Саясат • 18 Маусым, 2019

Балқашта турфирмалар ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш қаласында «Балқаш-Туризм-2019» аймақтық туристік форумы аясында өткен ақпараттық тур барысында отандық және ресейлік турфирмалар Көкше теңіз жағасында жағажай демалысының ұйымдастырылуымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Балқашта турфирмалар ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді

Ақпараттық тур кезінде туристік фирмалардың өкілдері мұндағы демалыс орындарындағы баға мен сапа деңгейін өз көздерімен көріп, жағдаймен жете танысты. Мұның өзі болашақта Балқашқа келуге ниет білдірген клиенттерге демалыс аймағын таңдауды ұсыну үшін керек қадам болатын.

Осындай екі тарапқа да тиімді іс-әрекеттердің нәтижесінде іскерлік қарым-қатынастар орнатылды. Мысалы, форумның кейбір қонақтары ішкі туризмді бірлесіп дамыту ниетімен өзара байланыс орнату жөнінде шешім қабылдады. Ал елордалық турфирмалардың бірі Балқаш демалыс аймағымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды.

– Біз Нұр-Сұлтан-Балқаш бағытында ішкі туризмді дамыту мақсатында  «Барковское» демалыс аймағымен келісімге қол қойдық. Қарағанды облысына осы жерде тұратындай етіп турлар ұйымдастырамыз және оны астанамыз бен Ақмола облысының тұрғындарына ұсынбақшымыз. Біздің клиенттерімізге демалыстарын ұйымдастыруға көмектесеміз және Балқаш курорттық аймағына туристік ағынды молайтуға үлесімізді қосамыз деген  үміттеміз, – дейді «MED&TOURISM KZ» ЖШС өкілі Данияр Қаусылов.

Демалыс аймағының иесі Марат Мүрсәлімовтың айтуынша, кездесу турбизнеске ғана емес, мемлекетке де пайдалы болмақ. Ынтымақтастық –  тараптардың тұрақтылығын нығайтады, яғни ішкі туризмді дамытуға, туристік нысандарды көбейтуге және соның арқасында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпалын тигізеді, деген пікірде кәсіпкер.

Форумға Ресейден келіп қатысқан түмендіктер Сарыарканың тілмен айтып жеткізгісіз сұлулығын көбен көруге және қазақстандық қонақжайлылықты сезінуге мүмкіндік тудырғаны үшін ұйымдастырушыларға ризашылық білдіріп, алғыс айтты.


Қарағанды облысы