың Атажұрты - Қазақстанда өткізілген мұндай халықаралық іс-шараны жылда дәстүрлі түрде өткізіп, ғылыми бағыттағы бірлігімізді нығайта беруге ниетті екенін білдірді. Ал «Ғылым Ордасы» РМК директорының орынбасары Нұрлан Сейдін симпозиум жұмысына сәттілік тілеп, алыс және жақын шет елдерден келген ғалымдарға ризашылық білдірді. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент, доктор Вакур Сүмер симпозиумнің негізгі мақсаты Түркі әлемінің ақсақалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларындағы идеяны қолдау және жандандыру арқылы түркі бірлігін нығайту екенін айтты.

Симпозиумнің алқалық мәжілісіне төрағалық еткен Кырыккале университетінің профессоры, доктор Билгехан Атсыз Гөкдағ симпозиумнің бүкіл түркі халықтарының ортақ тарихына негіз болатын тарихи қолжазбаларды зерттеу мен ғылыми айналымға енгізуге үлкен үлес қосатынын атап өтті. Алқалық мәжілісте түркиялық белгілі ғалым, Гази университетінің профессоры, доктор Ахмет Бижан Ержиласун «Арабша жазылған түрікше тарихи мәтіндерді қалай оқуға болады?», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, доктор Қаржаубай Сартқожаұлы «Ескі Доноин-Шире мәтінінің жаңа оқылымдары және түсіндірмесі», Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, доктор Тұрсын Жұртбай «Құрбанғали Халиди: «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегінің қолжазбасы» және Назарбаев университетінің профессоры, доктор Юлай Шамилоглы «Ресей империясындағы татарлардың жазбаша мұрасы: мәтінді жариялау, каталогтандыру және цифрлау мәселелері туралы кейбір ойлар» атты баяндамалар жасап, жиналған ғалымдар мен жастарға құнды мәліметтер ұсынып, бұл сала рухани жаңғырудың бастауы екенін жеткізді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек жаһандану заманында Түркі халықтары үшін бірігу мен ортақ әрекет етудің бастауы рухани бірлікте екенін айта келіп, бұл тұрғыда  тілші ғалымдарға артылар жүк салмағының ауыр екенін жеткізді. Сондай-ақ, түбі бір түркі халықтарының тілдік ұқсастығын негізге алып, заманауи мүмкіндіктер негізде терминдік, диалектикалық жақындық аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Симпозиумнің секциялық жиналысы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында жалғасып, қызықты баяндамалар мен терең талдауларға толы болды. Осы орайда, симпозиумға қатысушы түрколог ғалымдар Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбалар мен олардың мәтіндерін зерттеу, тарихи мәтіндік зерттеулерде кездесетін мәселелер, цифрлау, каталогын жасау және тарихи мәтіндерді сақтау, зерттеу жолдарын халықаралық деңгейде талқылап, өзара пікір алмасты.


Өмірбек ҚАНАЙ,

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институты