01 Маусым, 2013

Шарайна

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сенбі, 1 маусым 2013 2:01

Обамаға күдікті хат жолданды

АҚШ президенті Барак Обамаға күдікті хат жіберу ісі бойынша Техаста қазіргі уақытта қорғаныс министрлігінде азаматтық сала қызметкері болып істейтін бұрынғы әскери қызметшіден жауап алынған.

Сенбі, 1 маусым 2013 2:01

Обамаға күдікті хат жолданды

АҚШ президенті Барак Обамаға күдікті хат жіберу ісі бойынша Техаста қазіргі уақытта қорғаныс министрлігінде азаматтық сала қызметкері болып істейтін бұрынғы әскери қызметшіден жауап алынған.

Нью-Бостон қаласының тұрғыны бұл істе ресми тұлға болып табылмайды,  сондықтан ол тұтқынға алынған жоқ. Полицияны тоңазытқышта беймәлім заттың тұрғанын көрген оның әйелі шақырған көрінеді. Айта кету керек, Обамаға жолданған күдікті хат туралы 30 мамыр күні белгілі болды.  Мазмұны бойынша ол Нью-Йорк мэрі Майкл Блумбергке жөнелтілген хаттарға ұқсас көрінеді. Президентке жолданған конвертте улы заттың бар-жоғы әзірге беймәлім. Оны сарапшылар тексеруде.

Молдовада билік коалициясы құрылды

Молдовада «Проеуропалық билік коалициясын» құру туралы келісімге қол қойылды. Оның құрамына ли­бе­рал­ды-демократиялық партия, демпартия және либералды партиядағы «реформаторлар» тобы кіріп отыр.
Коалиция құру туралы келісімге либерал-демократтар лидері Владимир Филат, демпартия төрағасы Мариан Лупу және «либерал-реформаторлар» басшысы Ион Хадыркэ қол қойған көрінеді. Бұл саяси дағдарысқа нүкте қоятындықтан ел үшін өте маңызды сәт, деп атап көрсеткен Владимир Филат құжатқа қол қойғаннан кейін. Мариан Лупу өз кезегінде бұл шешімнің басталған реформаларды жалғастыруға жағдай жасайтынын айтса, Ион Хадыркэ аталған оқиғаның мерзімінен тыс сайлаудың алдын алуға  және еуропалық бағытты сақтауға мүмкіндік беретінін атап көрсеткен.

«Хизболланың» Сириядан кетуін талап етуде

АҚШ өкіметі ливандық «Хизболла» шииттік тобының өз жауынгерлерін шұғыл түрде Сириядан шығаруын талап етті.
Интернет-БАҚ-тардың хабарлауынша, мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Джен Псаки «Хизболла» лидері шейх Хасан Насрулланың өздерінің Сирияда үкімет әскерлері жағында қақтығыстарға қатысатыны туралы мәлімдегенін айыптаған. Псакидің айтуынша, «Хизболла» содырларының Сириядағы дау-жанжалға қатысуы орынды болып табылмайды. АҚШ мұны «ахуалды мейлінше ушықтыру» ретінде бағалап отыр.

Ресей сынаған қарар ақыры қабылданды

ҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Ресей тарапынан сынға ұшыраған Сириядағы соғыс қимылдарына шетелдік азаматтардың қатысуын айыптайтын қарарды қабылдады.
Оған кеңестің 36 мүшесі қолдап дауыс берсе, 1 адам қарсы және 8 адам қалыс қалған. АҚШ, Түркия және Катар әзірлеген қарар Сирия режімі жағында Кусейрде шайқасып жүрген шетелдік жауынгерлердің осы іске араласуын айыптайды әрі Кусейрде адамдардың жаппай қаза болуына кінәлілерді жауапкершілікке тартуға шақырады. Сондай-ақ, құжат авторлары БҰҰ және гуманитарлық агенттік өкілдерінің барлық бейбіт тұрғындарға емін-еркін баруына жағдай туғызуды талап етуде.

Жапония қарулы күштерді реформаламақ

Жапонияның биліктегі либерал-демократиялық партиясының ұлттық қорғаныс кеңесі елдің қарулы күштеріндегі ірі реформа жобасын ресми түрде бекітті. Ол қарсыластың аумағында әскери базаларға соққы жасау, шалғай жатқан аралдарды қорғау үшін теңіз жаяу әскерін құру, сондай-ақ зымыранға қарсы қорғаныстың тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін қарастырады. Таяудағы айларда жоба жапон үкіметіне ұсынылатын болады. Биліктегі партияның ұсыныстарында ел конституциясына осы мақсатта өзгеріс енгізу қажеттігі де атап көрсетілген. Ол бойынша ел әскері «Ұлттық қорғаныс армиясы» деп аталуы тиіс. Ал қазіргі уақытта негізгі заңда елдің әскери әлеуеттен бас тартатындығы туралы ереже бар.

Канада Иранмен қарым-қатынасын тоқтатпақ

Канада Тегеранның ядролық бағдарламаны жүзеге асырудан бас тартпауына байланысты Иранмен арадағы барлық импорттық және экспорттық операцияларға тыйым салды.
Бұл туралы Канада сыртқы істер министрі Джон Бэрд хабарлаған. Оның айтуынша, Оттава сонымен бірге «қара тізімге» санкцияның күші жүретін ирандық жеке және заңды тұлғаларды, ұйымдар мен компанияларды да кіргізген. Әзірге ондай адамдар саны 112 болып отыр. Олардың Канада банктеріндегі активтеріне шектеу қойылады және канадалықтардың ирандықтармен іскерлік байланыс орнатуына тыйым салынатын болады.

Жауынгер роботтар қаншалықты қауіпті?

БҰҰ-ның Женевада өтетін Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің кезекті отырысына арнайы баяндама әзірленді. Онда Британия, АҚШ және Израиль әскери ведомстволары әзірлеген адам өлтіретін роботтарды пайдалануға уақытша тыйым салу жөнінде үндеу бар.
Дрондарға қарағанда жауынгерлік роботтар шайқас алаңында операторларды қажет етпейді, олар қандай да бір нысананы жою туралы шешімді дербес қабылдай алады. Ал адам өлтіретін роботтарды жасаушылар болса олар солдаттардың орнына қауіпті жұмыстарды атқаратындықтан, іс жүзінде адамдардың өмірлерін арашалайды деген дәлелдер келтіруде. Олардың қарсыластары болса роботтардың әскери адамдарды бейбіт тұрғындардан айыра алмайтындығын айтуда.

Жаңа вирусқа ем табылмай тұр
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустан тағы да бес адамның қайтыс болғанын тіркеген.
Олардың төртеуі Сауд Арабиясында, біреуі Францияда осы вирус­ты жұқтырған көрінеді. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2012 жылдың қыркүйегінен бері әлемде жаңа коронавирустан барлығы 27 адам ажал құшқан. ДСҰ жаңа вирус пен оның жұғу жолдары туралы әзірге онша ештеңенің мәлім емес екенін мойындап отыр.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.