Шарайна
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:12
Өздеріне болады, өзгелерге жоқ
АҚШ Мемлекеттік департаменті Еуропа Одағының Сирия оппозициясына қару-жарақ беру қажет деген ұстанымына қолдау білдірді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Патрик Вентрелл мәлімдеді.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:12
Өздеріне болады, өзгелерге жоқ
АҚШ Мемлекеттік департаменті Еуропа Одағының Сирия оппозициясына қару-жарақ беру қажет деген ұстанымына қолдау білдірді. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Патрик Вентрелл мәлімдеді.
П.Вентреллдің сөзіне қарағанда, Құрама Штаттар Сирия оппозициясын қолдауға бағытталған халықаралық күш-жігер аясындағы ұстанымдарды жақтайды. Бұған дейін Лондон мен Париж Сирия оппозициясына дереу қару-жарақ беруге дайын екендіктерін жария еткен болатын. Осы аралықта АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресейдің Сирияның заңды өкіметі әскерлеріне қару-жарақ сату туралы ұстанымына үзілді-кесілді қарсылық танытты.
Иракта 23 адам қаза тапты
Иракта жарылыстар мен қарулы шабуылдар салдарынан 23 адам қаза тауып, 45-і түрлі дене жарақаттарын алды. Лаңкестіктің ең үлкені ел астанасы Бағдад қаласындағы шиит аудандарының бірінде жасалды.
Жолаушылар автобусындағы қуатты жарылыстан 6 адам көз жұмса, 30-дан астамы зардап шеккен. Тағы бір жарылыс жанкешті қуатты фугасты іске қосқан Тармия елді мекенінде орын алды. Онда жанкештімен қоса 4 адам өліп, 8-і жараланды. Жалпы, лаңкестіктер Байджи, Мосул, Тикрит және Киркук елді мекендерінде жасалды. Ирактағы қазіргі ахуал елдегі аса ірі сүннит және шиит қауымдастықтарының арасындағы қарсы тұрушылықтармен тікелей байланысты.
Иранды оқшаулауды күшейте түседі
Иранды экономикалық оқшаулау жақында айтарлықтай ушыға түспек. 1 шілдеден бастап АҚШ тарапынан жаңа санкциялар күшіне енеді. Бұл жәйт Иранның теңіз саудасын айтарлықтай күрделендіре түседі.
Бұл жерде әңгіме АҚШ заңнамасының бір ережесіне байланысты болып отыр. 1 шілдеден бастап оның қармағына Иран өнеркәсібінің теңіз тасымалы, кеме жасау, сондай-ақ теңіз порттарын басқару секілді сегменттері ілігеді. Қара тізімге енуден қауіптенген көптеген шетелдік компаниялар қазірдің өзінде Иранға теңіз тасымалын тоқтата бастаған. Жалпылай алғанда, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да гуманитарлық тауарлар жаңа санкция тізіміне кірмейді. Дегенмен, санкцияның қандай да бір тармағына қайшы келіп қаламыз ба деп қауіптенетін компаниялар көп.
Кемелерді жасырып қоюды бұйырды
Солтүстік Корея көсемі Ким Чен Ын инспекциялық сапары кезінде елдің әскери корабльдерін сырт көзден жасырып қою туралы бұйрық берді. Мұндай ескерту ел басшысының КХДР әскери-теңіз күштерінің 291-пунктінде болған кезінде жасалды.
Ким Чен Ын су бетінде ашық тұрған әскери кемелерді көрген кезінде ашуға булыққан сыңайлы. Корея халық армиясы жоғарғы бас қолбасшысының пікірінше, елдің жаулары солтүстіккореялық әскери күштердің қозғалыстарын қадағалауды жалғастыруда көрінеді. Сондықтан, КХДР-дің әскери техникаларының сырт көзден жасырын ұсталуы аса маңызды болмақ.
Телеарнаға ауыр айып тағылды
Венесуэла президенті Николас Мадуро америкалық Си-Эн-Эн телеарнасының басшылығын елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекеттенді, мемлекеттік төңкеріс жасауға арандатты деген айып тақты.
«Испанша алғанда, Си-Эн-Эн елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға ұмтылатын адамдар бақылауындағы желі деген ұғымды білдіреді. Венесуэлада адамдарды мемлекеттік төңкеріс жасауға ашық шақырып отырғандарға басқаша баға беру мүмкін емес», деді Н.Мадуро мемлекеттік телевизияда сөйлеген сөзінде. Президенттің айтуынша, америкалық телеарна 24 сағат бойы әлемде не болып жатқанын айтудың орнына, Венесуэланы жамандаудан бір танбайды.
Жаңа вирустан бір адам көз жұмды
Францияда жаңа вирустан ауырған адамның өлімі тіркелді. 65 жастағы ер адам елдің солтүстігіндегі «Валенсьенн» ауруханасына 23 сәуір күні түскен көрінеді. Сол кезде оның Біріккен Араб Әмірліктеріне сапардан енді ғана оралған беті екен.
Содан кейін пациент Лилль қаласындағы ауруханаға ауыстырылса, 7 мамырда дәрігерлер оның жаңа вирус жұқтырғанын қуаттаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл вирус алғаш рет былтыр Таяу Шығыста анықталса, өткен жылдың қыркүйек айынан бері одан 16 адам көз жұмыпты. Ғалымдар вирус адамнан адамға тығыз байланыс жасағанда жұғады деп есептейді.
Қысқа қайырып айтқанда:
Бирманың солтүстік-шығысында мұсылмандар мен буддистер арасында қақтығыс орын алды. Оқиғаға Лашо қаласында бір мұсылманның буддист әйелдің үстіне бензин құйып жағып жіберуі себеп болды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун «Хезболла» қозғалысын жақтайтын ливандық шииттерді Сирия аумағындағы жанжалдардан аулақ болуға шақырды. «Хезболланың» көсемі шейх Насрулла өткен аптада алғаш рет өзінің жақтастары Сирияда соғысып жүргенін мойындаған болатын.
Бангладеште оппозициядағы белсенділер бірнеше қолдан жасалған бомбаларды жарып, көшеде тұрған автокөліктерді қиратты. Манифестанттар премьер-министр Хасина Вазедтің жалпыға ортақ сайлау өтпей тұрып отставкаға кетуін осылайша талап етті.
Еуроаймақтың ыдырауы тек уақыт еншісіндегі мәселе. Жақында құрылған консервативтік «Германия үшін балама» партиясының басшысы Бернд Люке осындай көзқарас танытып отыр. Оның пікірінше, Германия еуродан бас тартып, өзінің жеке валютасына қайта оралуы тиіс.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, Үндістанның Чхаттисгарх штатындағы депутаттар кортежіне маоист-содырлар жасаған шабуыл салдарынан кем дегенде 27 адам құрбан болған. Бұған қоса, тағы 32 адам түрлі дене жарақаттарын алған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.