19 Маусым, 2019

Алатау, сағындың ба Кененіңді?

1011 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, жыраулық, сал-серілік өнердің жаңғырығындай болған Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 135 жыл, дүниеден өткеніне 43 жыл болыпты. Көреген халқымыз зымыран заман деуі сондықтан болар. Ұрпағына телегей теңіз мол мұра қалдырған ақын­ның өмірі мен шығармашылығы жайлы ғылыми еңбектер жазылып, деректі фильмдер түсіріліп, өнер, әдебиет зерт­теуші ғалымдарымыз ұлағатты пі­кір­лерін айтып, ақындарымыз өлең-жырларын арнап жатқаны осының ай­ғағы болса керек.

Алатау, сағындың ба Кененіңді?
2019 жылдың 13 наурызында елор­дамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде К.Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрменің тұсауы кесілді. Бұл көрмеге ақынның мұражайынан арнайы алдырылған 60-тан астам экспонат қойылды. Көрменің ашылуына бірқатар қоғам қайраткері, депутаттар, өнер саласында жүрген жас­тар қатысты. Атақты ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ақынның өмірінен сыр шертіп, көпшілік біле бермейтін кейбір жайларға тоқталды. Көрмеге келген көпшілік К.Әзірбаев туралы түсірілген «Алатаудың ақиығы» атты деректі фильм­ді көріп, тамашалады.
Елордада басталған осы іс-шара екі бағдарлама бойынша жүзеге асырылатын болып шешілді. Алғашқысы «Сарыарқаға саяхат» деп аталды. Мұ­ның мәнісі мынада. Сонау 1958 жылы қазақтың біртуар азаматы, атақты жа­­зушы, академик Сәбит Мұқанов Кенен ақынды ертіп бүкіл қазақ сахарасын  аралатып, талай тарихи жерлерге алып барғанын біреу білсе, біреу білмейді. Балқаштың балықшыларымен, Қарағанды-Қарсақпайдың көмір­ші­лері­мен, Теміртаудың болат балқы­ту­шылары­мен кездестіріп, іргелі жиындар өткізген. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың туып-өскен жерлерін көрсетіп, қазақтың небір дүлдүлдерін өмірге әкелген Көкше жерін тамашалайды. Сапарының соңында Қызылжар өлкесін аралатып, өзінің туған жері Жаманшұбарға ат басын тірейді. Осы сапардан  көңілі өсіп, үлкен шабытпен оралған ақын өзінің «Сарыарқаға саяхат» дейтін көлемді толғау өлеңін дүниеге әкелді. 
Біз де Көкшетау, Қызылжар бағы­тын­дағы сапарымызды осылай атауды жөн көрдік. Ақынға арналған кеш Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында өтті. Кіріспе сөз жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевке берілді. Ол сал-серілік өнер­дің ұстаханасын ұстаған Кенен ақын жайлы біраз ой түйіндеп, оның әндерінің, өлең-жырларының қаншалықты мәнді-мағыналы екенін атап көрсетті. «Кенен атамыз  Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай секілді қазақтың сал-серілік өнерін дамытып қана қоймай, оған жаңа мазмұн, өзгеше рең, нақыш берген шын мәнінде сал-серілердің соңы» деп ойын түйіндеді. 
Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов болса, Кенен ақынның жыршылық, сал-серілік өнеріне ғылыми тұрғыдан жан-жақты сипаттама берді. К. Әзірбаевтың шығармашылығын тереңірек зерттеудің, қазіргі замана тұрғысынан танып білудің дәуірі енді басталды. Бүгінгі жас әде­биет­шілеріміз, өнер зерттеушілер Ке­нен сияқты халық ақындарының мол мұрасын бүгінгі күннің талабына сай, қазіргі жас ұрпақтың таным - талғамына орай зерттеу керектігін баса айтты. 
Қызылжардағы басқосуда белгі­ленген уақыттан кешікпей Сәбит Мұқа­нов атындағы кітапхананың алдына келіп тоқтадық. Қаладағы ең кө­не ғимарат болса да, жақсы күтімге алынғандығы байқалып тұр. Облыстың телерадио, баспасөз журналистерімен  біраз сұхбаттасқан соң бәрімізді ішке шақырды. Кітапхана қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Қазақстандағы облыстық кітапханалардың ішінде кітаптардың көптігінен, оқушылармен жұмыс істеудің озық әдістемесі жағынан ең үздік атанған екен.
Әсіресе бізді таңғалдырғаны сирек кездесетін кітаптар бөлімі. Мұнда Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» кітабының ең алғаш шыққан нұсқасы сақтаулы тұр. Қазан қаласында басылып шыққан Құранның ең көне түрі бар. Осы сияқты көненің көзіндей баға жетпес дүниелерді көріп, осының бәрін ыждағаттап жинап алған кітапхана қызметкерлеріне іштей риза боласыз.
Ал қазақ бөліміндегі қыздар Кенен Әзірбаевтың шығармашылығына  арнап, арнайы стенд-көрме ұйымдастырған екен. Тіпті ақынның өз мұражайында жоқ кітаптарын, С. Мұқановпен сонау 1950-жылдары түскен фотосуреттерді көргенімізде қатты таңғалдық. Осының бәрін Сәбит өз қолымен өткізген екен. Осыншама еңбек етіп, ақынның рухына құрмет көрсеткен кітапхана қыз­мет­керлеріне ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айттық.
Осы кездесуге арнап әзірленген үлкен залға кіргенімізде жиналған жұрт орындарынан тұрып қол шапалақтап қарсы алды. Дені жастар екен. Кенен ақынның атын естіп, бірер әндерін тыңдағаны болмаса, ол жөнінде көп нәрседен бейхабар екені аңғарылады. Баяндамашы осыны сезгендей Кенен Әзірбаевтың туып-өскен жерін, осы өңір­дің атақты жазушылары Ғабит Мүсі­реповпен, Сәбит Мұқановпен үл­кен сыйластықта болғанын, тіпті осы об­лысқа арнайы келіп, қонақ болғанына дейін тәптіштеп айтып берді. Бұдан соң жергілікті әншілердің орындауында шағын концерт болды. Оларға бізбен бірге барған әншілер қосылып, кездесудің сәнін келтіргендей үлкен әсер қалдырды. 
Әсіресе жастар жағы Меккеге үш рет барып, қажы атанған ұлағатты ана, бүгінде 87 жасқа келіп отырған, сол жердің тумасы Сапура қажы Әміре­қызының сөзін ерекше  ықылас қойып тыңдады. «Кенен ақынның әндерін сонау бала кезімізде еститінбіз. Әсіресе ақ ешкіге қосылып зарын айтқан «Базар-Назар» әнін естігенде кемпір-шалдардың көзіне жас алып, мұңайғанын көзбен көрдік. Мен де ақындықтан құр алақан емеспін. Өйткені әкем Әміре атақты әнші Біржан салдың ұстаздарының бірі болған Орынбай ақынға туыстас болып келеді. Біздің облыс орталықтан жырақтау, шеттеу орналасқан. Мұнда көрші Ресей­дің ықпалы басым. Сондықтан жаста­рымызға осындай кездесулер ауадай қажет», деді Сапура апай.
Міне өстіп, бір кезде қасына Кененін ертіп Қызылжар өлкесін аралатқан Сәбит­тің туған топырағымен қоштасып, жолымызды әрі қарай жалғастырдық. Сөздің реті келгенде айта кетейін, осы кездесуге С. Мұқановтың  туған ауы­лы Жаманшұбардан, жазушының мұра­жайының қызметкері келіп қатысты. Арнайы алып барған сый-сияпатымызды беріп, келесі жылғы Сәбеңнің мерейтойына баруға уәде беріп тарастық. Қа­зақтың біртуар ұлы Сәбитке деген Кенен ақынның пейілі, сыйластығы ерекше еді. Оның Сәбитке арнап әр жылдары шығарған үш өлеңі бар. Сонда Сәбитке деген ыстық ықыласын былай білдіреді:
«Ұлы едің құшағы кең сар даланың,
Қорғаған туған елдің ар-ожданын.
Қазақтың бірі сенсің, тарих куә,
Көтерген әдебиеттің шаңырағын.
Сәбитпен достығымды кім білмейді,
Кейбіреу ашық жүрмей күбірлейді.
Алты жыл ауырғанда атсалысқан,
Жүректің ыстық қаны үзілмейді». Бұған қосып-аларымыз жоқ. Бір ғана ақиқат бар. Ол үлкен жүректі азамат­тардың достығы да, сыйластығы да, бір-біріне деген көңіл қимастығы да ерекше болатыны. Бұл жастар үшін ұлағатты тағылым, үлгі-өнеге.
Астанаға келіп бірер күн үзіліс жа­са­ған соң Павлодар қаласына  жол тарттық. Қазақтың талантты ұлы, ән өнерінде өзіндік ерекшелігімен танылған Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығына халық көп жиналыпты. Баяндама жасалып, артынан әншілері Кененнің, Естайдың көптеген әндерін шырқады. Кенен Әзірбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмде Кенен ақын жайлы ой түйіндеген Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, қырғыздың ұлы жазушысы Ш. Айтматов, қазақтың бұлбұл қызы Б.Төлегенова және басқа да ғалымдар мен қоғам қай­рат­керлерінің сөзін тың­даған жұрт үл­кен әсерде қалғаны байқалып тұрды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар қалалық филиалының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисі, белгілі қаламгер Социал Әйтенов Кенен ата жай­лы өзі­нің естелік әңгімесін айтып, ақынның үйінде болғанын, қасында отырып ди­дарласқанын, ақ батасын алғанын сөз етті. 
Сөйтіп солтүстік өңірдегі 6 қалада (Қарағандыны қосқанда) осындай іргелі кездесулер өткізіп,  «Сарыарқаға саяхат» бағдарламасын аяқтадық. Бұл сапардан біздер де, кездесуге келген жастар да үлкен ұлағат алдық десем артық айтқандық болмас. Бұлар  шын мәнінде іргелі, мағыналы, өскелең ұрпаққа  зор әсер ететіндей кездесулер болғаны рас. Ендігі діттегеніміз ақынның туып-өскен, аралап дәмін татқан, ән шырқатқан ел-жұрты Жетісу өңірі. Бағдарламаның атауы да соған орай «Туған өлкем – Же­тісу» деп аталды. Бұл сапар Талды­қорған қаласынан бастау алды. Қабан, Сүйінбай, Бақтыбай, Жамбыл сынды жыр сүлейлерінің, ат шалдырып, жыр төккен ақын-әншілерінің алтын бесігі болған  жер жәннаты Жетісу. Төкпе жырдың тәңірі Сүйінбайды үлгі еткен, жыр алыбы Жамбылды пір тұтқан, батасын алған, соларша сөйлеп, соларша жыр төккен Кенен ақынның туған өлкесі.  Кездесудің өзгеше мағына алға­ны да осыдан байқалады.  
Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайына жиналған жұрттың ән-жырға деген ықыласы, әрине ерекше. Дені жастар. Бұл кездесуге ақының әнші қызы, бүгінде 84 жасқа келіп отырған Төрткен  қатысты. Әсіресе сондағы ардагерлер ұжымының төрағасы, көп жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болған, белгілі қоғам қайраткері Ермек Келемсейіт бастап келген бірқатар ел ақсақалдарының келуі  өзгеше әсер еткені рас. Кезінде бүкіл қазақ еліне Тайлақ деген атпен әйгілі болған, атақты киноактеріміз Әлімғазы Райымбеков ағамызды көргенде таңданбасқа шара қалмады. 
Кенен атаның рухына бағышталған шағын концерт болды. Оны ұйымдас­тырып жүрген Сүйінбай Аронұлы атын­­дағы облыстық филармонияның белгі­лі әншісі Бейбіт Мұсаев. Осы кеште К.Әзірбаевтың ең таңдаулы 20 әнін орын­дап, таспаға жаздырып әкелген екен. 
Алматы өңіріндегі келесі кездесу за­манауи стильде салынған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының зәулім залында өтті. Осы үлкен ордада Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығына орай жазылған «Ұлы дала жыршысы» атты кітабымыздың тұсауы кесілді. Кітапты өз қаражатына шығарып, ақынның мерейтойына тарту етіп жүрген, белгілі жазушы, «Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясының президенті Кененбай Ырым Суанбайұлы. Өзімен ала келген кітаптың алғашқы даналарын сол жерде  таратып берді.
Ертесі күні қазақ өнерінің қара ша­ңы­рағы, алтын ордасы атанған Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Кенен Әзірбаев шы­ғармашылығының бүгінгі насихаты» деген тақырыпта дөңгелек стол өткізілді. Оны консерватория ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев ашты. Ол Кенен ата­мыздың қазақ ән өнерінде алатын ор­ны, қазақ мәдениетінің алтын қорына қосылған Кенен әндерінің өміршеңдігі, өскелең ұрпаққа тигізер тәрбиелік мәні жайлы сөз етті.
Дөңгелек үстелге Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, профессорлар Б.Қос­бармақов, К.Сахарбаева, Халық музыкасы факультетінің деканы Н.Әшіров, Халық әні кафедрасының доценті Е.Шүкіман, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның мәдениет қайрат­кері Д.Өмірәлиев, тағы басқа да музыка мамандары қатысып, өз ойларымен бөлісті. 
Сол күні кешке консерваторияның зәулім залында К.Әзірбаевтың шығар­машылығына арналған «Әнім қалсын» деген тақырыпта үлкен гала-концертті көріп тамашаладық. Ақынға деген жас­тардың қошемет-құрметін көріп отырып, қазақтың айтулы ақыны Бопина Байсуатқызының:
«Алатаудай айбатты,
Халық ақыны ардақты.
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Кенекем-ау, жан-жақты», дейтін өлең шумағы еске түседі. 

Бағдарлама бойынша іссапары­мыздың соңы Тараз қаласында аяқталуға тиіс. 2019 жылғы 26 сәуірде халық ақыны К.Әзірбаев атындағы «Шырқа даусым» ІХ республикалық дәстүрлі ән конкурсының шымылдығы ашылды. Екі жылда бір рет өтетін айтулы конкурстың ұйымдастырылуында мін болған жоқ. Жуырда ғана К.Әзірбаевтың аты берілген облыстық филармонияның концерт залында өтті. Кіреберісте ақын­ның 135 жылдық мерейтойына ар­нап ауқымды көрме жасалыпты. Онда әншінің ұстаған домбырасынан бас­тап, кітаптары, фотосуреттері, ән дис­кілері басқа да бұйымдары қойылған.  Кіріспе сөзге шыққан Жамбыл облы­сы әкімдігінің мәдениет, архивтер жә­не құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, ақынның өмірі мен шығармашылығына, бүгінгі конкурстың ерекшелігіне тоқтала келіп: «Сан өнерді бойына сіңірген Кенен атамыз әнші, ақын, жырау, күйші ре­тінде ұлт фольклорының жанды шежі­ресі болды... Әулиеата өңірінің ғана емес иісі қазақтың әншілік-күйшілік, ақындық-жыршылық, сал-серілік дәс­түрін ұлықтаған ән кемеңгерінің өнер кеңестігінде алар орны бөлек, өнері дүр» деп сөзін тұжырымдады. 


Бақытжан Кененұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі