07 Маусым, 2013

Дүбірге толы дүние

257 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 7 маусым 2013 2:42

ӘЛЕМ НАЗАРЫ ТҮРКИЯҒА АУҒАН ШАҚ

Соңғы біраз күнде әлем телеарналары өз хабарларын Түркиядағы жағдайдан бастап жүр. Көптен бері бұлай болмаған. Бұл ел тұрақтылық санатында еді. Жұрттың билікке бұлайша қарсылығы оғаштау көрінетін.

 

Жұма, 7 маусым 2013 2:42

ӘЛЕМ НАЗАРЫ ТҮРКИЯҒА АУҒАН ШАҚ

Соңғы біраз күнде әлем телеарналары өз хабарларын Түркиядағы жағдайдан бастап жүр. Көптен бері бұлай болмаған. Бұл ел тұрақтылық санатында еді. Жұрттың билікке бұлайша қарсылығы оғаштау көрінетін.

Түркия  –  әлемдік қоғамдастықта өз орны бар ел. Түркі дүниесі деген ұғым осы елден басталады. Мұ­­­сылман әлемі мен Батыстың ор­­­тасындағы көпірге де баланады. Экономикасы жөнінен әлемдік же­­текші елдер қатарына қосылатыны өз алдына. Соңғы он жыл әлетінде тұрақтылығымен, экономикасының жоғары қарқынымен ерекшеленетін. Міне, сондай елде дүрбелең туып отыр. Көпшіліктің күтпеген жағдайы. Біреулер үшін өкінішті көрінсе, оны табалайтындар да табылар. Әр саққа жү­­­­гірткен әңгімелер де жетерлік. Шын мәнінде бұл оқиғалардың сыры неде?

Жаздың алғашқы күні үкіметтің жоспары бойынша Ыстамбұлдағы Таксим алаңына қайта құру жүргізіліп, оның қасындағы Гези саябағының біраз ағаштарының қырқылуына байланысты көпшіліктің қарсылығы басталған. Қарсылардың айтуына қарағанда, бұл саябақ Ыстамбұл қаласындағы бірден-бір жасыл желекті жер. Оны жоюға жол беруге болмайды. Ал премьер-министр Реджеп Ердоғанның айтуынша, бұл саябақтағы сонау Осман империясынан қалған әскери барақтар алынып, ол жаңартылмақ. Және қайта құру жұмыстары жалғаса бермек. Бұл мәлімдемені үкімет басшысы Таксим алаңына шыққан миллиондай адамның қарсылығына қыр көрсете жасаған.

Бұл фактіге саяси тұрғыда баға берілсе, оның үлкен қарсыласуға негіз болатындай да жөні жоқ. Бұл тек желеудей ғана көрінеді. Қарсыласудың негізі басқада. Халықтың айтарлықтай бөлігі премьер-министр Ердоған үкіметі жүргізіп отырған саясатпен келіспейді. Ал үкімет басшысы халықтың бұл пікірін ескергісі жоқ. Қарсылық білдірген халықты күшпен басуды жөн санайды. Соның салдарынан зардап шеккендер мыңдап саналады, мыңдаған адам түрмеге тоғытылған, қаза тапқандар да бар.

Саясатшылар, сарапшылар қайшылықты Ердоғанның атымен байланыстырады. Тіпті оны елдің жаңа тарихында Ататүріктен кейінгі екінші тұлға деңгейіне қоя отырып, соңғы кезде оның биліктің авторитарлық жолын қалағанын, бұған түрік қауымының келіспейтінін айтады. Өзі билік тізгінін ұстаған он жыл мерзімде айтарлықтай шаруа тындырған. Елдің экономикасын жаңа деңгейге көтерген. Сол табыс оны өркеуде саясаткерге, ешқандай сынды көтергісі келмейтін басшыға айналдырған, дейді. Осындай тұжырымда біршама шындық та жатқандай көрінеді.

Жалпы, соңғы жылдарда өзінің ісімен де, сөзімен де Ердоған өзіне қарсыластар қатарын көбейтіп алды. Ел тарихында айтарлықтай орны бар әскердің беделін түсіргендей әрекеттерге барғаны қарапайым халықтың біршамасынан қолдау таппады. Ал бүкіл түркі қауымы қадірлейтін Ататүрік туралы қатқылдау сөздерін тек кемалистер ғана емес, біраз жұрт құптамаған. Елдің зайырлық сипатына нұқсан келтіргендей қадамдар да біраз жұрттың қарсылығын тудырғаны бар. Ақпарат құралдары елдегі соңғы оқиғаларға байланысты да премьер-министрдің қадамдары жөніндегі сын-пікірлерді жиі келтіріп отыр.

Қалай дегенде де, түрік елінде болып жатқан оқиғалар көңілге кірбің түсіреді. Аяғы неге соқтырар екен дейсің. Ең бастысы – Ердоғанның елінде әлі бүлік басылмай жатқанда Африканы аралап, сапар шегіп кеткені тіпті де таңдандырады. Елі бүлініп жатқанда, басшысы қыдырып кететін бе еді. Сөйтсе де Ердоған сол сапарынан ертерек оралуға мәжбүр болды. Бірақ ол айтқандай, елде тыныштық орнаған жоқ. Қашан орнары да белгісіз.

 

АЛАТАУДЫҢ АРҒЫ ЖАҒЫНДА ТАҒЫ ДА АЙҚАЙ

ЫстыкАлатаудың арғы жағынан айқай естілгенде тағы да төңкеріс дабылы соғылғандай көрінеді. Күні кеше халықаралық жиын өтіп, мамыражай өмірдің лебі ескендей болып еді, енді елдің солтүстігі де, оңтүстігі де шуға толды да кетті. Ақылға сыя бермейтіндей әрекет.

Алдымен айқай елдің Ыстық­көл облысындағы Жетіөгіз ауданында шықты. Жергілікті халық атақты алтын өндіретін «Құмтөр» кенішіне баратын жолды жауып тастады. Халық дегенмен, оның басында белгілі топ тұрғаны да анық. Сол қарапайым адамдарды айдап салып отырғандардың мүддесі бел­гілі – айқай тудыру, билікке қар­сылық.

Әңгіме мынада. Канадалық Centerra Gold компаниясының Құм­төрде алтын өндіретін кәсіп­орны бар. Қырғызстанмен шарт жасасып, өндірген өніміне сай са­лық қана төлейді. Кәсіпорын ак­ция­сының 100 пайызы солардікі. Сөйтсе де сол төлеген салығының өзі қырғыз елі бюджетінің үлкен бөлігін құрайды. Енді сол кәсіп­орын тоқтап, салық түспей қалса, елге қиын. Содан да ел президенті Алмазбек Атамбаев осынау «акцияны ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар әрекетін қылмыс» санап, оған жол бермеу үшін қатаң шараларға барды. Бәрі бір қар­сы­лық жасаушылар райынан қайтпай, өздерінің шарттарын жариялады. Ол орындалмаса, Канада компаниясымен келісімді бұзуды талап етті.

Шартта он үш талап бар. Олар­дың бастылары: ауданда жол жөн­делсін, ауыз су әкелінсін, ауруханалар мен балабақшалар салынсын, әр отбасына жеңілдікпен 8-10 жыл­ға несие берілсін, кембағал диқан­дарға тегін жанармай үлестірілсін делінген. Бұл енді кәсіпорын басшыларына емес, ел басшылығына айтатын талап. Сөйтсе де Канада компаниясының басшылары оған жауап та берген. Сол жауабында: «Құмтөр» өз есебінен елдің барлық проблемасын шеше алмайды», де­лінген. Қарсылықты ұйымдасты­ру­шылар бұл талаптардың орындалмайтынын жақсы біледі, ал олар­дың басты мақсаты – жұртты жо­сықсыз әрекетке арандату болса, оған қолдары да жетті.

Қол жеткенде, қақтығыс болды, зардап шеккендер бар. Халықтың наразылығы туды. Ең бастысы – арандатушылардың жосықсыз әре­кеттері елдің солтүстігінен оңтүс­тік өңіріне де ойысты. Жалалабад облысында жергілікті оппозиция басшылары оп-оңай облыс әкім­ші­лігінің ғимаратын басып алып, оған өз «губернаторын» отырғызды. Рас, «халық губернаторы» атанған Медер Үсеновті билік күштері екі күннен кейін ұстап алып, Бішкекке алып кетіпті. Оған күшпен билікке жетуге әрекеттенді, әкімшілік үйін заңсыз басып алды деген айып тағылып отыр.

Жосықсыз әрекеттер мұнымен аяқталмауда. Қарсылық әрекеттерін ұйымдастырушылар Бішкек – Ош күре жолын жауып тастап, онда мыңдаған автомашина кептеліп қалды. Жергілікті орындар мен билік құрылымдары дәрменсіздік көрсетіп, келушілерге жалынуға мәжбүр. Бұл өзі қалыпты жағдайға айналғандай. Елде қаншама жұмыс тоқтап, шаруаның берекесі кетті.

Елде қалыптасқан жағдайға қарап, оған баға бергенде, барлық кінәні оппозицияға, халықты жосықсыз әрекетке арандатушыларға арта салудың да жөні жоқтай. Халықты өз соңынан ерте алмаған қазіргі билік өкілдері де бүгінгі берекесіздікке ортақ. Сол биліктегілердің өзі «Құмтөр» жөніндегі келісімді қайта қарау жөнінде сөз қозғап, арандатушыларға «ой тастап» жүрген. Енді соның «жемісін» көріп отыр. Өз шарттарын қайта қарайтын елге ешкім де инвестиция салуға пейіл емес. Ал онсыз Қырғызстанның жағдайы мүшкіл…

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».